» » Бізге «психолог» керек пе?

Бізге «психолог» керек пе?

Бақытты болуды, арманның орындалуын, баюды үйрететін «мамандар» қыста қар сататын саудагер сықылды. Түсінбей қалдыңыз ба? 1983 жылы бір сурет түсіріліпті. Онда американдық суретші Дэвид Хэммонс Нью-Йорк көшелерінің бірінде әртүрлі пішіндегі қар сатып тұр. Қызығы да сол, қыстың қарлы күні сатып алушылардың көп болғаны. Қазір де солай секілді.

Не көп? Тренер, психолог, коучинг көп. Мұнымен шектеліп қалмайды. Керісінше, естімеген түрлі атаулы мамандықты естіп, біліп, көріп жүрміз. «Афермация» деген нәрсе шықты. Арманыңды ойлап қана қоймайсың, керісінше, «мен үйтемін, мен бүйтемін, бай боламын, астымды тай болады» деген қиялыңа қанат бітіретін «сиқырлы» сөз. Айтуларынша, сол орындалады екен. Аспаннан келе салмайтыны рас қой. Оған да талпыныс, қарекет керек. Бірақ олар адамға еңбек ет деп емес, сол еңбекке қиялмен жет деп дәріс береді. Бірде бір танысым қаладан танымал коучинг келеді деп бір апта дайындалды. Үйіндегі отағасының қалтасын тінтіп, ақыры пәленбай соманы сөмкеге салды. Содан не керек, әлгі сабақ па, дәріс пе, әлде тренинг пе, әйтеуір соған барды. Бір ғана сағатқа созылған тренингтен келген құрбым өзгерген. «Көзі ашылып, көкірегі ояныпты».
– Не деді? – дедім қызықтай.
– Білесің бе, бізге афермация қажет екен.
– Не үшін?
– Барлығы орындалады, – деп екі көзі жайнап, езуі ыржың қақты.
«Әкәзівәйітсә, біз қай істі болмасын бастарда өзімізге сенімді болуымыз керек екен. Бізге сол сенімділік, батылдық келсе, барлығын жеңеміз» деді ол тағы да. Құдай-ау, сол сенімділікті білмей жатқандар көп пе екен деген ойда қалдым. Не керек, бала-шағасының аузынан жырып апарған ақшасы ақталса екен дедік іштей. Бірақ бір сағаттық дәріс өмірде ата-әжелеріміз айтатын ақылға жетпейтіні айқын еді. Түсінгісі келмеді. Солай «афермациялап» жүріп бәрі ұмыт қалды. Мұнда байқағанымыз коучинг адамға психологиялық шабуыл жасайды. Яки «сізде несие бар ма, өмірден түңілдіңіз бе, кәсіп бастағыңыз келе ме, бақытты болу ше» деген сарындағы сөздермен назарын өзіне аудартады. Жарқыраған жарнаманы көрген көбі сол нәрсеге ақшасын қамдап барады. Баста қыстыгүні қар сатқан суретшіні не үшін жазды дейсіз? Енді қараңыз, мұндай тренингтерде айтылған «ақылды» өзіңіз де жақсы білесіз. Тіпті жақындарыңыз да күнделікті айтып отырады. Сол өзіңіз білетін кеңесті ақшаға сатып алып отырғаныңызды білесіз бе? Міне, қыста қар сатқан саудагер қазіргі біздің ақылы коучингтеріміз. Тереңінен ойланып көріңіз.
Психолог дегені тағы бар. Жалпы қазаққа психология керек пе? «Бұрынғы ата-бабаларымыздың кеңесі өзін-өзі тәрбиелеуде үлкен рөл атқарса, бертін келе психологияны зерттеген Жүсіпбек, Шәкәрімдеріміз де тектен-текке психологияны зерттемеді» дейді көбі. Көнекөздерге бұл мамандықты айтсаң онша түсіне бермейтіні рас. Өйткені олар өсиетпен өсті. «Тәйтпен» тыйылды. Үш болдыны құлаққа құйды. Ол кезде ата, әже, ана, әке, тіпті аға-әпке, жеңгелердің өзі психолог болатын. Қош.
Америка киноларынан жеке пси­хологымен сөйлесіп отырған кейіп­керлерді жиі көреміз. Өйткені ол жақта психологиялық көмек стандартты медициналық жинаққа кіреді. Біздің қоғам да психологқа бару мәселесіне үрке қарайтын әдетін азайта бастағандай. Психолог көмегіне жүгініп, әдеттегі дәрігерге көріну сияқты қалыпты жағдай екенін түсіне бастады.
Бәріміз де ашуланамыз, жұрт не дейді деп ойлаймыз, өзгелердің көңілінен шығуға тырысамыз. Мұның барлығы қалыпты жағдай. Бірақ осындай сезімдер шегінен шығып, қалыпты өмір сүруге кедергі келтіріп, жанымызды мазалай бастаса ше? Психологтың міндеті осы мәселелердің себебін анықтап, жайсыздықты жеңуге көмектесу. Кәсіби білімі бар психолог жағдайды тереңірек түсінеді, адамның қалаған нәрсеге қол жеткізуіне не кедергі болатынын анықтайды. Бірақ бұған кім кепіл бола алады? Бір апта психолог кеңесіне жүгінді делік. Нәтижесі бір айға созылар. Мейлі бір жыл. Одан соң ше? Күйзеліске түссе тағы да сол психологке барып, мұңын шаға ма? Абайдың өзі «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде. Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме» дейді. Яғни өз болмысыңды зертте дейді. Ендеше өзге емес, өзімізді өзіміз неге зерттемеске? Алдымен сана, одан соң ой. Жақсы нәрсе ойласаң, барлығы оңалуы мүмкін. Сол үшін де қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді.
Иә, жиырма жыл бұрын әр мектепке бір психолог керек деген мәселе көтеріліп, оған қол жеткіздік. Көпке топырақ шашпайтынымыз анық. Бірақ сапаға да көңіл бөлген жөн. Егер тіс дәрігерімін деген маманның өз тісі шірік, нашар болса, сіз барар ма едіңіз? Бұл да сол секілді, алдымен өзінің жан-жарасын емдей алмаған психолог адамға көмек бере алмайды.

Түйін
– Арамыз суып барады, дереу пси­хологқа баруымыз керек. Бір курсы 60 мың теңге, – деді әйелі жұмыстан енді ғана шаршап келген күйеуіне.
– Оның бізге не керегі бар? – деп ашуланған жұбайын елемеген әйел:
– Бақытты болудың, табысудың сы­рын айтады, – деді беймарал. Сонда күндегі ыңқыл-сыңқылдан шаршаған күйеуі:
– Өмір сүріп жатқан екеуміз. Арадағы дүниені айдаладағы біреуге айтамыз. Ал ол өзіміздікін өзімізге айтады. Әй, оданда енемнің үйіне барайық. Ол мұндай кеңесті тегін-ақ береді ғой, – деген екен.
Айнұр ӘЛИ
06 қараша 2021 ж. 511 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031