Әрбір баланың өмірі қымбат
Жаһанды жайлаған індет есіктен енгеннен-ақ ешкімді «аямады». Көбі науқастанды, талайы дем жетпей қиналды, өкініштісі сол, қазаның көбеюі еді. Ал балалар арасындағы індет жайында есту әрбір ата-анаға оңайға соқпағаны рас. «Ересектермен салыстырғанда балаларда бұл кесел білінбей, жұмсақ өтеді. Кішкентай пациенттердің өкпе суреттерінде пневмонияға тән тану белгілері жоқ болғандықтан диагностикалау қиын» деген еді Nature Medicine журналы жариялаған
зерттеулерінде.
зерттеулерінде.
Отандық дәрігерлер де әлемжеліде «Балалар ауырмайды, ауырса да жеңіл өтеді дедік, бірақ өкпесі 40-50 процент зақымданған 10-14 жасар балаларды көрдік. Анасынан баласына берілмейді дедік, жаңа туған шақалақ анасынан коронавирус болып туғанды көрдік» деген жазбалар қалдырды. Ересектерді сұлатып түсірген бұл індет балаларды айналып өтсін бе?
Алаңдаушылық о баста болды. Ата-аналардың пікірі екіге бөлінді. Бір жақ – қашықтан оқытып, бала үйде болуы керек десе, екінші жақ – бала ұстазын, мектепті, достарын сағынды, «қымтай» беруге болмас дегенді айтты. Қош. Осы апта басталғалы балалар каникулға шықты. Алайда алаңдаушылық әлі сейілген жоқ. Босаңсуға ертерек. Әлі де індет ортамызда жүр. Аудандағы ахуалды білмекке аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына хабарластық. Мамандардың айтуынша, аудандағы 14 мектептен вирус жұқтырушы балалар анықталған. Коронавирус инфекциясымен қыркүйек айынан бастап 36 оқушы ауырған. 8-і мектепке бармай ауырса, 10 оқушы контакты арқылы ауруды жұқтырған.
– Коронавирус – жеңіл түрде де, ауыр түрде де өтетін вирус. Оның ерекше асқынулары вирустық пневмония жіті респираторлық дистресс-синдромға, тіпті өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Аурудың ең көп тараған белгілеріне дене қызуы, шаршағыштық және құрғақ жөтел жатады. ЖаҺанды жайлаған бұл індет балаларды айналып өтпеді. Жаңа оқу жылы басталған уақыттан бері оқушылар коронавируспен тіркеліп жатыр. Сол үшін аурудың алдын алу керек. Әр ата-ана үй жағдайында балалардың денсаулығына мұқият қарауын сұраймыз. Босаңсуға болмайды. Індет әлі іргеде тұр, – дейді ауданның бас санитар дәрігері Гүлнар Төлепбергенова.
Коронавирус мазасыздық, стресс және сенімсіздік сияқты сезімдерге душар етеді дейді мамандар. Бала қолында смартфон. Барлық ақпаратты өзі көріп, біліп отыр. Мұның бәрін барлық жастағы балалар оқып, біліп қана қоймай, сезінеді. Сол үшін де ол уайымға салынып, әртүрлі нәрселерді ойлауы мүмкін. Мұндай жағдайда не істеу керек?
Ата-ана алдымен сабырлы болуы керек. Түрлі әлеуметтік желіні бала қарамайды емес, қарайды. Сол үшін оның бойында індет жайындағы қорқынышы басым болуы мүмкін. Осындай сәтте ата-ана баланы үркітпей, ересек адамдарша ауру жайында түсіндіргені абзал. Коронавирус жайында көптеген ақпарат бар. Сіздің балаңыз қандай ақпарат алады және сіздің балаңыз шындыққа сене ме, соны біліңіз. Балаңыздың вирус туралы не білетінін біліп алыңыз, содан кейін ғана балаңызды дұрыс бағытқа бағыттауды бастаңыз. Әрине, сақтық шараларын орындап, бетпердені тастамай, балалардың ауруды жұқтырмауы үшін үй үлкендерінің вакцина салдырғаны абзал. Себебі бала өмірі бәрінен қымбат.
Айнұр ӘЛИ