» » Батыр ұлға тағзым

Батыр ұлға тағзым

Қазақта «Жігіт ел үшін туып, ел үшін өледі» деген жігерлі сөз бар. Атадан қалған бұл дана сөз ер жігіттің нағыз айқын болмысын бейнелейтіндей. Әрбір ер азамат үшін Отан алдындағы әскери борышын өтеу – үлкен мәртебе. Ал сол әскери борышын өтеуде ел үшін жанкешті әрекетке барып, ерлік көрсету – ол нағыз жігітке лайық батырлық. Мұндай батыр қайсарлық кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Бүгінде елдің тірегі болып, Отанын қорғауда өз жанын құрбан еткен өр рухты ұлдарымыз жоқ емес, баршылық. Соның бірі – Қармақшының батыр баласы Ардақ Қазиев.
Ардақтың жасаған ерлігі қазіргі таңда тек Сыр жұртына емес, бүкіл қазақ еліне мәлім. Ол қазақ-қырғыз шекарасын күзетіп, ел тыныштығын қамтамасыз етіп жүргенде қайғылы қазаға ұшырады. Қайғылы оқиға осыдан он жыл бұрын Кеген шатқалында Қырғызстаннан Қазақстанға ірі көлемдегі контрабандалық дизель жанармайын тиеген автоцистерна көлігін ұстау барысында орын алған.
Шекара қызметінің «Боран» арнау­лы десанттық-шабуылдаушы тобы Кегендегі Қайқы асуы арқылы қазақ-қырғыз шекарасынан ірі көлемдегі ұрлық жанар-жағармайының өтетінін біліп қояды. Сол күні осы бағытқа аттанып кеткен борандық шекарашылар әлгі аумақты үш күн бойы жасырын ториды. Соңғы түні күткен қонақтары қырғыз жақтан ауыр жүк көліктерімен мемлекеттік шекараға маңдай тірейді. Бұл қылмыстық істе қазақстандық азаматтар да бар. Түнделетіп жүрген өздерін мұнда шекарашылардың бірнеше күн бойы күтіп жатқанын олар білген жоқ. Ақыры түн жарымда жасырын кездескен контрабанда тобының саудасының сәтін күткен борандықтар тұтқиылдан шығып оларды тырп еткізбей қолға түсіреді. Сөйтіп 80 тонна дизель жанармайы тиелген жүк көліктерін Қайқы асуы арқылы Шонжы шекара отрядына қарай тізбектеліп апара жатқан тұста күтпеген жағдай орын алады. Коллона соңындағы жүк көлігінің тежегіші аяқ астынан істен шығып, алға қарай салмақпен екпіндейді. Дәл сол уақытта көлікте болған Ардақ жалма-жан машинаны тоқтатпақ болып, рөльді солға қарай бұрады. Осы сәтте көлік қатты жүріспен жарға соғып, демде отқа оранады. Міне осылайша десанттық-шабуылдаушы тобы­ның аға барлаушысы, сержант Ардақ Қазиев тілсіз жаудың құшағында қалып, ерлікпен қаза табады.
Бүгінде батыр ұлдың есімі ел есінде. «Боран» десантты-шабуылдаушы тобының жауынгерлері қатардағы сарбаздың ерлігіне арнап 2022 әскери бөлім аумағына ескерткіш орнатты. Сонымен қатар Ардақ Оразбекұлының ерен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілді.
Мұнымен батыр ұлдың ерлігіне құрмет көрсету тоқтап қалған жоқ. Ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл толуына орай облыстағы Ұлттық Қауіпсіздік органында елдік жолда құрбан болған батыр ұлдарды еске алу іс-шарасы өтті. Онда жерлесіміз Ардақ Қазиевтің шекараны қорғау кезіндегі батырлығы жайында айтылып, анасы Гүлсараға құрмет көрсетіліп, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың арнайы алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар Ардақтың ерлігіне «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» төсбелгісі берілді. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің бастамасымен тарихи деректерге не­гізделген «Отандық арнаулы қызметтің хроникалары» және «Мемлекеттік шекара» атты қос жинақ жарық көрген-ді. Бұл кітапта ел тыныштығын күзеткен шекарашылардың жедел операциялары суреттелген. Әскери қызметкерлердің әбжіл әрекеттері мен өміріне қауіп төнген сәттердегі қайсарлығы тарихи очерк жанрында жазылған. Мемлекеттік шекара кітабында ерен-ерліктің үлгісін көрсеткен, елдік жолда құрбан болған жерлесіміз Ардақ Қазиевтің батыр болмысы ерекше жазылған.
Құрмет көрсету ауданда да жалғасты. Шекарашылар Ардақтың зиратына тағ­зым етіп, аспанға мылтық атты. Мұнан соң Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектепте тағлымды шараға ұласып, батырдың ерлігі жайында естеліктер айтылды.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
11 желтоқсан 2021 ж. 546 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031