» » Депутат мандаты – халық аманаты

Депутат мандаты – халық аманаты

ӘРБІР ШАҚЫРЫЛҒАН МӘСЛИХАТ САЙЛАУЛАРЫНЫҢ ӨЗІНДІК КӨТЕРЕР ЖҮГІ БОЛАДЫ. ӨТКЕННЕН ТӘЖІРИБЕ АЛА ОТЫРЫП, КЕЛЕШЕККЕ НАҚТЫ ЖОСПАРЛАР ЖАСАЛАДЫ. ЕЛДІҢ ӘЛЕУЕТІ, ЭКОНОМИКАСЫ МЕН МӘДЕНИЕТІНІҢ ДАМУЫ АЛҒЫ КЕЗЕККЕ ҚОЙЫЛЫП, БАҒЫТ-БАҒДАРЫ АЙҚЫНДАЛАДЫ. ӨТКЕН ЖЕТІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМДАҒЫ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ САЙЛАУЫНА ДА БІР ЖЫЛ ТОЛЫП ОТЫР. ОСЫ РЕТТЕ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ХАТШЫСЫ ӘДІЛ ҚОШАЛАҚОВПЕН ӘҢГІМЕЛЕСІП, БІРҚАТАР СҰРАҚТАРЫМЫЗДЫ ҚОЙҒАН БОЛАТЫНБЫЗ.

– Әділ Үсенұлы, былтыр 10 қаң­тарда елімізде үлкен саяси науқан өтіп, онда Қазақстан Республикасы Парламент және облыстық, аудандық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайланған болатын. Оған да, міне, бір жыл уақыт болыпты. Бұл сайлаудың басқа сайлаудан ерекше болғанын білеміз. Әңгімеңізді осыдан бастасаңыз?
– Бұған дейінгі алты мәрте шақырылған сайлауларда әрбір сайлау округінен бір мандатқа бір азамат депутаттыққа сайланатын. Ал жетінші шақырылымның ерекшелігі – "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, еліміздегі саяси жүйені реформалауға байланыс­ты өзгерістер енгізіліп, партиялық тізіммен сайлау болды. Соған бірінші рет облыстық, аудандық мәслихат депутаттары партиялық тізіммен сайланды. Біздің аудандық мәслихатқа 13 депутат сайланса, олардың 11-і "Nur Otan", 2-еуі "Ауыл" партиясынан сайланғандар. Қазір партиялық фракциялар құрылып, белсенді жұмыс істеуде.
– Сонда фракциялар қандай жұ­мыс атқарады?
– Әрбір партияның сайлауалды бағдарламасы жасалған. Өз басым 5 партияның да сайлауалды бағдарламасымен танысып шықтым. Солардың қайсысы да елге, жерге болсын деген ұстанымдар. Фракцияның жұмысына келсем, әрбір партияның сайлауалды бағдарламасында сайлау­шыларына берген уәдесінің орындалуы, соған бағытталған жұмыстарды үнемі назарда ұстау болып табылады. Мәслихаттың сессиялары мен тұрақты комиссияларында осы мәселелерге назар аударылып, бағдарламаның шынайы орындалуына көңіл бөлініп отырылады.
– Сөз арасында аудандық мәс­лихатқа 13 депутаттың сайланға­нын тілге тиек етіп қалдыңыз?
– Не айтпағыңызды түсіндім. Сай­ланған 13 депутаттың 3-еуі алдыңғы шақырылымнан келе жатқан депутат болса, қалған 10-ы жаңадан сайланғандар. Яғни, депутаттық корпус 75 процентке жаңарды деуге негіз бар. 3 депутат – әйел болса, 3 депутат – жастар құрамынан. Халық қалаулылары түрлі сала мамандары: дәрігер, мұғалім, экономист, сондай-ақ кәсіпкерлер де бар. Кейде ел түсінбей жатады. Депутаттар (аудандық деңгейдегі) айлық болмаса қандай да бір артықшылықтарға ие деп. Мүлде олай емес. Сол депутаттардың ішінде тек мәслихаттың хатшысы, яғни мен ғана бюджеттен жалақы аламын. Қалғандарының барлығы өз саласындағы негізгі жұмысынан болмаса кәсібінен несібесін айы­рып жүрген азаматтар. Оларға депутаттығы үшін еңбекақы төленбейді және заңмен ешбір артықшылық қарастырылмаған. Мәслихатта 3 комиссия бар. Атап айтқанда, экономика, қаржы, бюджет, жергілікті басқару және дағдарысқа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияға депутат Еркін Рзалиев, аймақтық даму, өндіріс және ауылшаруашылығы салалары, сау­да, бизнес, кәсіпкерлікті дамыту, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурсты тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияға депутат Жомарт Жалғасбаев және әлеуметтік жастар саясаты, құқық қорғау, спорт, туризм және мәдениет жөніндегі тұрақты комиссияға депутат Болат Жұмабаев төрағалық етеді. Аталған комиссиялар тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. Сессияның алдында комиссиялардың бірлескен отырысы өтеді. Онда қаралатын мәселелер жан-жақты талқыланады.
– Жетінші шақырылымдағы ау­дандық мәслихатқа сайланған депутаттардың жұмыс бастағанына бір жыл болыпты. Осы уақыт аралығында халық қалаулылары қандай шаруалар атқарды, нендей іс тындырды?
– Жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың осы кезге дейін 14 сессиясы өтті. 148 шешім қабылданып, мәслихат хатшысының 107 өкімі шықты. Мәслихаттың негізгі жұмысы ол, тұрақты комиссияның отырыстары мен сессиялар. Біздің басты өніміміз – сессияның шешімін қабылдау. Аудан әкімдігінің тиісті органдарының дайындаған құжаттарын біз мақұлдап, бекітіп береміз. Әрине ол егер де, тыңғылықты зерделеніп, халық қалаулыларының қолдауын тапқан жағдайда. Депутаттардың қолындағы мандаты – бұл халықтың сенімі мен оған жүктелген аманаты. Қосылатын ұсыныс-пікірлер, өзгерістер болатын болса, ол да сессияда айтылып, сараптаудан өтеді.
– Депутаттардың араласуымен қандай мәселелер шешімін тапты?
– Ауданның үлкен құжаты – бұл бюджет. 2020 жылдың аяғында бекітілген 2021 жылдың бюджетіне біз жыл көлемінде 4 рет өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Сол енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жалпы алғанда, аудандық мәслихат депутаттарының ұсынысымен жасалған нәрселер. Сондай-ақ мәслихат тарапынан әлеуметтік қолдау жасалатын санаттағы азаматтардың тізбесіне және оларға бөлінетін қаржы мөлшеріне өзгерістер енгізуге ұсыныстар берілді. Тәжік-ауған шекарасында ұрысқа қатысқан қармақшылық ардагерлер тізбеге кіргізіліп, оларға төленетін әлеуметтік көмектің мөлшері бекітілді. Міне, осы мәселе шешімін тапты. Келесі айта кететін жайт, ауданда мал шаруашылығын дамытуға қатысты. Елді мекен жанындағы мал жайылымдық жерлерді құжаттандыру мәселесі де қалпына келтіріліп, шешімін тапты. Аудандық жер бөлімі инвентаризациядан өткізіп, бізге хабарламасы берілді. Мал азығын дайындау жөнінде шаруашылық құрылымдарымен келіссөздер жүргізіліп, қазіргі таңда ол да шешімін тауып келеді. Одан бөлек, аудан көлеміндегі балалар лагерінің құрылысы да біздің назарымызда.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Өткен жылдың қаржысы мақсатты жұмсалды ма, толық игерілгені және одан қандай нәтижеге қол жеткізілгені алдымыздағы сессияда барлық бюджет әкімшілерінен сұралатын болады. Сонымен бірге сессияда ауданның әлеуметтік жағдайы қаралады. Мемлекет тарапынан бөлінетін әлеуметтік көмектер толық, сапалы беріліп жатыр ма? Жұмыспен қамтудан бастап, түрлі жәрдемақы, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, жалғызбасты қарттарымызбен атқарылып жатқан жұмыстар деңгейі, пробация, тағы басқа да мәселелер күн тәртібіне қойылады. Бұған байланысты бүгінде жұмысшы топтар құрылып қойған.
– Қаңтар айының басындағы елдегі орын алған ахуалды өзіңіз жақсы білесіз. Осындай сындарлы шақта депутаттарымыз елді бірлікке шақырған болар?
– Иә, жылдың басы ауыр және жайсыз басталды. Біразға дейін ұмытылмайтындай жағдайды бас­тан өткіздік. Әрине халықтың наразылығы, іштей тынып жүргені бұрыннан белгілі еді. Бірақ бұл жерде бейбіт шеру мен бүліктің арасын ажырата білуге тиістіміз. Өзімізде де орталық алаңға шығып, наразылық білдіргендер болды. Беті аулақ, бүлік болған жоқ. Мұндай шешуші кезеңде түсіндірме жүргізуден депутаттар тыс қалмады. Төретамда Еркін Рзалиев, Жұмадияр Сейілов секілді депутаттарымыз халықтың арасында жүріп, елге басу айтса, Жомарт Жалғасбаев, Зарипа Тасымова, Нұрлан Қомшабаев, Болат Бөгетов, Дастан Буханов сынды халық қалаулылары да өз белсенділіктерін көрсете білді. Байқоңырда Шолпан Дәуленбаева, Индира Қабатова, аудан орталығында Бақытжан Нысанбаев, Болат Жұмабаев, Айдынбек Скендіровтер де елді ауызбірлікке шақырды. Өкінішке орай, бұл жағдай тарихта жазылып қалды. Біз мұны ұмытпауымыз керек. Бұдан оң қоры­тынды шығару керекпіз. Алдағы уақытта қайталанбайтындай болуы керек. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл біздің 30 жылдық тарихымыздағы ең үлкен қасірет. Ия, бұл дақ, жан жарасы. Бірақ солай екен деп жараның бетін үлкейте берудің де қажеті жоқ. Ғасырлар бойы ауызбіршілік керек деп айтып келеміз. Нағыз бірлік осы кезде керек болып тұр. Ұсақ-түйек әңгімелерді ысырып тастап, «Жаңа Қазақстанды» аяғынан қойып, артымыздан келе жатқан ұрпаққа еңсесі биік, төрт құбыласы түгел, әлемде өз орны бар мемлекетті мұра қылуымыз керек. Сол себепті де Президентіміздің қасына топтасып, оны баршамыз қолдауымыз қажет. Менің экономист ретінде таңғалатын нәрсем – неше жылдан бері елімізде кәсіпорындар дамып келе жатыр. Оларға көптеген қаржы құйылды. Ірі компаниялар заманауи технология мен небір жаңа жабдықтар алды. Ал бірақ жұмысшы-қызметкерлердің айлық жалақысы сол қалпында қалады. Миллиондаған доллар салынады. Ондай ақшадан шаш-етектен пайда көреді. Бірақ сол пайда жұмысшылардың айлығынан, әлеуметтік пакетінен көрінбейді. 10, 20 жыл бұрынғы айлықтарымен қала береді. Мұнан шығатын қорытынды, Мемлекет басшысы жуырда өткен Қазақстан Республикасы Парламент отырысында айтып кеткендей, жекелеген топтар мен басшылардың жағдайы жасалған да, жұмысшылардың жағдайы жасал­маған деген қорытындыға саяды.
– Аудан – аграрлы аймақ. Елді мекендерде жиі боласыздар. Сонда неге назар аударасыз?
– Сөзімнің басында айтып кеткенімдей, әрбір партияның сайлауалды бағдарламасы жасалған. Олардың барлығының мақсаты бір, халықтың тұрмысына жайлы жағдай жасау. Осыған байланысты атқарылып жатқан жұмыстар әрі қарай жалғасын табады. Қармақшы – аграрлы аудан. Аяқ судың тапшылығы онсыз да белгілі. Десе де, күріш екпей тұра алмаймыз. Сол себепті де каналдарды тазалап, уақытында су тоспаларын қалпына келтіріп, өзімізге тиесілі үлесімізді алу басты мақсатымыздың бірі. Одан қалды мал басын көбейту мен әрбір жеке үй жайында табысты үнемдегіміз келсе, бақша өнімдерін егуге тиіспіз. Тағы айта кетерлігі, ауыл­да тұрып, картоптың келісін 200 теңгеден сатып алу деген ойға қонымсыз. Сырттан өнім неғұрлым көп тасымалданса, соғұрлым біздің қаржымыз сыртқа кетеді. Ауылда тұрып, неге тұрғындар «Моё» сүтін ішеді?
– Оқырмандарымызға қандай да бір тілегіңіз болса?
– Қасиетті Қармақшы – туып-өскен жеріміз. Қайда қыдырып барсақ та, ауылға жетуге асығамыз. Кейде естіп қалып жатамыз, біздің халық момын дегенді. Оған келіспеймін. Біздің ауданның хал­қы – мәдениетті. Кешегіде тұр­ғын­дарымыз артық мінезге бармай, ой-пікірін сабырлықпен жет­кізе алатынын көрсетті. Жер бетін ғарышпен байланыстыратын Бай­қоңыр да бізде орналасқан. Қор­қыт атадан бастап қаншама әулие­леріміздің жамбасы осы жерге тиген. 100 шайырдың мекені. Осы асыл құндылықтарымызды қастерлеп, халық болып қасиеттілігімізді ұстап қалуымыз керек. Өлкемізді көркейтуге атсалысайық. Әрбір отбасына бақ-береке тілеймін. Қазіргі болып жатқан коронавирус инфекциясынан аман-есен өтіп, бұрынғы қалпымызға ба­­­уырымыз бүтін жетейік. Оның бірден-бір жолы – екпе алу екенін де естен шығармайық.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбатты жүргізген
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
22 қаңтар 2022 ж. 345 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 033

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031