Алғыс арқалаған мамандық иелері
Елімізде жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтіледі. Бұл сала – елдегі өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Қоғамда болып жатқан оқиғалардың дені осы әлеуметтік мәселе төңірегінде болып жатқаны айтпасақта белгілі. Әсіресе осы атаумен қорғау, көмек, қызмет, оңалту, қамсыздандыру секілді қатарлас қолданатын сөздер құлағымызға сіңіп кеткен. Бүгінгі күні тағдыр тауқыметін тартқан, түрлі жағдайларға тап болған немесе мүмкіндігі шектеулі жандарды көргенде көмек көрсетуге құлық таныта қоймайтындар баршылық. Ал біз айтқалы отырған әлеуметтік саланың пұшпағын илеп отырған қызметкерлер, осындай жандармен бірге болып, баласындай сіңіп кеткен. Олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс жасап, етене араласуда.

Мұнан соң күнделікті қойылған жоспар бойынша қарт жандардың үйін аралауға жолға шықтық. Алдымен теміржолдың арғы бетінде тұратын 84 жастағы Нәзима әжейдің шаңырағына ат басын тіредік. Келетінімізді естіген әжеміз бізді көптен күткен қонағындай қарсы алып, төрінен орын ұсынды. Балаша көңілмен ағынан жарылып әңгімесін бөлісті.
– Жас келген соң қарттықта жеңеді екен. Оңай емес. Бірақ осы қыздарымның арқасында шүкір жақсымын. Күнделікті шәйімді дайындап, дәрілерімді уақытында ішкізіп тұрады. Неше жылдан бері қас қабағыма қарап, жағдайымды жасап, қызмет көрсетіп келеді. Қызымдай болып кетті десем артық айтқаным емес, ризамын, – деді кеуана.
Ақмарал Алмағанбетова Нәзима әжейге бекітілген әлеуметтік қызметкер. Ол азанғы жұмыс басталғаннан осында келіп үйдің ішкі сыртқы жұмыстарын істейді.
– Әжей күнде мені күтіп отырады, сәл кешіксем алаңдап сөйлейді. Көп жылдан бері қызмет көрсеткесін бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Өз анамдай көремін. Арасында ақылын айтып, жол көрсетіп отырады. Қате жерлерім болса жөнге салады. Оған еш ренжімеймін. Ең бастысы көңілі көтеріліп жүрсе бізге сол үлкен қуаныш, – дейді ол.
Әрі қарай келесі үйге жылжыдық. Қораға кіргеннен жеміс ағашының көптігі тамаша көрік беріп тұр. Күз келіп жапырағы сарғайса да сәнін бұзбаған. «Бұл Ақгүл Мұсаева апайдың үйі» деді қасымызда жол көрсетіп жүрген Күміскүл апай. Арғы бөлмеден «келіңдер, кіріңдер қарақтарым» деген көңілді дауысы жанымызды жадыратып сала берді. Жасы сексенге таяған әжейдің денсаулығы сыр берсе де ауылды қимайтынын жасырмады.

Мұнан соң ерлі-зайыпты Толыбай ағамен Зияда апамыздың шаңырағынан да айналып өтпедік. Қал жағдайын біліп, көңілін сұрадық. Біздей мейманға қуанған қарт жандар бар тілегін айтып, батасын берді.
Санаулы сағатымызда әлеуметтік қызметкерлердің қасында жүріп олар – әлсіз жандардың жанашыры, жақыны, тіпті туысындай болып кеткен жандар екенін ұғындық. Себебі бұл маман иелері әр адамның жан-дүниесіне үңіліп, сырласады, жан-жақты көмек береді. Алайда қоғам мен билік назарынан тасада қалып жатса да бұл саланың қызметкерлері еш мойыған емес.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ