» » Жылулық сыйған бір кадр

Жылулық сыйған бір кадр

Суреттен не көрдіңіз? Суық күннің үскірігін, қара жұмыстан ойдым болған алақан, мүмкін бейнет, қарапайымдылық. Құдды жансыз кадрдың өзі «Уақытым жоқ, жұмысым күтіп тұр» дегендей сайрап тұр. Әнеугүні әлемжеліде осы сурет желдей есті. Бірінен соң бірі көшіріп, жарыса жүктеді. Сондағы ой бір – еңбектің еленгені.
Желі демекші, қазір әлеуметтік желінің барлығы арыз-шағым жәшігіне айналған. Фейсбугың былай тұрсын, Инстаграмның өзінде «Критика» дегеннен бастау алатын түрлі парақша бар. Біздің Қызылордада сол. Әлдене жақпаса, ұнамаса, тіпті еріксе осында әкеп сала салады. Қалада бір талдың бұтағы құлады делік. Соны суретке түсіреді де «мынаған кім жауапты?» дейді келіп. Сонда адамгершілік қайда қалды? Еңкейіп сол ағашты көтеруге шамасы келмей, батырманы басқаруға денсаулығы жетіп-ақ тұр. Қош. Айтпағымыз бұл емес. Қазір не көп? Қала тазалығына деген қарсы пікір көп. Бірі «ауыл секілді шашылады да жатады» десе, ендігісі «Қазантаев кеткелі қала ластанды» дегенге саяды. Арасында «қала тазалығының мекемелері не бітіріп отыр» деп өзі төккен қоқысты желіге жүктейді. «Осы «критиканың» арқасында қаламыз тазарып жатыр, осы арқылы жұмысымыз бітіп жатыр» деп кеудесін соғады тағы біреуі. Халыққа сурет арқылы «до, после» деп есеп беріп әлек тиісті мекеме. Ескерсек, шашатын біз, жинайтын ше? Міне, суреттен көріп отырсыз ғой, осы секілді кісілер қаланың тазалығын күзетіп жүрген.
Қазір тырнақ астынан кір іздегенді, біреуді сынап-мінегенді ел азаматы, ұлт жанашыры деп біледі. Қандай сын ол өзі? Мақтамаса болды бізге. Солай ғой? Біздің сол сыншылдығымыз оңдырды ма? Абайдың айтқанына сын көзбен қарап сабаған кім? Әрине, біз. Кешегі Алаш арыстарын ұстап, жүз мыңдаған оқығанымызды сынап, халық жауы еткен кім? Тағы біз. Құр күңкілден арылып бірлікпен, тірлікпен қарекет етсек, ешкімнен кем түспес едік. Бірақ...
Айтуға оңай, сөз бөлек, істейтін іс мүлдем басқа. Аптап ыстықта маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген тазалықшылар қыстыкүні үскірік аязда тынбай еңбек етеді. Арасында күнкөрістің қамымен, бір жалақыға қарап отырғаны жетерлік. Бейнеті мен машақаты көп қызмет оңай жолмен нәпақаны бере салмайды. Бірде біз де осы қызметке бір күнімізді арнадық. Ақпарат ағынындағы журналист естігенін емес, көргенін жазуы керек дейтін принцип әлі бар. Тіпті жазар дүниеңді сезінсең, бастан кешсең сол кейіпкердің өміріне терең бойлай аласың.
Шағын аудан, оның ішінде кент орталығы. Қоғамдық жұмыс істейтін қызметкерге арналған ашық сары түсті жакет киіп, қолымызға қап алдық. Күтетін уақыт жоқ. Ширақ қимылдап, тапсырылған жұмысқа кірісу керек. Әдетте 15 шақты қызметкерден топтасып жүретін олар бүгінгі ауа райына байланысты екі адамнан әр көшеге бөлініп кетіпті. Дала дегенің ызғып тұр. Үскірік аяз өңменіңнен өтіп барады. Қасына ілескен қызметкердің айтқанына басымды изеп, орындай бастадым. Төртінші жәшікке жетпей қолым талып барады. Әлгі қап дегенің толып қалыпты. Бос бөтелкемен-ақ салмағы еселенуде. Ауыр жұмысқа жегілгеннен ойым сан-саққа жүгіреді. Тек құлақ түбінен «Адал еңбекпен нан тапқанға не жетсін» деген сөздер ауық-ауық естілуде. Қоқыстан тазартып келе жатқан ұзын көшенің шегі көрінер емес, дария жаққа дейін барады екен. Жол жиегіндегі арық ішін батпақтан тазалаған ағалар. Барлығы да осы қоғамдық жұмыс қызметкері. Жерге сүйенген ұзын күректі алдым да еш қымсынбастан арық ішіне түстім. Мұз боп қатқан топырақ, батпақты ломмен жара бастадық. Резеңке қолғап түкке тұрғысыз екен. Суық денеңе өткенде тұлабойың мұз боп қатады. Үстіме киген жеңіл пальтомда түк жылу қалмаған. Соққан суық желден қалш-құлш етемін. Аяқтан ыза өтіп, қолым жансызданып барады. Тығылар тесік, жылынар жер таппай әлекпін. Тек мені аман алып тұрған былай да былайғы қозғалысым еді. Солай жүріп берілген миссиямызды тәмамдадық. Сол арқалаған жүк өңменімнен өтіп кетсе керек, көзден ыстық жас ытқып шықты. Бала күнімізде анамыз біз үшін талмай, тынбай базарда сауда істеді. Ауылдардан келген балықты қап-қабымен олай да бұлай тасып, тазалап, өткен-кеткенге өткізетін. Сол кезде «неге кеш келесіз?» деп біраз өкпелейтініміз бар еді. Айналайын, ата-анамыз біз үшін осылай қара жұмысқа жегілген екен ғой. Тоңса да, шаршаса да білдірмей, бар мейірімін төгіп, тамағымызды алдымызға қоятын. Осы кадрлар бірінен соң бірі көз алдымнан сырғып өте берді, өте берді... Сонда деймін, өз қалдығымызды өзіміз отырған айналамызға шашып, «алсын, көтерсін, жинасын» дегенді бұйырамыз кеп. Оны істейтін өзіміздің ана-әкелеріміздей адам ғой.
...Қарбаласқан тіршілікте барлығы да жұмысбасты. Кім не істеп жүр бірінде-бірі шаруасы жоқ. Әрине, жұмыстың оңайы болмайды. Дегенмен сау деніңді айға жетпейтін айлық үшін қию деген... Бәрі күнкөрістің қамы. Бірақ бір күн қызметтес болған жандардың тілегі бір еді. Ол – еңбек бағаланып, аз да болса табысының еселенуі. Соған сенеді де.

Түйін
Бұл жақында «Qosyl» Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталығы мен «Қорқыт ата» атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен қала тазалығын қамтамасыз етуде тынбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге арналған мерекелік іс-шарадан алынған кадр. Онда «Қызылорда тазалығы» ЖШС-нің тазалықшыларына Қызылорда қаласы әкімінің алғысы мен естелік сыйлығы табысталған болатын. Жылы суреттен туған ой осы еді...
Айнұр ӘЛИ
14 желтоқсан 2021 ж. 333 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031