Бір әйелге қос күйеу
Қазір өзі бірінен соң бірі шыққан түрлі ақпаратқа таң қалмайтын болдық. Әр аптада әртүрлі тақырыптың мүйіші шығып-ақ тұрады. Кеше ғана «бір әйелге екі еркек» дегенді естіген жұрт шулап кеткені бар. Онда психолог Серікгүл Сәли қазақ әйелдеріне заң жүзінде екі күйеуге шығуға рұқсат етуді ұсынды. Көксегені не?
Тоқал тақырыбын жиі көтеріп жүрген белсенді Әмір Мәуленов пен психолог Серікгүл Сәли журналист Нартай Аралбайұлының Youtube арнасында қонақта болды. Әмір Мәуленов әрбір жігітте кемінде екі әйел болу керек десе, психолог керісінше әйелге екі күйеуге шығуына рұқсат беру керек деген ұсынысын жасады. "Бір еркекке екі әйел алуға болады деген заң қабылдану керек. Бір әйелдің екі күйеуі болуы тиіс. Мен әйелдердің психикасын солай қорғағым келіп тұр. Әйел туып жатқанда баланы асырауға шамасы келмейді. Кей күйеулер болса, жатыпішер, үйде жатады. Сондықтан екі күйеуге тұрмысқа шыққысы келетіндер бар шығар" деді психолог. Енді жетпегені осы ма? Кейде Қазақстанда тұрсаң, ішің пыспайдыға салып кетеді екенсің. Қош. Мұндай көпкүйеулі болуды алғаш біліп отырсаңыз, сіз білмейтін бірнеше дерек жазғалы отырмыз. Айтпақшы мұны – полиандрия деп атайды екен. Бұл – бір әйел екі немесе одан да көп ер адамның әйелі болатын неке нысаны дейді гугл әпке.
Үндістан. Көкжәшікте жылдап сериалын көрсетіп, риясыз махаббатын көрерменіне сыйлаған бұл мемлекетте барлығы ертегідей емес. Кейбір үнді аймақтарында матриархаттық жүйе басым. Мәселен, бұрынғы Джамму мен Кашмир штаты таулы аймақта орналасқан. Биік таулы үстірттерде құнарлы жер аз, сондықтан полиандрия жердің бөлінуіне жол бермеудің тамаша тәсілі болыпты-мыс. Дәстүр бойынша үлкен ағасы отбасында бірінші болып үйленді, ал әйелі автоматты түрде басқа ағаларына тұрмысқа шығады. Сонда жер үлкен ұлдың қолына өтеді. Мұнда әйелдің бас тартуға құқығы бар. Ал егер ол келісімін берсе, онда ағайындылар кезек-кезек, бір аптада неке міндетін бөліседі. Қазір бұл дәстүр ескірген деп саналады. Бірақ әйел бірнеше күйеу алғысы келсе, заң кедергі болмайды. Оған мысал – Раджо Верма. 2013 жылы 21 жастағы қыз бес ағайындаға тұрмысқа шықты. Көп ұзамай әйел баласының әкесі қайсысы екенін таба алмай, дал болғаны бар.
Ал 1963 жылы Непалда көп әйелді некеге тұруға тыйым салынған. Бірақ өткен ғасырлардағы дәстүрлерді сақтай отырып, кей тұрғындар белсенді қолданатын заңдағы олқылықтарды қалдырды. Полигамия Долпа, Гумла, Коши аймақтарында жиі кездеседі. Сонымен қатар, Непалдағы әйел өмірінің құны ерлерге қарағанда төмен. Бұл Конституцияларында бекітілген. Жақында бұл елдің әйелдері жеке басын куәландыратын құжатты өздері алуға құқылы болды (бұрын төлқұжат алу үшін күйеуінің рұқсаты қажет болған). Тағы бір таңқаларлық жағдай жойылды: сарайлардағы "сыни" күндер кезінде әйелдерді жабу, өмір сүру жағдайларын нашарлату, тамақ бермеу. Ең бастысы, әйелге қатысты зорлық-зомбылық 2015 жылы криминализацияланды.
Қара Африка, яки Сахара шөлінің оңтүстігіндегі елдер азаматтығына қарамастан, жергілікті тайпаларда полиандрия да, полигония да кең таралған.
Қытай аумағында көп әйелдікке қолдау жоқ. Бала тууды азайту мақсатында көп әйел алуға рұқсат беру бастамасы мақұлданбаған. Дегенмен Тибетте, ҚХР-дағы даулы аймақта бұл әдеттегіше тәжірибе ғана. Мұндағы себеп Үндістанмен бірдей: шектеулі ресурстар. Бірнеше ұлдары бар отбасы әр ұлға жеке емес, барлығына бір қалыңдықты "сатып алу" оңайырақ екен. Тибетте әлі күнге дейін әйелдердің шамамен 15 проценті (негізінен шалғай ауылдардың тұрғындары) бірден бірнеше бауырлармен қарым-қатынаста отбасылы болады.
Не түйдік? Алдымен отандық психолог көксеген әйелді еркекке теңестіру қағидасы бос әңгіме. Себебі өзге мемлекетте заң рұқсат берген көпкүйеулі болу әйел статусының биік тұруында емес. Сол әйелдің басқа амалы болмағанында болып отыр. Ал «осы арқылы қазақ әйелдерінің психикасын қорғағысы келгені» тіпті сасқандық. Статистикаға көз жүгіртіп, сандарды сөйлетпей-ақ қоялық. Себебі соққыдан көз жұмып, тиран күйеуден қаша алмай жүрген шарасыз әйелдер қаншама? Одан соң, қазақ менталитеті мұны көтермейді де. Рухани жаңғырамыз деп жүргенде, ата салттан ада болып, адасқанның көкесін көрмесек болғаны.
Айнұр ӘЛИ