» » Елдіктің жеті тұғыры

Елдіктің жеті тұғыры


Еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев Тәуелсіздігімізді елдің бірлігін нығайтуды, отбасылық салт-дәстүрімізді берік сақтап, білім мен еңбекке адал ден қоюды, бәсекеге қабілетті мәдениетті тұлға қалыптастырудағы ой-түйінін жастарға аманат ретінде «Елдіктің жеті тұғыры» қағидатымен жария етті.
Ел болашағына арналған ой-толғамдар ел көсегесін көгертер жастар үшін маңызды міндет, орамды ой деп білемін. Қазақ халқында сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз Тәуелсіздікті арман етті. Сол арманы орындалып, егемендіктің еркіндігі, бостандықтың бодаудан босаған арайлы таңы атқанына – 30 жыл толып отыр. Осыдан 30 жыл бұрынғы ұлы арман шындыққа айналды. Егемен еліміздің шаңырағы көтеріліп, уығы бекіді, көк туымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз әуелете биікте қалықтады. Қазақ өзінің алғашқы ғарышкерін ұшырды, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. Ұлттық валютамыз төл теңгеміз дүниеге келді. Ата Заңымыз айшықталды. Қазақ халқының еркіндіктегі қарышты қадамдары айқын болды. Ең құнды байлық – Тәуелсіздік екенін білдік. Біз мұндай бақытқа бірлік пен келісім арқылы қол жеткіздік. Сондықтан Елдіктің екінші тұғыры – бірлік пен келісім деп аталды. Қазақ елі басына қандай нәубет төнсе де бірліктің арқасында жеңіске жетті. Бірлігі болмаған елдің мемлекеттік дамуы да, ішкі экономикасы да, ішкі ынтымағы да кері кететіні ақиқат. Елбасы әрқашан еліне алға қойған арман мақсатқа береке-бірлік арқылы жетуді үндеп отырды. Өйткені Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз Жоңғар қонтайшысына барғанда:
«Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Жерімізді жау баспасын деп,
Елімізден құт-береке қашпасын деп
Найзаға үкі таққан елміз.
Береке-бірлігімізді сақтай білген елміз,
Дәм-тұзымызды ақтай білген елміз» деуі ұлы бірліктің шешпейтін түйіні жоқ екенінің айқын дәлеліндей. Сондықтан Елбасы өсер ұрпақты бірлікке шақырды.
Келесі құндылық – Жер туралы. Бұл тұста Елбасы жерден құнды ешнәрсе жоқ деп ашық айтты. Бағзы заманнан бері ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған, ұлтарақтай жерді ұрпағына аманат етуді арман етсе, бүгінде Тәуелсіз ел ретінде Жер-анамызды қорғау, келесі ұрпаққа аманаттау үлкен жауапкершілік екенін ұғындырғандай.
Төртінші қағидат – Отбасы, ата-баба дәстүрі. Отбасы – шағын мемлекет десек, әр отбасында өскен бала алдымен өз отбасына, ата-анасына, бауырларына адалдық, қамқорлық тәрбиесін бере алса, Отанына деген ыстық сүйіспеншілік адами қасиеттерінің қалыптасатыны анық.
Бесінші қағидат – Мәдениет. ХХІ ғасырда мә­дениет ауадай қажет. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті өте жоғары. Еркін заманда біздің ата-бабаларымыздан қалған рухани, материалдық мәдениетіміз де жеткілікті. Біз осындай ұлы бабаларымыздың мәдениетін жойып алмай, жаңғыртып жалғастырушымыз. Сол үшін өсер ұрпақ мәдениетті, заманына сай білімді, жан-жақты дамыған тұлға болуы жарасымды. Олай болса жас­тарымыз ел көсегесін көгертер озық ойлы азамат болуы абзал.
Алтыншы қағидат – Білім мен еңбек. «Білімдінің шамы жарық» деген халық даналығында. «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп дана Абай атамыз айтқандай, біз тек біліміміз бен өз күшімізге, ерік-жігерімізге сенуіміз керек деуінің өзі ұлылық. Өйткені қаншама көкірегінің сәулесі жарық талантты, дарынды, алғыр, өжет жастарымыз жетерлік. Адал еңбек, теңіздей терең білім ғана өрге жетелейді.
Жетінші қағидат – Прагматизм, бәсекеге қабі­летті болу. Қазір мемлекетімізде жастардың озық білім алып өзін-өзі дамытуға, сүйікті ісімен кеңінен айналысуға толық мүмкіндік бар. Тарлан талант Тұрмағамбет атамыз:
«Ақыл – тон, аңлағанға тозбайтұғын,
Ғылым – кен, күнде өніп қоздайтұғын.
Иелік екеуіне еткендердің
Жаны жоқ жер жүзінде озбайтұғын.
Адамды әрлі-берлі үйірілдіріп,
Сияқты тұрмыс-толқын қозғайтұғын.
Өнер мен кен – ғылымға уақытың барда,
Себеп не сыбанып қол созбайтұғын.
Қатарың қалмай шауып бара жатса,
Арқаңның ауруы не қозбайтұғын?!
Көшке ермей, өз бетінше қаңғалаған,
Ботадай боз тақырда боздайтұғын» деп бәсекелесе біліммен қарулануға, Жеңісті қадамдардан жаңылмауға, өз елінің дамуына үлес қосуға шақырады.
Абай атамыздың:
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та бар қалан» деуінде қаншама ұлылық бар. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығында «Мен және менің замандастарым мына жасампаз Қазақстанды жасады, кемел келешек Қазақстан бүгінгі тәрбиеленіп отырған жастардың еншісінде» деген еді. Сондықтан Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаты бүгінгі жастарға еліміздің, жеріміздің игілігі үшін арналған үндеуі деп білемін.

Зарипа ТАСЫМОВА
16 желтоқсан 2021 ж. 504 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 292

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 388

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930