» » Қарулану қауіпсіздік кепілі ме?

Қарулану қауіпсіздік кепілі ме?

Шетелдік киноларда әр үйде бір-бір қарудан барын көреміз. Тіпті оны сейфтен алып, сырттан келген жаудан қорғана кететіні бар. Бізде ше? Мамыражай ауылдағылар есігін күні-түні ашық қалдырады. Террористердің араға кіргенін естігенде жан-жағын қымтай бастады. Осы кезге дейін қоғамда «Қару ұстауға рұқсат беру керек пе?» деген сауал өзекті болды. Кешегі сол «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін Ішкі істер министрлігі де қару ұстауға қатысты талабын қойды.
Қолда бар қаруын өткізбегендер жазаланатынын да қоса айтты олар. Бұл мәселеге қатысты елдің пікірі бұрыннан-ақ екіге жарылған еді. Бірі кез келген адамға оңды-солды қару берсек, қылмыс көбейетінін айтса, екіншісі өзін-өзі қорғау үшін халықта қару болуы керек дейді. Әрине, осы екіжақты ойдың ешбірін де негізсіз дей алмаймыз.
Халықтан қару сатып алу, яки ел арасынан қару жинау 2008 жылдан бастап іске асқан. «Aiqyn.kz» сайты жариялаған дерек бойынша, былтырғы мәліметпен 53 мыңнан астам дана қару-жарақ жиналып, республикалық бюджеттің 1,7 млрд теңгесіне 2 миллионнан астам патрон алыныпты. Былтыр көктемде Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға заңсыз сақталған қаруды тапсырып, ол үшін ақша алуға тағы бір мүмкіндік берген. Ол үшін республикалық бюджеттен 95 миллион теңге бөлінді. Ведомство тым ескі, тозған қаруға 30 мың теңге, жақсы сақталған қару үшін ең жоғары баға – 300 мың теңге төледі. Бірақ тіркелген қаруға ақы бермеді.
Ал осы жолғы елдегі жаппай бүліктен кейін Ішкі істер министрлігі тұрғындар заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәріні, жарылғыш заттарды өз еркімен тапсыруы тиіс екенін айтып, талап қойды. Азаматтар соның есесіне қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады екен. Үндеуінде министрлік бұл амал арқылы жазатайым оқиғалардың алдын алатынын ескертіпті. Егер қаруды заңсыз сақтағандар анықталса, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Елде заңсыз сақталған қару арқылы соңы адам өлімімен аяқ­талған қылмыстар жетерлік. Ал атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстардың барлығы ішкі істер органдарында тіркеуге алынбаған екен, өйткені көбі заңсыз айналымдағы қару-жарақтардың ке­сірінен болады.
2019 жылы елде 200 мыңнан астам аңшы бар екені анықталған. Олардың әрбірі бір ғана емес, кемі 2 мылтық ұстайды екен. Ал қаруды заңды түрде ұстайтындарға қатысты әңгіме басқа. Заң бойынша, ішкі істер органдарынан нақты қару түрін иемденуге рұқсатты 18-ге толған кез келген азамат ала алады. Рұқсат мерзімі – бес жыл. Ал атыс немесе аңшылық қаруды аңшы куәлігі барлар ғана ұстай алады. Талапқа сай әр азаматтың иелігіндегі аңшылық қарудың, газды тапанша, тіпті электрлі қарудың саны да екеуден аспауы керек.
Әлем елдерінің тәжірибесін ес­керусіз қалдыруға болмас. Дүние­жүзінде қару ұстауға рұқсат берген елдердің қатары көп емес. Бәрінде де белгілі бір тыйымдар бар. АҚШ, Бразилия, Швейцария мен Эстония – қару ұстауға рұқсат берген елдер. Аталған елдер бұл мәселеге қауіпсіздік жағынан қараған сыңайлы. Бірақ өзіндік себептері бар. Мәселен, Бразилияда қылмыскерлер шамадан тыс көбейіп, қоғамға қауіп төндіре бастаған соң 2005 жылы халыққа қару ұстауға рұқсат берді. Ал АҚШ азаматтар қаруды ретсіз қолданбайтынына сенген. Себебі қаруы бар адам өзгеде де барын біледі, қылмысқа бармайды, қоғам қауіпсіз жүреді деп есептеген. Осы арқылы қарудың заңсыз айналымы шектелетініне сенген. Әйтпесе, халық қаруды заңсыз ұстаудың жолына көшеді-мыс.
Айтып, айтпай не керек? Осы мақаладан соң да оқырманда екіұшты ой қалыптасатыны анық. Бірі қару – қауіпсіздік кепілі десе, ендігісі қорқынышты үдетеді демек. Десе де бұл мәселе алдағы уақыттың өзектісі болып, талқылана беретіні сөзсіз.

Айнұр ӘЛИ
25 қаңтар 2022 ж. 279 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 180

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 144

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 300

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930