Қасиетті Қармақшым
Күнгейден нөпір жырдың көші келген,
Сұлу Сыр кербезденіп төсін керген...
Қасиетті Қармақшым, құнарлы өлкем,
Небір дүлділ жырауды өсірген ең!...
Иә, күн санап көркейіп, жыл санап жаңарған абат мекеннің бүгінгі болмысы өзгеше. Даму қарқыны да өзгелерден көш ілгері екенін мойындау керек. 90 жылдан астам уақыт бойы бағындырған белестеріміз бен шыққан шыңдарымыз ауыз толтырып айтарлық. Тарихы тереңнен басталатын қасиетті туған жердің әрбір жетістігіне марқайып отырамыз. Ауыл – қазақтың қарашаңырағы болса, сол елді мекендердің дамуы біздің ауданда жолға қойылған. Маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген еңбеккерлеріміз де жыл сайын қамбамызды дәнге толтырып, шаруашылықтың шырайын келтіруде. Қазыналы жұрттың мерейлі мерекеге қосқан үлесі де шексіз. Аудан тұрғындары егеменді елімізді өркендету жолында аянбай еңбек етіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Осы жерде туып өссем де Қармақшыға күн сайын ғашық болып жүргендеймін. Нағыз қазақылықтың иісін шығарған тұрғындары да өзгеге ұқсамайды. Жүздері жылу мен қуанышқа толы, қонақжай әрі қолда барын беруге даяр жандар дәл осы қармақшылықтар. Еңбекші халықтан бөлек өнерлі жан қатары саусақпен санарлық деуге келмейтіндей. Он саусағынан өнер тамған өнерпаздар арасынан ұлттық аспаптың қыры мен сырын меңгерген, жыр мен халық әнін үздік орындайтын әнші мен жазушы, ақындарды табу да қиынға түспейді. Кенттегі этно ауыл саябағы, ардагерлер аллеясында серуендеу – бір ғанибет. Сыр желінен тербелген ағаш бұтағынан әдемі әуен естілетіндей. Ауылға кірер беттегі «Жосалы» деген жазудың өзі мейірімді әрі қонақжай көрінеді. Күллі Қазақстанға әйгілі Сырдария сұлулығын сөзбен айтып жеткізу тіптен мүмкін емес. Балыққа бай, қасиетті Дария өзені – бұл мекеннің баға жетпес байлығы. Оның әр тамшы суы тұрғындар үшін алтыннан да қымбат. Қорқыттың өзі болмаса да, сөзі қалған бұл киелі мекенде туып-өсу – бір бақыт.
Аудандағы тарих пен шежіреге толы мұражай сөрелері – елге елеулі жандар, сырға тұнған музей экспонаттары мен көне қалашық ескерткіштеріне толы. Мұнда бабадан қалған сыры көп Сортөбе мен Шірік-Рабат қалашығынан табылған құнды заттар мен деректерді молынан алуға болады. Ал кітапхана қоры жергілікті және қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдыздарының кітабына толы. Рухани қазыққа айналған, ерекше сәулетімен көзге түсетін Қорқыт ата кешені де кенттің солтүстік-батысынан орын тепкен. Өшпес өмір іздеген Қорқыт бабамыздың мәңгі мекеніне айналған Қармақшы ауданы бұл күнде көпке әйгілі. Түркі әлемінің абызы – Қорқыт атаның мемориалды кешені тек қазақстандықтардың емес, күллі әлем халқының қызығушылығын тудырады. Дүр Оңғар, Ана мен бала аллеясы секілді ауданның көркем жерлерін насихаттамақ ниетте «Туған жерім – қасиетті Қармақшым» атты ағылшын тілінде сабақ өттім. Басты мақсат – көрікті жерлерді жас ұрпаққа көрсету. Тіпті біздің өңір емес, шетелдік туристерге қызығырақ болуы да нысанаға алынды. Алдағы уақытта да өңірдің тыныс-тіршілігі мен дамуына үлес қосып, осындай игі іс-шаралар жалғасын таба береріне кәміл сенемін.
Руза ИЗЫҚҰЛОВА,
облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы
облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы