» » Еңбек пен берекенің мерекесі

Еңбек пен берекенің мерекесі


Ерте көктемнен дала төсін бетке алған егіншінің еңбегі бағаланар кез келді. «Берері Құдайдан» деген ізгі ниетті ұстанған оларға дала да дарқандық танытып, егіншілердің еселі еңбегі еш кетпеді. Ерен еңбектің жемісі ел ризығына айналып, қамбаға құйылды. Таңның атысынан күннің батысына дейін тыным көрмей, өлшеусіз тер төккен диқан қауымы биыл да жақсы жетістіктерге жетіп, аудан мерейін асқақтатты.
Еңбегі жанған диқанды елі төріне шығарды, мерейін тасытып, мадаққа кенелтті. Өткен жұмада аудандық мәдениет үйінде еңбек пен берекенің мейрамы – дәстүрлі «Алтын дән» мерекесі тойланды. Салтанатты жиында сахна төріне көтерілген диқандар қатары биыл да аз болмады. Күзгі егін науқаны жұмысын қорытындылайтын бұл іс-шараға аудан әкімі Қайрат Ырза­құлұлы, мекеме басшылары, ауыл­ша­руашылығы саласының ар­дагерлері мен еңбеккерлері, бұқаралық ақпарат құ­ралдары және ауылдық округтердегі зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аудан басшысы өтпелі қиын­дық­тарға қарамастан ел қамбасын астыққа толтырып, мол өнім алуда қажырлы еңбек еткен шаруа қо­жалықтарының басшыларына алғысын білдірді.
– Жыл бойы өздеріңізге тілекші бо­лып, еңбектеріңізге елеңдеген бар­лық жерлестеріңіздің атынан Сіздерді бүгінгі жеңістеріңізбен шын көңілмен құт­тықтаймын. Шілденің шіліңгір ыстығына, суармалы судың аздығына қарамастан маңдай терімен мол өнімге қол жеткізген дала еңбеккерлеріне қандай мадақ айтсақ та жарасады. Мемлекет басшысы ауылшаруашылығын еліміздің экономикасы үшін аса маңызды бағыт ретінде белгілеп, аграрлық бизнесті дамытуға қолдау көрсетіп келеді. Қазір әлемдегі ең тұрақты әрі сенімді валюта – азық-түлік. Соған сәйкес, уақыт өткен сайын ауылшаруашылығының ел экономикасындағы мәні мен маңызы арта түсуде. Осы саланы дамыту бағытында биылғы жылы ауданда мемлекеттік қолдаулардың арқасында ауқымды жұмыстар атқарылды. Аудан диқандары биыл да қазақстандық астыққа айтулы үлес қосты. Облыс бойынша «Үздік аудан» номинациясымен марапатталды. Осынау ел байлығын молайтудағы ерекше табыстарыңызға алғысымды білдіре отырып, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді аудан әкімі Қайрат Нұртай.
Айта кеткен жөн, биыл аудан бо­йынша жалпы егіс көлемі 24747 гектарды қамтыды. Оның ішінде күріш 13156 гектар алаңға орналастырылды. Күріш егісінің көлемі су тапшылығы болжамына байланысты былтырғы көлемнен де қысқарып, әртараптандыру дақыл­дарының көлемі 1265 гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының көлемі 250 гектарға, мал азығы дақылдарының көлемі 996 гектарға артық егілді. Алма бағының көлемі 9 гектарға ұлғайса, кент, ауылдық округтерде 21 агрозонаға 451,7 гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл – күріш өнімі бойынша қамбаға 87 955,9 тонна өнім жиналып, әр гектардан 67 центнерден айналды.
Шаруа шаттанып, диқан рухани күш-қуат алған мерекеде сала үздіктері марапатталып, жеткен жетістіктер мақтанышпен айтылды. Салтанатты кеште «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін «Ақжар» ШҚ жетекшісі Нұрлан Қомшабаев тағынса, ҚР Ауылшаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен «Ақтөбе и К» ЖШС агрономы Үсенбек Сәденов марапатталды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің алғыс хаты «Тұрмағамбет» ЖШС орынбасары Орынбасар Бекмаханов пен «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаевқа табыс етілді.
Сондай-ақ күріш дақылынан жоғары өнім алған «Ораз ахун ЛТД» ЖШС, «Тұрмағамбет» ЖШС – ІІІ дәрежелі, «Жаңажол» ЖШС, «Достық жер МК» ЖШС – ІІ дәрежелі, «Ақтөбе и К» ЖШС – І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Іс-шара соңы концерттік бағ­дарламаға ұласып, ауданның көркем­өнерпаздары шаруа шат­тығын еселеп, әсем әнмен көптің көңілін көтерді.

ЖОМАРТТЫҚТЫҢ
ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ
«Алтын дән – 2021» мерекесі аясында аудан әкімдігінің бастамасымен ауылшаруашылық құрылымдарының қолдауымен «Ораз ахун» мешітінде тұрмысы төмен 100 отбасыға қазақы дәстүр бойынша кеусен таратылды.
Игі шараға аудан басшысы Қайрат Нұртай, аудандық мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов, аудандық жұмыспен қамту және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің мамандары мен ерікті жастар қатысты.
Жиында аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлы биылғы жылы мол өнім жинаған ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне, жасаған қайырымдылық істері үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, ауданның бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлы қайырымдылықтың қайыры туралы сөз қозғап, жиналған қауымды әрдайым жақсылық жасауға шақырды.
Әрбір отбасыға таратылған кеусенде бірінші кезекте қажетті күріш, картоп, пияз және тағы да басқа өнімдер бар. Ерікті жастардың көмегімен кеусендер үйді-үйге таратылды.

ЖӘРМЕҢКЕ – МОЛШЫЛЫҚ
ПЕН НЕСІБЕНІҢ НЕГІЗІ
Молшылық мерекесі жексенбі күні кенттегі Тәуелсіздік саябағының алдында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен жалғасты. Уақыт таңғы сегізден енді асса да, жиналғандардың қарасы қалың. Бірі көкөніс сатып алуға бет алса, енді бірі ет өнімдерін сатушылардың қасынан табылды. Бақша өніміне деген сұраныс та өте жоғары. Мал азығы ретінде шөпті саудалап жатқандар да бар. Сырттан бақылаушы тараптың да көңілдері тоятын көрініс еді бұл. Біреулер мықшыңдай сөмке көтерсе, екіншілері бала-шағасының ырзығын қапқа салып арқалап алған. Ал үшінші біреулері алған өнімдерін көліктеріне қарай қауымдаса, қауқылдаса көтеріп бара жатыр. Көңілді көтерер ән де бойды жылытып, күннің суықтығын сездірер емес. Қарап тұрып, «Шіркін-ай, жәрмеңке – молшылық пен несібенің негізі екен-ау» деген ойға келесің.
Аталған жәрмеңкеде ауылшаруа­шылығы еңбеккерлері жаз бойы күтіп-баптаған өнімдерін аудан тұрғындарына ұсынды. Атап айтқанда, жәрмеңкеге 8 тонна Сыр маржаны, 19 тонна картоп, 12 тонна бақша өнімдері, 10 тонна мал азығы, 1 тонна сүт өнімдері, 0,5 тонна макарон, 0,5 тонна сиыр еті және тағы да басқа ауылшаруашылығы өнімдерінен 60 тоннадан астам өнім әкелінген. Диқан қауымының маңдай тері мен елдің дәмі бар, экологиялық таза өнімдерді сатып алуға ағылған кент тұрғындары керегін тауып, мәре-сәре сауда жасады.
Жәрмеңкені аралаған аудан басшысы ала жаздай атыз жағалаған диқандар мен төрт түлігін түлеткен шаруалардың еңбегіне жеміс тіледі. Осылайша берекелі күз мерекесі еңбек адамдарын марапатпен марқайтып, қарапайым тұрғындарды нарық бағасынан арзан өніммен кенелтті. Қысқасы, бұл көпті қуанышқа бөлеген игі іс-шара болды.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (суреттер)
16 қараша 2021 ж. 669 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 223

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 329

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930