Зерделі кеңес
«КІТАПХАНА – БІЛІМ КӨЗІ, КІТАПХАНАШЫ – ОНЫҢ ТІРЕГІ» ДЕГЕНДЕЙ, БҮГІНГІ ДАМЫҒАН ЗАМАНДАҒЫ ЖАСТАР МЕН КІТАПТЫ БАЙЛАНЫСТЫРАТЫН АЛТЫН КӨПІР – КІТАПХАНА. КӨНЕ ЖАЗБАЛАР МЕН СИРЕК КІТАПТАР СЕКІЛДІ КІТАПХАНАНЫҢ ДА ТАРИХЫ ӨТЕ ЕСКІ ДӘУІРЛЕРДЕН БАСТАУ АЛАДЫ.
Кітапхана – мәртебесі биік, киелі шаңырақ болса, кітапханашылар қауымы барлық жұртшылық үшін рухани жаңалық алыбы, жаңа леп, жайсаң көзқарас жаршысы. Адамзаттың бүкіл дамуы барысында қалыптасқан ақыл-ой, рухани жетістіктерін жүйелі түрде жинақтап, сақтау, оны халық игілігіне жаратуда кітапхана қызметкерлерінің үлесі айтарлықтай.
Осы ретте аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен кенттегі балалар кітапханасында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігің 30 жылдығы» және «2021 жыл – Балалар әдебиеті» жылы аясында «Үйірме арқылы балаларды шығармашылыққа баулу» және кент кітапханасында «Балалар әдебиеті – ең ұлы әдебиет» атты кітапханашылардың аудандық зерделі кеңесі өткізілді.
Бұл кеңестің мақсаты – Балалар кітапханасы мен Кент кітапханасы жұмыстарымен таныстыру, кітапханашылардың біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасу.
Зерделі кеңес Балалар кітапханасында «Coworking» орталығы жанынан ашылған «Қылқалам» сурет үйірмесінің «Сурет салудың дәстүрден тыс әдістері» атты кезекті сабағынан басталды. Мұнан соң, Балалар кітапханасының кітапханашысы М.Бөгенбаева, III Интернационал ауылдық кітапханасының кітапханашысы Р.Тұрманова мен Қалалық кітапхана меңгерушісі А.Әлмұратовалардың баяндамалары тыңдалып, атқарған жұмыстары слайд арқылы көрсетілді. Кеңес барысында кітапханашылар арасында сергіту сәтіне тренинг ұйымдастырылды.
Одан кейін зерделі кеңес Кент кітапханасында жалғасын тапты. Мұнда кітапханашылар С.Есқараев атындағы №27 орта мектеп оқушыларының қатысуымен «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ағартушы, ұстаз Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай «Кел, балалар, оқылық!» атты әдеби кешті тамашалады. Ы.Алтынсариннің шығармаларын насихаттап, оқырмандарға оқуға ұсынуды мақсат еткен кеш жоғары дәрежеде өтті.
Сондай-ақ аталған жиында аудандық Балалар кітапханасының меңгерушісі А.Аманова мен Тұрмағамбет ауылдық кітапханасының кітапханашысы Қ.Далдабаева «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісін тағынды. Аудандық балалар кітапханасының «Қылқалам» сурет үйірмесінің жетекшісі Е.Жұмабекұлы, Кент кітапханасының меңгерушісі А.Қарашаева, Қармақшы ауылдық кітапханасының кітапханашысы Г.Бадырақ, Көмекбаев ауылынан Г.Қыпшақбаева, Дүр Оңғар ауылынан Р.Махамбетова Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының басшысы Нұрлыбек Кәрібозұлының Алғыс хатымен марапатталса, Ақжар ауылдық кітапханасының кітапханашысы А.Амиралиева, Иіркөл ауылынан Ж.Жанахаева, аудандық балалар кітапханасының кіші қызметкері З.Балтоқаева аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ержановтың алғыс хатына ие болды.
Рухани ортада ұйымдастырылған зерделі кеңес кітапханашылар үшін берері мол жиынға айналды.
Гүлжамал ЖАНӘДІЛОВА,
аудандық кітапхананың әдістеме-библография
бөлімінің меңгерушісі
аудандық кітапхананың әдістеме-библография
бөлімінің меңгерушісі