» » Жомарттың қолы алтын

Жомарттың қолы алтын

Қазір алақан жайып, «алма піс, аузыма түс» деп үйде қарап отыратын заман емес. Әркім әл ауқатының, қарым-қабілетінің жеткенінше тырмысып тіршілік етуде.  Табан ет, маңдай терінің арқасында кәсібін дөңгелетіп, өзінен артылғанын өзгемен бөлісіп, сауапқа кенеліп жатқандар да жетерлік. Жақсылығын пұлдамайтын, қайырымдылық етсе қайыры болатынын білетін
кәсіпкер Тынышкүл Үкібаеваны жосалылықтар жақсы таниды.

Бірер күн бұрын кент ішіндегі көпбалалы, тұрмысы төмен, жалғысбасты 21 үйге 21 келіден картоп таратқан Тынышкүлдің тарапына алғыс айтушылар редакцияға да келді. Бұған дейін де жомарт жанның мешітте ұйымдастырылатын қайырымдылық іс-шаралардан қапы қалмай, көмек сұрағандардың қолын бос қайтармайтынын естіп, біліп жүргенбіз. Өзімен аз-кем әңгімелесу үшін көтерме бағада жеміс-жидек пен көкөніс сататын дүкеніне бардық. Қалағаныңды, іздегеніңді, керегіңді қолжетімді бағада осы жерден табасың. «Еңбегімді ел біледі, мені өсірген халықтың батасы» деп әңгіме бастаған әпкеміз ашық-жарқын. Қиын­дыққа мойып, мақсатынан танған кезі жоқ.
– Картоп таратыпсыз деп бүгін тағы 3 адам келді. Олардың қолын қалай бос қайтарайын. Қолдан келсе көмектескенге не жетсін. Менен ғана көтерме бағада көкөніс алып сататын 30 шақты тұрақты дүкенім бар. Затты Шымкенттен әкелемін. Небір қақаған аязда далада тұрып, жазда аптап ыстықта жүріп аяққа тұрдық. Барлығы халықтың арқасы. Мемлекетке, халыққа не берем демесем, не алам деген ой болған жоқ. Жеке камазымыз бар. Ылғи жолда жүреміз. Сондықтан аузымыздан Алланы, шүкірді тастамаймыз, – дейді  ол ағынан жарылып.
Жайма базарда жүріп жеке дүкен ашқан оның сауда саласында жүргеніне 20 жылдан асыпты. Бүгінде 4-5 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Алғашында Байқоңыр қаласында үй аралап жүріп нан мен сүт саттым. 2 ұл, 1 қызым бар. Жалғызбасты анамын. Балаларымның алды келін түсіріп, немере сүйіп отырмын. Қалғаны студент. Байқоңыр қаласында көкөністер саттым. Бір үйде өскен 4 қыз анамыз Ырыстыжанның жанында жүріп саудаға бейімделдік. Пайғамбарымыздың өзі саудада береке бар деген. Кәсіптің арқасында отбасымды асырап отырмын, – дейді ол сөз арасында.
Өзі де балаларын жалғыз жеткізген соң көпбалалы аналар мен тұрмысы тө­мен отбасыларына көмектесуді дағдыға айналдырған. Нәті нәзік болса да ерлермен иық теңестіріп еңбек етіп жүрген, ешкімнен көмек сұрап, жағдайын айтпаған Тынышкүл сынды кәсіпкерлерге халықтың берер батасы көп болмақ.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Ерсін ӘЛІБАЙ(сурет)
06 қараша 2021 ж. 583 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 306

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 403

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930