» » Айтып келген ажал

Айтып келген ажал

Бүгін күн кешегідей емес. Қар борап, жан-жақтан үскірік аяз есіп барады. Әдеттегіше малын өрістен күтетін Асыл әжей бүгін қипалақтап сала берді. Сірә, құбылтқан күн райынан күдіктенсе керек. Кішкентай қорасына сыйып ке­тетін бір қора ешкісі әлі келмеді. Түн батқалы да қашан. Аласа бойлы, жүрісі же­ңіл кіттәй кемпір үстіне ілінген киімін кие сала тысқа шықты. Басына, беліне орап алған шалғысы құдды бо­ранға төтеп берердей. Алайда әжей сол шыққан күйі үйіне қайта оралмады. Тек арада күн өткен соң, ешкісін іздеп са­былған әжейдің үскен денесі ауыл сыр­­­тындағы ағаш түбінен табылған еді.
***
Шалғай бір ауылда Оспан әке аталып кеткен ақсақал болыпты. Өткір сөзімен, игілікті ісімен көпшілікпен етене араласатын. Бірде сол кісі сенімді серігіне айналған астындағы түйесін іздеп әбден әбігерге түседі. Қайда барса да әлгі түйенің ізі көрінбейді. Содан не керек, ақсақал жүре береді, жүре береді. Жүре келе айдалаға, шөл далаға тұрақтайды. Алты ай іздеген түйесін таппай үмітін үзеді. Ақыры болмаған соң, бұл фәнимен қош айтысатынын білген ол жазық даладағы жалғыз ағаштың түбіне шалқадан жата кетеді. Бетін ақ матамен жауып, көзін мәңгілікке жұмады. Бірер күн өткен соң ауыл адамдарына құдды жамандықты жеткізгендей Оспан әкенің түйесі келеді. Сөйтсе, ақсақал іздеген серігі сол алты ай бойы өз астында болған екен. «Астындағы түйесін алты ай іздепті» деген тәмсіл содан қалса керек.
***
Жас жігіт кәмелетке толмаған, 13 жасар қызды алып қашады. Онымен қоймай зорлық көрсетеді. Балалық шақтың қызығына енді шомылып жүрген бойжеткен қорыққанынан өзіне қол жұмсап, қайтыс болады. Артында зар жылап ата-анасы қалады. Мүмкін солардың көз жасы, мүмкін қарғысы. Бәлкім киесі ме екен, кім білсін? Арада жылжып жылдар, сырғып айлар өтеді. Қылмысты жасаған жігіттің отбасында он бала болатын. Оның үшеуі ұл, жетеуі қыз. Жастары жетіп үйленіп, шаңырақ көтереді. Бірақ, бақыттары ұзаққа созылмайды. Себебі, екінші жартысымен шаңырақ көтеру бұйырмаған еді. Бірінің әйелі жоқ болса, енді бірінің арқасүйер азаматы жоқ. Түгелдей екі жаққа ажырап кеткен. Онымен қоймай балалары да осы азапты бастан өткеруде.
***
Жас отбасына қуаныш сыйлап Ақжамал өмірге келді. Асты-үстіне түскен әжесі немересінен айналып-толғанып, бауырына басып жүр. Шамамен сәбидің 2 айлық кезі болса керек. Әкесі жұмыста, анасы оқуына емтихан тапсыруға қалаға кеткен. Бала әжесімен 2-3 күнге қалады. Бірде қарт әжей таң самалымен туысының үйіне шай ішуге баруға бекінеді. Солай жаялыққа баланы ораған күйі жаяулата сыртқа шығады. Арғы бет пен бергі бетті жалғаған шойын жолдан өтпек болғанында зуылдап пойыз келе жатыр екен. Бар болғаны өтіп кетемін десе керек, тәуекел етіп темір жолға аяқ басады. Бірақ зулаған пойыз тым жақын еді. Әл-дәрмені қалмаған әжей құндақтаулы немересін жолға қарай лақтырады да өзі пойыз астында қалады. Солай сәбидің өмірін сақтап, өзі келмеске кете барған екен.
***
Ертеректе айрандай ұйыған отбасы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүреді. Жанашыр, бауырмал, бір-біріне қамқоршы он бір ағайынды бой жазып сергімекке далаға саяхатқа шығады. Кеш ойдағыдай көңілді, қызыққа толы болғанымен оларды алда не күтіп тұрғанынан бейхабар еді. Күн бата отырыс қыза түсіп, ішімдікке сылқия тойған бауырлар көлде жүрген аққуды атпаққа бел буады. Атады да. Атып қана қоймай етінен кәуап пісіріп, бөлісіп жейді. Арада уақыт өте шаңыраққа сызат түседі. Ең алдымен үлкен ағалары бірінен соң бірі дүниеден озады. Артынша келіншектері. Балалы болғандарының ұрпағы аурушаң немесе кейбірі қайтыс болады. «Арттарынан дені сау ұрпақ өрбімейді. Аққудың киесі тиді» деген осы ма дерсіз.
***
1999 жыл. «Bu aksam olurum beni kimse tutamaz, sen bile tutamazsin yildizlar tutamaz» әні жарыққа шыққан уақыт. Әлі күнге дейін бұл әнді «тутамастап» әуелете айта жөнелетіндер көп. Алғаш осы ән дүниеге келгенде қалың көрерменнің жүрегінен орын алады. Алайда түркиялық Мурат Кекиллидің «Бүгін кешке мен өлем» әнінің әсерінен сәтсіз махаббатқа ұшыраған жасөсіпірімдер ән сөзін қағазға жазып, өмірімен қош айтысқан деседі. Сол себепті де Түркияда бұл әнге бірнеше жыл тыйым салынады. Әннің авторы бір сұқбатында «тыңдарманға ұсынарда өлім туралы ойламаған да едім. Бұл ән махаббат туралы еді» деген екен.
***
1933 жылы Реже Шереш соғыстың салдарынан туған шарасыздық пен қасіретке қатысты «Мұңлы жексенбі» әнін жазады. Алайда Шерештің досы Ласло Явор өз ғашығынан айырылған адамдардың өзіне қол жұмсауымен байланыстырып, әнге басқа өлең шығарады. Нәтижесінде, Явордың мұңлы мәтіні мен Шерештің әні жүздеген өлімге алып келген деседі. 1935 жыл. Назардан тыс қалған әнді Пал Кальмар радиодан орындайды. Әрі сол кезеңде Мажарстан бойынша суицидтің толқыны басталған. Әннің алғашқы құрбаны мажарлық етікші Джозеф Келлер болған. Ол 1936 жылдың ақпанында өзіне қол жұмсайды. Тергеу көрсеткендей, Келлер өзінің өлім алдындағы хатында «мұңлы жексенбі» әнінің өлең жолын жазып кеткен екен.
***
Америкалық зерттеуші Георг Адамски 1959 жылы Цюрихте болған уфо­логтардың конференциясында өзі­нің «НЛО-мен» тікелей қарым-қатынаста екенін, олардың алып келген адамдарымен телепатиялық жолмен, яғни ми арқылы өзінің ойын жеткізіп, ал олардікін қабылдау арқылы диалогтық қатынасқа түскенін айтып, дәлелдеген екен. Ол тіпті мұндай қатынасты 1946 жылдан бері орнатқанын да айтқан. ТҰН жолаушыларының емдеу қасиеті барын да жеткізеді. Алайда осының бәрін айтып, енді тікелей қарым-қатынастарды ашық көрсетемін дегенде аяқ астынан қайтыс болады. Тылсым, тіпті фантастика дерсіз. Дегенмен ғылыми дәлелдер оны ажалдан арашалай алмады.
Айнұр ӘЛИ

11 желтоқсан 2021 ж. 810 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031