» » Жоспар ауқымды, жұмыс қарқынды

Жоспар ауқымды, жұмыс қарқынды


Аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлы Нұртайдың 2021 жылдың өткен мерзімінде атқарылған жұмыстарының есебі

Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйымдастыруға бағытталған бас­тамаларын жариялады.
Президент Қазақстан халқына Жолдауын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сөздерімен бастады. Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр.
Тәуелсіздік жылдарының ішінде аудан халқының саны 10 процентке артып, 4,7 мың адамға көбейді. (49,1 мың адамнан 53,8 мың адамға).
30 жыл ішінде аудан бойынша жалпы 67 әлеуметтік нысан, атап айтқанда 14 мектеп, 9 балабақша, 12 денсаулық нысаны, 7 мәдениет және 25 спорт (2 спорт кешені, 1 стадион, 22 спорт алаңы) нысаны және Байқоңыр қаласында 50 пәтерлік 5 тұрғын үй пайдалануға берілген.
Президент Жолдауынан туындайтын басты бағыт – экономиканы дамыту. Бұл бағыт мемлекеттік қаржыны басқару және Ұлттық қорды дамыту тұжырымдамасы, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын ұзарту, цифрлық үкіметтің жаңа архитектурасы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Пандемияға қарамастан ауданымызда әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту бағытында оң динамика бай­қалады.
Атап айтар болсақ, 2021 жылдың 9 айында өнеркәсіп саласының кәсіп­орындары 2 млрд 577 млн теңгенің өнімін өндірді, оның ішінде өңдеу өнер­кәсібінде 1 млрд 952 млн теңгенің өнімі шығарылды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жал­пы көлемі 12 млрд 63,8 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда өсім 5,1 процентті құрады.
Ауданымызға 6 млрд 525 млн теңгеге инвестиция тартылып, 2 млрд 236 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Мемлекет басшысы Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары 2022 жылы іске асыру жалғасатындығы айтылған.
Жалпы, ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3913 бірлік (оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны 3526 бірлік немесе 90,1 процент), ал онда жұмыспен қамтылғандар саны 5676 адамды құрайды.
Кәсіпкерлік субъектілерімен 4 млрд 935 млн теңгенің өнімі шығарылды.
Мемлекеттік бағдарламалар шең­берінде 369 жоба 1 млрд 133 млн теңгеге қаржыландырылды, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қаржыландырылған сомасы 1,8 есеге артты (2020 жылдың 9 айында 378 жоба 613 млн теңгеге қаржыландырылды).
Оның ішінде: «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен да­мытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 114 жоба 642,2 млн теңгеге несиелендірілді.
Бағдарлама шеңберінде ісін жаңа бастаған 5 жас кәсіпкерге 11,2 млн теңгенің гранты берілді.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 73 жоба 251,2 млн теңгеге несиелендіріліп, ісін жаңа бастаушы 150 азаматқа 87,5 млн теңгенің гранты берілді.
«Микробизнес – Қызылорда» бағдар­ламасы шеңберінде 25 жоба 110,0 млн теңгеге несиелендірілді.
«Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорының» жеке қаражаты есебінен мал шаруашылығын дамытуға 2 жоба 26,0 млн теңгеге несиелендірілді.
Сонымен қатар, жыл басынан бері 4 ауылшаруашылық құрылымдары жалпы құны 1 098,0 млн теңге болатын 15 ауылшаруашылығы техникаларын «КазАгроҚаржы» АҚ-нан лизингке алды.
Аудан әкімдігі жанынан кәсіпкерлер кеңесі құрылып, кәсіпкерлік саласына қатысты маңызды мәселелердің шешу жолдарын қарастыру, талқылау және ұсыныстар енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда.
Айта кеткен жөн, кеңес барысында карантин талаптарына сәйкес кәсіп­кер­лерді толғандырып жүрген ұсыныс-пікірлері ортаға салынады. Кеңес отырысы екі апта са­йын тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Ауылшаруашылығы саласы аудан экономикасын дамытудың басымдық бағыт­тарының бірі болып табылады. Аг­роөнеркәсіптік кешенді дамытуда әртарап­тандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
Бұл сала мемлекеттің қолдауымен жақсы дамуда, жыл басынан 1 млрд 76,8 млн теңге көлемінде субсидия (егін шаруашылығына – 1 млрд 5,3 млн теңге, мал шаруашылығына – 71,5 млн теңге) есептеліп берілді.
Ағымдағы жылы жалпы егіс көлемі 24747 гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1835 гектарға артты (2020 жылы – 22912 гектар).
Алайда су тапшылығы болжамына байланысты күріш егісінің көлемі өткен жылдың көлемінен 500 гектарға қысқартылып, есесіне әртараптандыру дақылдарының көлемі 1265 гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының көлемі 250 гектарға, мал азығы дақылдарының көлемі 996 гектарға артты. Сондай-ақ, алма бағының көлемі 9 гектарға ұлғайтылды.
Егіске пайдаланылатын суармалы судың тапшылығына байланысты «Батыс Қармақшы» Қашыртқысынан «Қурайлы» каналының П309 пикетіне қосымша су салу үшін ұзындығы 11 шақырымды құрайтын канал қазылды. (8,5 шақырым ескі арнаға механикалық тазалау жүргізілсе, 2,5 шақырым тыңнан канал қазылды).
Бұдан бөлек Қармақшы ауылдық округінде Қараөзек арнасының «Қожан­тай» учаскесіндегі су тоспасының құры­лысын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Күріш көлемі 500 гектарға кем егіл­генімен, бүгінгі күнге күріш дақылының әр гектарынан 67 центнерден алынып, 88 мың тонна өнім жиналды.
Үздік шаруашылықтар қатарынан «Ақтөбе и К» (80,9 ц/га), «Жаңажол» (76,1 ц/га), «Достық Жер МК» (69,0 ц/га) серік­тестіктерінде жоғары өнім алынып отыр.
Әртараптандыру жұмыстарын жүйе­лі жүргізу нәтижесінде және су тап­шылығына қарамай орналастырылған егістен жоғары өнім жиналуына байланыс­ты Қармақшы ауданы облыс бойынша «Ауылшаруашылығы саласы бойынша үздік аудан» атанды.
Мал шаруашылығында өсім бай­қалады. Атап айтқанда, төрт түлік бойынша өсім орташа 5,5 процентті құрайды.
Мүйізді ірі қара басы 2,2 процентке (31561 бас), қой басы 8,3 про­цен­тке (37135 бас), ешкі басы 3,3 процентке (18942 бас), жылқы басы 10,4 процентке (11586 бас), түйе басы 5,4 процентке (3675 бас), құстар 3,6 процентке (18314 бас) өсті.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағалары күнделікті бақылауда.
Әлеуметтік маңызы бар негізгі 19 түрлі азық-түлік өніміне күнделікті мониторинг жасалып, қазіргі таңда күнделікті бақылауға алынған.
Ауданның кәсіпкерлері азық-түлік тауарларын көрші Түркістан, Ақтөбе, т.б. облыстарынан әкеліп, халықты тұрақты түрде қажетті өнімдермен қамтамасыз етуде.
Негізгі азық-түлік тауарларын жеткізетін жеке кәсіпкерлермен жыл са­йын ынтымақтастық меморандум жасалып тұрады.
Бүгінгі күнге дейін ауданда 2 рет, Қызылорда қаласында 5 рет, Нұрсұлтан қаласында 1 рет және Байқоңыр қаласында 1 рет ауылшаруашылық өнім­дерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарға қолжетімді бағада сауда жасауға мүмкіндік жасалды.
Сонымен қатар, ауданымыздың екі дүкенінде 19 түрлі азық-түлік өнім­дері төмен бағада сатылуда, оның ішінде Жосалы кентінің кәсіпкері Б.Ешмұратов өңірлік тұрақтандыру қорынан 0,1 процент үстемемен 20,0 млн теңге несие алуының есебінен Жосалы кенті («Достық» дүкенінде) және Төретам кентінде (Құлқашов көшесі №21 мекен-жайында орналасқан дүкен) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері сатылатын сөрелер қойылды.
Бөлшек сауда көлемі 3 млрд 270 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4 процентке өсті.
Сауда саласын дамыту бойынша ауданда жыл басынан сауда үйлері ашылып, тағы бірқатары ашылуға дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Олардың ішінде «Технодом», «Ажар», «Адина», «Мағжан» сауда желілері, «Ақсарай» кешеніндегі сауда орталығы және ашылуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан «Светофор» сауда орталықтарын атап өткім келіп отыр.
Қазіргі таңда аудан көлемінде атқарып жатқан жұмыстарға тоқталатын болсам:
Басты жаңалығымыз – бұл аудан орталығы Жосалы кентінің көгілдір газға қосылуы. Қай кезде де табиғи газдың берілуі экономикалық өсу мен әлеуметтік дамудың маңызды бөлігі болып саналады. Қазір Жосалы кентінде табиғи газды әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлерге орнатып, құрып беруде 7 қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр.
Бүгінгі күнге дейін Жосалы кентіндегі 4360 тұрғын үйдің газ желісін қосуға 1266 өтінім тапсырып (немесе барлық үй санының 30 проценті), 864 тұрғын үй табиғи газға қосылған (немесе барлық үй санының 20 проценті).
Сонымен қатар, республикалық және облыстық бюджеттер қаражаты есебінен құрылыс, күрделі және ағымдағы жөн­деу, абаттандыру жұмыстары жүр­гізілуде:
– Жаз-қыс мезгілінде балалар демалыс лагерінің құрылысын аяқтау мақсатында облыстық бюджеттен 783,3 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде;
– Байқоңыр қаласының сумен жаб­дықтау және су беру жүйелерін реконструкциялау бойынша 1 кезең Су бұру құрылысы (РБ - 773,3 млн теңге);
– Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысы (РБ – 1 млрд 225,2 млн теңге);
– Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысы объектісінің инженерлік инфрақұрылым желілері жүргізілуде (339,9 млн теңге қаралып, оның ішінде сыртқы электр жүйесімен қамтамасыз етуге 26,0 млн теңге, газбен қамтамасыз етуге 26,8 млн теңге, кәріз және ауыз су жүйелерімен қамтамасыз етуге 68,8 млн теңге, жылумен қамтамасыз етуге 218,3 млн теңге);
– Төретам кентіндегі ауыз сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы (159,8 млн теңге) мен 20 көшенің орташа жөндеу жұмыстары (397,0 млн теңге);
– «Рәміздер алаңы» салынды (29,5 млн теңге);
– Қуаңдария ауылдық округінде 100 орындық ауылдық клуб құрылысы бас­талды; (2021 жылы бастауға – 50 млн теңге);
– Жосалы кентінде көпқабатты тұрғын үйлер ауласынан 5 балалар ойын алаңын (17,5 млн теңге) орналастыру жұмыстары жүргізілді;
– Жосалы кентіндегі 6 көшенің орташа жөндеу жұмыстары (349,5 млн теңге);
– Ақай ауылдық округіндегі 7 көшенің орташа жөндеу жұмыстары (204,1 млн теңге);
– ІІІ Интернационал ауылдық окру­гіндегі 3 көшенің орташа жөндеу жұ­мыстары (121,9 млн теңге);
– Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және аз қамтылған көпбалалы отбасыларға коммуналдық тұрғын үй қорынан 10 тұрғын үй сатып алынатын (92,0 млн теңге) болады;
– Жосалы кенті, Теміржол көшесіндегі екі қабатты 8 пәтерлі тұрғын үйге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді (5,8 млн теңге);
– Тұрғындарды тұрақты аяқ сумен қамту мақсатында жаңадан 4 трансформатор (16,0 млн теңге) мен 4 насос (26,0 млн теңгеге) жаңартылды;
– Қармақшы, Қуаңдария, Ақай ауылдық округтерінде аяқ су жеткізу үшін 3 насос сатып алынды (20,1 млн теңге);
– Қармақшы ауылдық округінде аяқ су келтіру мақсатында Сырдария өзенінен 5,3 шақырым қашықтықта Қасқыр Наметша каналын (4,3 млн теңге) қаздыруға;
– Алдашбай ахун ауылдық округіндегі оң жағалау коллекторында орналасқан Қуаңдария каналынан 1,5 шақырым қашықтықта (2,4 млн теңге) канал тазалау жұмыстары жүргізілді;
– Т.Көмекбаев ауылы бойынша оң жағалау коллекторы арқылы Қуаңдария каналынан малдың өтуін қамтамасыз ету мақсатында (5,7 млн теңге) маусымдық құрастырмалы мал өткелі салынуда (көпір).
Жолдауда көтерілген өзекті мәселенің бірі – денсаулық сақтау саласы.
Денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда 115 орындық аудандық орталық аурухана, 250 орындық емхана, 6 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық бекет бар. Қазіргі таңда 71 дәрігер, 395 орта буын қызметкерлері, 104 кіші буын, 156 басқа қызметкерлер жұмыс жасау­да. Дәрігерлердің 59,1 проценті, орта буын қызметкерлерінің 65,4 проценті санаттылық дәрежеге ие.
2021 жылдың 9 айында ауруханаға – 3053 науқас түскен, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 34 науқасқа кеміген (2020 жылы – 3087 науқас).
Өздеріңізге белгілі, денсаулық сақтау саласында өткен жылы ғаламның ортақ проблемасына айналған «СОVID-19» пандемиясы орын алды. Пандемиямен күрес шаралары аясында біршама жұмыстар жүргізілді.
Аудан бойынша эпидемиологиялық жағдай, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі және халықты жаппай вакцинациялау шараларын күшейту бағытында жұмыстар істеліп, штаб құрылып, мониторингтік топтың жұмысы жолға қойылды.
Аудан бойынша ағымдағы жылы (1.11.2021 ж. жағдайы бойынша) 776 жағдай тіркелген, оның ішінде симп­томды – 323, симптомсыз – 453. Жалпы 747-і емделіп шығып, қалған 9 ауру бокс палатада, 8 ауру үй карантиніне жатқызылған.
Коронавирус инфекциясының көр­сеткіші күрт көбейген жағдайда қосымша жабдықталған 150 төсектік орын дайын. Сонымен қоса, 12 өкпені жасанды желдету аппараты, 42 оттегі концентраторы, дәрі-дәрмек, керекті құрал-жабдықтар, 50 оттегі баллондары мен концентраторлар, рентген мен ИВЛ аппараттары жұмыс жасап тұр.
Ауданда коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау, алдын алу бағыты бойынша мониторингтік топ құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күнге 399 нысан жұмысын қайта бастаған. Құрылған мониторингтік топ құрамымен жыл басынан бері 385 рейд ұйымдастырылып, 1835 нысан араланды.
Ауданда қазіргі таңда COVID-19 індетіне қарсы екпе 29759 тұрғынға егілді.
Алдағы уақытта аудан тұрғындарының денсаулығын нығайту және денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
Жолдауда еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басым­дықтарының бірі – білім беру саласы екендігі баса көрсетілді.
Қармақшы ауданы бойынша 28 жалпы орта білім беретін, 1 негізгі орта, 1 кешкі мектеп, 2 мектептен тыс мекеме жұмыс істейді.
Ауданда 38 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс істесе, оның ішінде 13-і жекеменшік, 24 балабақша, 1 шағын орталық. Аудан бойынша балабақшамен қамтылған бала саны – 3260 болса, оның ішінде жекеменшік балабақшада – 732 бүлдіршін тәрбиеленуде. 3-6 жастағы балаларды қамту үлесі 100 процентті құрап отыр.
2021-2022 оқу жылын 29 мектепте 15235 оқушы дәстүрлі форматта бастады. Жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 1670 оқушы қабылданды.
Мектептерде дәстүрлі оқытуды жүзеге асыру қатаң санитарлық шектеу шараларының енгізілуімен жүргізіледі.
Инфекцияның таралу қаупін азайту үшін оқушылар 5 сатыдан тұратын дезинфекциядан өтеді.
«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен 527 оқушыға қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер және кәсіпкерлер тарапынан көмектер көрсетілді.
2020-2021 оқу жылында 674 мектеп бітірушінің 578-і ҰБТ-ға қатысып, аудан бойынша орташа көрсеткіш 84,6 баллды құрады.
Мемлекеттік білім гранты конкурсына 508 оқушы қатысып, 451 оқушы грант иегері атанды (немесе конкурсқа қатысқан оқушылардың 88,7 проценті).
Аудан бойынша 674 мектеп бітірушінің 63-і «Алтын белгі» иегері атанды.
Әлеуметтік салаға келсек, ауданда есепті мерзімде жұмыссыздық деңгейі 5,1 процентті құрады.
Экономикалық белсенді халық саны 23 804 адам, оның ішінде жұмыспен қамтылғаны 22 590 адам.
Жұмыс іздеуші ретінде орталыққа хабарласқан 2 582 адамның 894-і тұ­рақ­ты жұмысқа орналасты.
2021 жылы аудан бойынша 1611 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып, 9 айда 1932 жаңа жұмыс орындары ашылды, немесе жылдық жоспар 120,3 проценке орындалды.
Еңбекпен қамтудың белсенді іс-шараларымен 1652 адам қамтылып, тұрақты жұмысқа 424 адам орналастырылды.
Аудан бойынша 1914 отбасының 9130 мүшесіне 572 млн 977 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді.
Сонымен қатар, жергілікті өкілетті органдардың шешімімен берілетін әлеуметтік көмектер бойынша 559 адамға 64,6 млн теңге әлеуметтік жәрдемақылар төленді.
Биылғы жылы мәдениет саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Бастау» би тобы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Алаш Star» онлайн өнер фестиваліне қатысып, бас жүлдені иемденді.
Мемлекет басшысы Жолдауда бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлген.
Биылғы жылғы жарқын бастамалардың бірі – бұқаралық спортты дамытуда Жосалы кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (465,5 млн теңге) құрылысы басталды.
Ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны – 18393 адам болып, 34,2 процентке жетті.
Жыл көлемінде аудан спортшылары спорт түрлерінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен Кубоктарында 10 алтын, 11 күміс, 10 қола медальды жеңсе, Азия чемпионатында 2 қола, Азия кубогінде 3 қола, Әлемдік Гран-при турнирінде 2 алтын, 2 қола жеңіп алды.
Мемлекет басшысы жаңа уақыт талаптарына сәйкес еліміздің экономикалық дамуына, өнеркәсіпті күшейтуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін ауылшаруашылығы саласына аса көңіл бөлуге, білім және ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау, бизнес және әлеуметтік мәселелер секілді елдегі барлық саланың жұмыстарына қатысты міндеттерді бекітіп берді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беріп, шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Қармақшы ауданының 2024 жылға дейінгі Даму жоспары» бекітілді. Жос­парда жалпы 62 жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде басымдық алып отырған ірі жобаның бірі – Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасын іске қосу болып отыр. Қазіргі таңда жоба бойынша құс фабрикасының құрылыс жұмыстары аяқталып, құрал-жабдықтар алу жұмыстары жүргізілуде.
Ауданымызда жыл басынан қысқаша атқарылған жұмыстар – осы. Ел Президенті атап өткендей, Қазақстан халқының ертеңін еңселі, болашағын баянды, келешегін кемел ету – біздер үшін зор абырой. Өйткені халық сенімінен артық баға жоқ.
Алдағы уақытта да ауданымызда атқарылатын игі істердің куәсі бо­латындарыңызға сенімдеміз.
16 қараша 2021 ж. 479 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 018

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031