Жақсылық жасап жарысыңыз!

– Қазір «ОЛХ» деген жарнама парақшасы бар. Соған хабарландыру береміз. Ешкімге қиянатың жоқ, саған да ешкім қиянат қылмайды, табылады, – деп жұбатып ауылға қайтардым.
Өңі қуарып, көңілі түсіп, үйіне қайтты. Оңай соқпай тұрғаны анық. Күйзелмей қайтсін?! Жолдасының қажырлы еңбекпен тапқан табысы далаға кетті. Одан еститін айқайы тағы бар...
Ертеңіне жұмыста отырсам телефоным шыр ете қалды. Тұтқаны көтергенім сол еді құрбым ентігіп, сөйлей алмай тұр. «Айтсаңшы, тағы бірдеңе болды ма?» деп айқайлап жібердім. «Әмияным табылды деді» шаттанып.
– Қалай?
Ол мән-жайды асықпай баяндай бастады.
– Мен жүрген Абай көшесінің бойымен екі оқушы қыз өтеді. Солар тауып алып, ашып та көрмей анасына апарып беріпті. Ол кісі де сабырлы жан болса керек, әмиянды жалғыз өзі ашып көрмей, кешке жолдасының жұмыстан келгенін күтіпті. Телефонды қуаттап, қосқан екен. Құпиясөз енгізіңіз деген соң ешкімге хабарласа алмапты. Жеке куәлігім бойынша әлеуметтік желіден парақшамды іздестіріп, инстаграмнан тауып алыпты, – деді жарқын-жарқын сөйлеп.
Олар инстаграмдағы суреттерге қарап әмиян жоғалтқан құрбымның шалғай ауылда тұратын көпбалалы ана екенін көріп, «кент орталығына келіп, ақшасын жоғалтып қиналып қалған екен» деп бірден топшылайды. «Жосалыда таныс, туыстарың болса әмиянды апарып берейін» деп сұрайды. Сөйтіп оны мен алатын болдым. Белгіленген уақытта қыздар ата-анасымен бірге келді. «Жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын» деп алғысымды жаудырып, сүйіншісін беріп, әбігерге салған әмиянды алып қалдым.
Дереу құрбыма қоңырау шалып, әлгінде айтқан адамдар жайлы біржақты көзқарасының қате екенін, адамгершілік көрсетуге асығып тұратын адамдардың көп екенін айтып мақтандым. Әмиянды ұсынып жатып қыздардың әкесі:
– Балаларымызға біреудің ала жібін аттама, – деп жиі ақыл айтып отырамыз. Өзіміз де біреуге көмектесуге дайын тұратын жандармыз, – деді азаматтық ұстаным танытып. Міне, тәрбие деген осы емес пе? Әйтпесе жасөсіпірім қыздардың жолай тауып алған «олжасын» үйіне жеткізбей, ақшаны жаратып, құжаттарын қоқысқа лақтырып жіберсе не істер едік. Бұл бір сабақ алатын оқиға болды. Құрбымның адамдарға деген көзқарасын осыдан кейін түбегейлі өзгерді.
Өмірде жақсылық жасап жарысқанға не жетсін!
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ