» » Көне сөздің көмбесіндей

Көне сөздің көмбесіндей


СЫР ЕЛІ – ЖЫРАУ, ЖЫРШЫЛАРДАН КЕНДЕ ЕМЕС. КӨНЕ СӨЗДІ ІЗДЕГЕН, ЖЫРДЫ ЖАНЫМЕН ТҮСІНІП, ЖАДЫНДА ЖАТТАҒАН ЖАНДАРДЫҢ ОРТАСЫНДА ЖҮРУ ДЕ ЕКІНІҢ БІРІНЕ БҰЙЫРА БЕРМЕЙТІН БАҚ. КИЕЛІ ӨНЕРДІ ҚАСТЕРЛЕП, ОНЫ АТАДАН БАЛАҒА МИРАС ЕТІП КЕЛЕ ЖАТҚАН РУХАНИЯТ ЖАНАШЫРЛАРЫНА ДЕГЕН ҚҰРМЕТ ТЕКТІ ЕЛІ БАРДА ТӨМЕНДЕМЕСІ АНЫҚ. ҚЫРЫҚТАН АСА МАҚАМ САЗ БІЛЕТІН ҚАСАРБЕК ЖЫРАУ ЖАЙЛЫ БІР МАҚАЛА ЖАЗАЙЫҚ ДЕП АҒАМЫЗҒА ХАБАРЛАСҚАНЫМЫЗ СОЛ ЕДІ, АЛТЫН КӨМБЕ АШЫЛЫП, РУХАНИ ӘҢГІМЕЛЕРГЕ КӨМІЛІП ҚАЛА БЕРДІК. ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕР – ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫН ЖАЛҒАСТЫРАТЫН АЛТЫН АРҚАУ. ЕЛДІ ЫНТЫМАҚҚА ҰЙЫСТЫРАДЫ. ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІК, ЕҢБЕК ПЕН БІРЛІК СЫР СҮЛЕЙЛЕРІ МҰРАСЫНДА КӨРКЕМ ТІЛМЕН ӘДЕМІ ӘСПЕТТЕЛЕДІ.
Өңірге белгілі жырау Қасарбек Кәрібаев 1962 жылы Тұрмағамбет ауы­лында дүниеге келген. Әкесі Қосжан күйші, әңгімешіл, домбырашы жан болса, анасы Дәметкен әнші кісі екен. 14 баладан қазір 4 ағайынды қалыпты. Жасынан құймақұлақ болып ер жеткен бозбала үлкендерге Тұрмағамбет аударған «Рүстем дастанды» оқып беретін көрінеді. Күні-түні Көшенейдің таспаларын тыңдайды. Солай 1975 жылы домбыра ұстап, алғаш сахнаға шығады. Белгілі бір мамандық меңгеріп, жоғары оқу орнын оқымаса да дәстүрлі өнерден қол үзбей, 40-тан аса мақам меңгереді. Қаншама жыр додасынан жүлделі оралады. Құнды әңгімеге қанық ағамыз «Рүстем дастан», «Көрғұлыны» толық жатқа біледі деуге де болады. Ұлы Айдос сахнаға шықпаса да үйде отырып терме айтады екен. Әкесіне ұнайтыны оның қайырманы нақышына келтіріп қайтаратыны. Туған апасы Зәуре мен қарындасы Бибігүл Кәрібаева да облысқа, республикаға белгілі жырау­лар. Қасарбек аға «немерелерімнен жырау шығады деп үміттенемін» дейді.
Әлгінде алтын көмбе ашылды, құлақтың құрышын қандырар мәнді әңгімелер шашылды дедік қой. Енді соның бірнешеуін өздеріңізге жеткізіп көрелік.
– Бірде Түлкібаста тұратын жездеме бардым. Қуанышына ортақ боп, түнімен әңгіме-дүкен құрдық, жыр жырладық. Ертесіне сол тойда бірге болған біз қатарлы жігіт мені оңашалап, әңгімелесуге шақырды. Аяғын сылтып басады екен. Арыстың жағасында отырып сырын ақтарғысы келді. Қармақшылық екен. Әкесінің атын айтты, таныдым, өзін танымадым. «Бағанадан сіздің жырларыңызды ұйып тыңдап отырмын. Басымнан өткен оқиғаны баянда­йын. Сіз соны жазып, жырласаңыз. Менің жасағанымды ешкім қайталамасын. Басқаларға сабақ болсын» деп әңгімесін әріден бастады. Өзінің, әке-шешесінің атын айтпауымды өтінді.
– Аға, әскерден келіп, үйлендім. Одан жұмысқа тұрдым. Таң атып, күн батып, өмірім өтіп жатты. Бір ауылға учаскелік полицей болып жұмысқа орналастым. Жұмысқа тұрғаным сол еді, өзім де, өмірім де өзгеріп сала берді. Шопырлармен бірге ащы суын ішіп отырып жүргізуші куәлігін тартып аламын. Ертесіне куәліктерін өздеріне бір сиырға сатамын. Амал жоқ, сұрағанымды байлап кете береді. Солай аз уақытта қорам төрт-түлікке толды. Дегенімнің бәрі орындалады, ішкенім алдымда, ішпегенім... Бірде үлкен жолдың бойында бір машине картоп тиеген егде жастағы ерлі-зайыпты келе жатыр екен. Қастарында 4-5 мұрындары аққан немерелері бар. Түрлері шаршаңқы. Бейнет көрген жандар екені білініп тұр. Содан көлікті тоқтаттым. Ананы, мынаны сылтауратып қамаймынға бастым. Екеуі жалынып әлек. «Ала жаздайғы еңбегіміз еді, ұрлап әкеле жатқанымыз жоқ, осы картоптан 3-4 қабын ал да, жөнімізге жіберші» деп қиылып тұрып алды. Бір мәшине картопты көріп тұрған мен 3-4 қапты місе тұтамын ба? «Оншақты қабын аламын» дедім. Оған көнбесе қамаймын деймін. Содан жеңіл көлігімнің аузы-мұрнынан шыққанша картоптан алып, «бара беріңіз» дедім. Әлгі ақсақал кетіп бара жатып қатулы үнмен «Қарағым, көгерме, көктей сол» деді. Оның қарғыс екенін білсем де мән бермедім. Картоптан мол алғаныма қуанып, әке-шешеме апаруға асықтым. Олар картопты көріп, «балам-ау мынау не қылған батпан құйрық, қайдан алдың» деді. «Әрі-бері өтіп жүріп, бір ауылға еккенім еді, жинап әкелдім» деп айта салдым. Үнемі жолда жүремін. Бірде жанымда келе жатқан көлікпен жарысып, жылдамдықты асырайын десем көлігім тартпай қойды. Барынша жоғарысына салғанымды, алдымдағы көлікке соққанымды білемін, қалғаны есімде жоқ. Ауруханада ояндым. Мен соққан көлікте бір адам қаза тапқан екен. Әкем өзім жиған-терген бар малды әлгі қайтқан адамнан кешірім алуға жұмсапты. Баламыз сотталып кетпесін деп барын соларға беріпті. Жазылып шыққаннан соң жұмысқа қайта қабылдамады. Келіншегім енді менімен тұра алмайтынын айтып, балаларды алды да кетіп қалды. Немерелерінің жоқтығына налыған әке-шешем араға көп уақыт салмай бірінен соң бірі өмірден өтті. Өзім жұмыс істеген ауылда тұрған үйімдегі заттарымды алуға барғанымда ауылдың екі жігіті ұстап алып, өлгенше сабап, тағы 1 ай ауруханада жаттым. Солай әке-шешемнің артынан дұға оқып, жетілігі, қырқы түгілі, асын беруге де шамам жетпеді. Елде тұру маған мүмкін болмады. Жігіттер халыққа жасаған опасыздығым үшін өлтіріп кетеміз деп қорқытты. Содан өз үйімде өзім емін-еркін жата алмай, әке-шешемнен қалған үйдің құжаттарын көршіге тапсырып, бас сауғалап кетіп қалдым. Кейін көршім үйді сатып, ақшасын салып жіберді. Қазір осы оңтүстікте тұрамын. Бір мекемеде қарауылмын. Әрі жұмысым, әрі жатақханам осы. Отбасын құрмадым. Өмірім осылай өкінумен өтіп жатыр. Халықтан «алтын алма, алғыс ал» деген рас екен, – деп әңгімесін аяқтады. Мен де көп ұзамай мұны қағазға түсірдім. Өмірде жақсылы-жаманды түрлі тағдырлар бар. Біз соның дұрысынан үлгі алуымыз керек, – дейді жырау Қасарбек Қосжанұлы бір күрсініп.
– Көне сөзді көп іздедік. Қай ауылда шежіре білетін қандай ақсақал бар деп сұрап жүретінбіз. Содан естігендерімнің бәрін жадыма түйіп, тоқып аламын. Қалдан батыр сен туған ауыл Ақтөбеге барыпты, – деді менің шыққан жерімді айтпасам да біліп тұрған жырау. Содан түнейтін болып, түйесін қораға қамайды. Әлгі түйе босап кетіп Сексенбай деген ақсақалдың егініне түсіпті. Егіннің тас талқанын шығарған түйені көрген Сексенбай әкеміз ашуланып, байлап қояды. Содан ауыл адамдары Қалдан батырдың түйесін іздейді. Оны Сексенбайдың байлап қойғанын естіп, босатуын сұрайды. «Қалдан батырдың түйесі, ұят болады, босатыңыз» дегендерге, «Бір түйеге әлі келмеген ол қандай батыр, босата алмаймын» деп дегенінен қайтпайды. Содан болмаған соң Қалдан батыр Сексенбай ақсақалға өзі келеді. Бұрын-соңды алдына ешкім қарсы келмеген батыр ашуланып, ыңғайға көнбеген Сексенбай әкені қамшысымен бір тартып жіберіпті. Оған ызасы келген ақсақал:
– Оу, батыр мұныңыз не?, – дейді. Сонда батыр:
– Менің қамшым тиген адамнан текті ұл туатын еді. Сенен ел сүйсінетін ер тарайды, – деген екен. Көп ұзамай Сексенбай ұлды болып, оған елдің назары ауды деп Ерназар деген ат қойған. Айтса айтқандай Ерназар ел басқарған текті азамат болды.
«Жалғас деген кісіден естіген әңгімем еді» деп бастады тағы да құлағымызды елең еткізіп Қасарбек аға:
– 1936 жылы Айдарбай пунктін салып жатқанда Мұзарап ақынның айтқан сөзі дейді. Мұзарап пен Рүстембек жырау екеуі Қызылорда қаласына 1 айлық мұғалімдік курсқа барады. Бірде жол қаражаты таусылып, ауылдан кісілер келсе алып қалайық деп базарға барады. Базарда еш танысты кезіктірмей қайтып бара жатқанда бір кісінің алыстағы азаматқа «Бүгін сағат 17.00-де Тоқсанбай деген кісі той жасайды, жыр жырлатады. Мен соған шақырушымын» деп айқайлап жатқанын құлақтары шалып қалады.
«Жырау жырлатады» деген соң елең етіп, солардың соңдарынан ереді. Екеуі де үйлеріне кіріп кетеді. Бұлар сыртта күтіп отырады. Басталар уақытта үйінен шыққан азаматтарға ілесіп, тойға барады. Екеуіне бір табақ тамақ тиіп, іштеріне ел қондырады. Сәлден соң той иесі бір жырауды әкеліп «Мына кісі бүгін сіздерге қызмет көрсетеді. Тұрмағамбеттің «Рауа бану» дастанын орындап береді» дейді. Содан әлгі жыршы тақиясын шешіп, шапанын керегеге іліп «Рауа бануды» бас­тайды. Есік жақта отырған Рүстембек арқасы қозып, «Ой пәлі», «ой бәрекелді» деп құйрығымен жорғалап жоғары қарай шыға береді. Отырған халық мұны ерсі көріп, «Әй бала, тыныш отыр, жырауға кедергі келтірме» деп ескерту жасайды. «Иә, иә, мақұл» дейді де, қайтадан жоғары кете береді. Әлгі жырау біршама жырлаған соң сыртқа демалуға шығады. Есіктен шыққан бойда Рүстембек домбыраны қолға алып «Рауа банудың» келген жерінен жалғастыра жөнеледі. «Ой бәрекелді», «мынау кім, бұл қай бала, кім екен» дегенге жауап қатып жатқан Рүстембек жоқ, құйқылжытып неше бір мақамға салып, «Рауа бануды» аяқтап, «Көрғұлыға» шығып, тоқтамай жырлай береді. Салы орамал жайылып, әні-міне дегенше ол ақшаға толады. Түнгі 00-дің кезінде Мұзарап сыртқа шықса, далада ине шаншар жер жоқ, халық иіріліп отыр екен. Далаға шығып келіп, «Әй, Рүстембек ақың болмаса қолыңдағы домбыраңды маған бер» деген екен, халық «тиіспе, жырлай берсін» деп тоқтатуға ыңғай танытпайды. Рүстембек түсіне қойып, домбыраны Мұзекеңе ұстата қояды. Мұзарап әлгі «Көрғұлы» дастанының келген жерінен әрі жарай жалғастыра жөнелгенде отырғандар «Астафуралла, мыналар жын ба, пері ме бірінен-бірі өткен» деп таңданысады. «Көрғұлыны» аяқтайды. Екінші орамал ақшаға лық толады. Таң атады. Адамдардың кететін түрі жоқ. Содан халық бұлардан «Кімсіңдер?» деп сұрайды. Аттарын айтса танымайды. Әкелерін танып, «тұлпардың тұқымдары екенсіңдер ғой. Екеуіңді де жібермейміз, бүгін «Көрғұлыны» қайта жырлайсыңдар» деп қолқа салады. Содан екеуіне арнап арнайы мал сойылады. Үстін-үстін шай беріледі. Баптарына келіп отырғанда сағат 17.00-ге деп шақырылған жұрт үндінің киносына билет болмай қалатындай ерте сағат 14.00-дерде бас салады. Мұзарап Рүстембекке «Көрғұлыны» мен бастайын, сен жалға дейді. Солай қисса, дастандарға түсіп жолпұлға ақша таппай жүрген екі жігіт 4 бума ақша алып, той иесінен тағы бір-бір кастюм-шалбардан, әлгі домбыраны алып, ауылға олжалы қайтқан екен. Міне, жырды халықтың қалай ұйып тыңдайтынын, жырауға деген құрметін қарасаңызшы. Шүкір, бізде жыр қоры жетеді, бірақ интернет дамыған заманда жыр тыңдайтын құлақтың болмауы көңілге кірбің түсіреді, – дейді белгілі жырау.
Біз сөз еткен сүлейлер – үлкен шығармашылық иелері. Олардың әрбірі өзінше тарих. Олардың жазған жырларын оқи отырып көз алдыңа көне дүние күмбірі көрініс табады. Жаныңа рух сыйлап, жадыңа жаңаша ой туғызады. Демек жыраулық дәстүр ұрпақ тәрбиелеу жолында айтарлықтай маңызды рөл атқарады. Иә, Қасарбек жырау секілді қайталанбас таланттар өздері көрген құндылықты ұрпағына дарытып, дамытып келеді. Мұнан кейін ұлттық өнердің жанашырлары барда ол қалай мәңгілік емес деп айта аламыз.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
25 қаңтар 2022 ж. 329 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031