Газет – сенімді ақпарат көзі
ВЯЧЕСЛАВ КИМ АУДАНДЫҚ "ҚАРМАҚШЫ ТАҢЫ" ГАЗЕТІНІҢ ТҰРАҚТЫ ОҚЫРМАНЫ. ОН ЖЫЛДАН АСА УАҚЫТ БАСЫЛЫМ ТІГІНДІСІНІҢ БАСЫН БҰЗБАЙ САҚТАП КЕЛЕ ЖАТҚАН КИМ ӘУЛЕТІНІҢ РУХАНИ БАЙЛЫҚҚА КЕЛГЕНДЕ ҚҰРМЕТІ ЕРЕКШЕ. ГАЗЕТТІҢ ӘРБІР САНЫН ОҚЫП ҚОЙМАЙ, КІТАП СӨРЕСІНЕ ТАҚТАП ОТЫРАДЫ. РУХАНИ БАЙЛЫҚТЫ ЖОҒАРЫ ҚОЯТЫН ЗАМАНДАСЫМЫЗДЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА ТЕБІРЕНЕ АЙТАРЫ КӨП.
– Ата-әжем 1937 жылдары депортациямен осы ІІІ Интернационал ауылына келген. Содан беріде ауылдың тыныс-тіршілігіне араласып, бір қолдың сағасындай, бір елдің баласындай болып кеттік. Адал еңбегіміздің арқасында нан тауып, елге қызмет етіп келеміз. Үлкендеріміз де елді мекеннің дамуы мен өсіп-өркендеуіне атсалысқан майталмандар болды, – дейді ол байыппен.
В.Ким бүгінде Достық пен татулықтың мекені атанып, бірнеше ұлттың жылы ұясына айналып отырған ІІІ Интернационал ауылындағы "Достық жер МК" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қойма меңгерушісі болып қызмет атқарады. Вячеславтың ата-анасы да еңбектен бақытын тапқан адамдар. Әкесі Николай Ким егіс бригадирі болып жұмыс істесе, анасы Любовь Огай бригадир, экономист, бухгалтер секілді еңбек жолынан өткен білікті маман болған. Любовь анамыз қазір немерелерінің ортасында зейнет демалысының қызығын көруде.
«Вячеслав балам отбасындағы тұңғышымыз. Қарындасы Татьяна Қызылордада тұрады. Немерелерімнің алды жоғары оқу орнының студенттері. Светланам – медицина академиясының 7 курс студенті. Владимирім – Халық шаруашылық университетінің 1 курс грант иегері. Жанұямыздың кішкентайы Анастасия – 5 сыныпта оқиды. Ал келінім, шаңырағымның ұйытқысы Наталья – бала тәрбиесімен айналысады» дейді Любовь анамыз қазақ тілінде еркін сөйлеп.
Айта кетеріміз, Ким отбасының барлық мүшесі мемлекеттік тілде жақсы сөйлейді. Оны туып-өскен ыстық мекенінің адамдарының татулығымен, бірлігімен түсіндіреді.
Өз ісін жауапкершілікпен атқара білетін кәріс ағайынымызға ауыл тұрғындары құрметпен қарайды. Жалпы Достық ауылындағы өзге ұлт бауырларымыздың қазақ тілін мақалдатып сөйлейтініне бұрыннан қанықпыз. Бірақ қазақ тілді басылымды жаздырып оқитыны кімді болса да толғандырмай қоймайды.
– Есімізді білгеннен газет оқимыз. «Кызылординские вести» басылымы біздің үйдің бас газеті десек болғандай. Ал аудандық «Қармақшы таңы» газетін 2011 жылдан бастап жаздырып келеміз. Ауданымыздың тыныс-тіршілігін біліп отыру, ондағы жаңалықтар мен оңды өзгерістерге құлақ түру – кез келгеніміздің қарапайым міндетіміз. Айналаңнан хабарың болмаса, алыстағыны қайдан білесің. Газет – сенімді ақпарат көзі. Ұялы телефонды бәрі тұтынады, дегенмен ондағы мәліметтердің дені жалған болып шығып жатады. Түске дейін салынған ақпаратты түстен кейін қайта алып жатады. Осыдан-ақ мерзімді басылымның қажеттілігін, айқындылығын сезіну қиын емес. Сол себепті алдағы жылдың басылымдарына отбасымызбен қуана жазыламыз. Газет уақытылы келеді. Осы ретте, «Халық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің таратушысы Жұлдыз Жахановаға айтар алғысымыз шексіз, – дейді аудандық газеттің тұрақты оқырманы.
Сәрсенкүл АҚКІСІ