» » Сирек кәсіпті серік еткен

Сирек кәсіпті серік еткен


Гуглды ашып, «мүйізден мүсін жасайтын шебер» деп іздесеңіз бір ғана адам жайлы мол мағлұмат кезіктіресіз. Ол өзіміздің жерлесіміз, Жосалы кентінің тұрғыны – Самалбек Бурабаев. Ағаштан, темірден түрлі дүниелер жасауға қызығатын, қанында ұсталық бар әріптесім Ерсін екеуміз өткен аптада сирек кәсіпті серік еткен шебердің үйіне атбасын тіредік. Төргі бөлмедегі үстелдің үсті толған түрлі композиция. Құстардың, балықтардың бейнелерін көргенде өзімізді құдды музейде тұрғандай сезіндік. Сұлулығына сүйсінген тілші фотоаппаратына олай бір, былай бір түсіріп, әрқайсысының сырына қанығуға асықты. Ал мен Самалбек Бектібайұлының аузынан шыққан әрбір сөзін дәптеріме түртіп алуға кірістім.
Ол Т.Көмекбаев ауылында 1961 жылы дүниеге келген. Политехникалық колледж бітіріп, құрылыс саласында жұмыс істепті. Кейін педагогикалық оқуға түсіп, 1993 жылдан бері №121 мектепте технология пәнінен дәріс беріп келеді.
Самалбектің әкесі Бектібай Бурабаевтың бұрынғы Жаңақала ауылына салынған әрбір тұрғын үйде қолтаңбасы бар десек қателеспейміз. Бүкіл бір ауылдың тұрмысқа қажетті қалақ, шелек, керней, кетпен сынды барлық бұйымын бір өзі жасап, қамтып отырған. Әкесінің қолынан жасалған ат әбзелдері, ер-тұрмандар бүгінге дейін қолданыста. Ағаштан да, темірден де кез келген дүние жасайтын шебер әкенің баласы қалай өнерден кенде болсын. Онымен қоса нағашы атасы Бодық Шәдиев Тұрмағамбет ауылында атақты темір ұстасы болған, дүкен ұстаған жан. Қос атасының қанында бар қасиет Самалбек ағамызға қонса керек.
– Әкемнен көргендерім есімде тұ­ра­тын. Мектепке жұмысқа тұрғаннан кейін ағаштан, темірден түрлі дүние жасауды оқушыларға үйрете бастадым. Өзім кез келген бұйымды жасағанда бойымнан қиналу сезімін байқамадым. Бесік, үстел, нантақтай, қол жуғыш, шелек сынды тағы басқа заттардың бәрін жасай беремін. Бірде жолдас жігіт сиырдың үлкен 2 мүйізін әкеп беріп, грузиндердің сусын ішетін бөтелкесін дайындап беруімді өтінді. Бұл мүйізден мүсін жасап көруге алғашқы қадам еді. Бөтелкені балық пішінде жасадым. Аузы ашық. Ішіне сусын құйылады. Әлгі бұйым досыма қатты ұнады. Оның қуанғаны маған шабыт сыйлады. Содан кейін мүйізбен жұмыс жасауға қызығушылым арта түсті. Ертеден бар өнер болғанымен ол – бірден бола қоятын оңай жұмыс емес. Аталарымыз мүйізден қару-жарақтың сабын, музыкалық аспаптарға әсемдік құрал, садақ оғының ұшын жасаған. Мүйіз қатты зат, онымен бұйым жасаудың арнайы технологиясы бар. Оны оқып, ізденіп, үйреніп алдым. Құстың бір қанатын жасау үшін 2-3 сағат уақыт кетеді, – дейді өз сөзінде.
Шебер әбден тазаланып, суға қайна­тылған мүйізден көздің жауын алар жан-жан­уарлардың, құстардың мүсіндерін жасайды.
«Мүйізді өңдеу үшін аптадай уақыт кетеді. Әуелі суға салып, жібітіп аламын. Содан кейін ыстық суға қайнатып немесе ыстық қоламтаға салып балқытып алса, кесіп, жонуға жеңіл болады. Мұндай жұмсарып, балбыраған мүйізді июге, қалыпқа қысып кез келген пішінге келтіру оңай. Бабына келіп тұрған кезінде пышақпен еркін жона беруге болады. Еш бояу қолданбаймын. 2017 жылы ЭКСПО-да Қызылорда облысының 10 күндігі болды. Оған облыстан түрлі бағыттағы 22 шебер бардық. Мен мүйізден жасалған бұйымның 50-60 түрін алып бардым. Шетелдің азаматтары қызыға қарап, бәрін де қуана сатып алды» дейді.
Самал Бурабаевтың жасаған мүсіндері Қорқыт ата мемориалдық кешені жанында ұйым­дастырылған Этноауылға қойылды. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің бір нысаны болып танылған Қорқыт ата ме­мориалдық кешені мен ондағы этноауыл көрмесін бірнеше мыңдаған турист тамашалады.
Облыс көлемінде қандай қолөнер шеберлерінің көрмесі болса, соның бірінен де кенде қалмайды. Облыстық шеберлер қоғамының мүшесі. Тапсырыспен түрлі бұйым жасайтын ол құнды жәдігерлер де жинайды. Самалбек Бектібайұлы шебер ұстаз болуымен қатар отбасының тірегі, балаларының қамқор әкесі. Зайыбы Ақманат Рахатова Жосалы кенті әкімі аппаратында бас маман.
Тұңғышы Фариза қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болса, егіз ұл-қызы Нұрғиса мен Нұрзила да бір-бір мамандық иегері. Нұрзила жасынан қолөнерге епті. Самалбек аға мен Ақманат жеңгей келіні Салтанаттың ыстық шайымен немерелерінің шат күлкісіне бөленген ардақты ата, аяулы әже.
Бүгінде қолөнершінің қолынан шыққан дүниелер жұртшылыққа кең танылған. Тапсырыс берушілер қатары да артып келеді.
Шебердің сөзінше, тапқан заттарынан тәуір мүсін жасап шығару үшін ұшқыр қиял керек. Себебі, бір затты қайталамау маңызды. Сонымен қатар, «бұл іс бойдағы төзімділікті шыңдап, сабырыңды арттырады. Адамның шабытына байланысты бәрі. Азанда отырып кештің қалай батқанын білмей әдемі бір дүние шығарасың. Кейде бір істегеніңді қайта жасап, 4-5 күніңді жұмсайсың» дейді шебер.
Ұлттық құндылықтар құлдырап, өт­кеніміз ұмытыла бастаған сәтте ұлағатты ұстаздың сирек кәсіпті серік етуін рухани жаңғыру демегенде не дейміз?!

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (сурет)
11 желтоқсан 2021 ж. 1 155 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 035

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031