Бала денсаулығы бәрінен қымбат
Жақында ғана бір ата-ананың «балам ұзақ уақыттан соң мектепке барды деп қуанып отырғанымызда ертеңнен бастап қайтадан қашықтан оқуға көшті» деген жазбасын көзіміз шалды. Бұл өз ауданымыздың тұрғыны еді. Расымен, ұстаз бен баланың қауышқаны кеше еді. Бүгін міне, індеттің балалар арасында жүргені алаңдатып отыр.
Бұл алаңдаушылық о баста болды. Дегенмен онлайннан гөрі оффлайн сабақ оқыған әлдеқайда жақсы екенін барлығы да біледі. Жаңа оқу жылының басталғаны кеше болса да балалар арасында індет анықталып, қашықтан оқуға көшкені бар. Өзіміздегі ахуалды білмекке аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына хабарластық. Мамандардың айтуынша, ауданда биылғы жыл басынан бері барлығы 695 науқас коронавирус инфекциясы диагнозымен тіркелсе, оның ішінде 163-і 18 жасқа дейінгі балалар.
– Коронавирус – ауыр респираторлық инфекция. Бұл жеңіл түрде де, ауыр түрде де өту қауіпі бар ауру. Оның ерекше асқынулары вирустық пневмония жіті респираторлық дистресс-синдромға, тіпті өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Аурудың ең көп тараған белгілеріне дене қызуы, шаршағыштық және құрғақ жөтел жатады. ЖаҺанды жайлаған бұл індет балаларды айналып өтпеді. Осы қыркүйек айының 1-нен бастап оқушылар арасында коронавирус инфекциясымен науқастанып, тіркелген оқушылар саны – 14. Яки аудандағы 8 мектеп бойынша індет тіркелді. Қазіргі уақытта осы мектептерден 145 оқушы үй карантинде отыр. Аурудың алдын алу бойынша әр ата-ана үй жағдайында балалардың денсаулығына мұқият қарауларын сұраймыз, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маманы Гүлфараз Жұмабекова.
Қазір республика көлемінде 12 жастан асқан балаларды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау мәселесі қарастырылуда. Дегенмен бұл мәселе түпкілікті шешілген жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді. «Осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде оқушыларға вакцина егу туралы Жалағаш аудандық білім бөлімінің хаты шығып, халық арасында үлкен шу шыққан болатын. Ол хатта – Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес егілетін вакциналар (БЦЖ,қызылша, қызамыққа қарсы, АбКДС+ХиБ+ИПВ) туралы мектептердегі ата-аналар комитеті өкілдеріне ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында мәлімет жинақтау үшін жіберілген. Қазіргі таңда республика көлемінде 12 жастан асқан балаларды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау мәселесі қарастырылуда. Дегенмен бұл түпкілікті шешілмеген және балаларға арналған вакцина біздің елге жеткізілген жоқ» деді Әлия Мүтәліпқызы.
Осы мәселеге қатысты, облыстық білім басқармасы ата-аналдарды аландатып, қоғамда екіұдай пікірде қалдыруға жол берген аудандық білім бөлімі басшысының қызметтік жауапкершілігін қарап, тәртіптік жаза қолданғандығын жеткізді. "Заңға сәйкес, ҚР Үкіметінің 24.09.2020 ж. № 612 Қауылысына орай 18 жасқа дейінгі балаларға ата-аналардың келісімінсіз ешқандай екпе жұмыстары жүргізілмейді. Өздеріңізге мәлім, епке жасайтын алдында әр ата-анаға келісім парағы беріледі. Арнайы келісімсіз балаға екпе жасалмайды. Аталған жағдайға байланысты Білім және ғылым министрілігі, Білім басқармасы тарапынан балаларға екпе жұмыстарын жүргізу туралы қандайда бір құжат қабылдаған емес" деді Ақзира Қасымова.
Коронавирус мазасыздық, стресс және сенімсіздік сияқты сезімдерге душар етеді. Мұның бәрін әсіресе барлық жастағы балалар сезінеді. Мұндай эмоцияларға балалар әр түрлі жолдармен төтеп береді. Егер сіздің балаңыз мектепті жабуға, оқиғаларды болдырмауға немесе достарынан бөлініп кетуге тап болса, ол сіздің сүйіспеншілігіңізді, қолдауыңызды бұрынғыдай сезінуі керек. Қалай деймісіз?
Ата-ана алдымен сабырлы болуы керек. Түрлі әлеуметтік желіні бала қарамайды емес, қарайды. Сол үшін оның бойында індет жайындағы қорқынышы басым болуы мүмкін. Осындай сәтте ата-ана баланы үркітпей, ересек адамдарша ауру жайында түсіндіргені абзал. Коронавирус жайында көптеген ақпарат бар. Сіздің балаңыз қандай ақпарат алады және сіздің балаңыз шындыққа сене ме, соны біліңіз. Балаңыздың вирус туралы не білетінін біліп алыңыз, содан кейін ғана балаңызды дұрыс бағытқа бағыттауды бастаңыз. Әрине, сақтық шараларын орындап, бетпердені тастамай, балалардың ауруды жұқтырмауы үшін үй үлкендерінің вакцина салдырғаны абзал.
Айнұр ӘЛИ