» » Шаруасы шашаусыз шаруашылық

Шаруасы шашаусыз шаруашылық

Күнделікті күйбең тірлік. Компьютердің алдында көз майыңды тауысып, кейде телефонға телміретін кездер көп. Айналаң да сол, жұмысбасты адамдар. Азанда, түсте, кешке бір-біріне соқтығыса қу тірліктің жайын күйттеп жүр. Сондайда қалтафоныңды өшіріп, ауылға барып ми тынықтырғың келеді. Иә, тек табиғатпен сырласып, таза ауаны баяу жұтқанға не жетсін? Жұтамыз, ауылдың береке-бірлігін көзбен көріп, тамсанамыз, таза ауада демаламыз. Бірақ соның барлығы жұмысымызбен қатар жүреді. Қойын дәптер мен фотоаппаратты құшақтаған күйі ауыл-ауылды аралап, тіршілігін бағамдап, қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың көркем өмірін көріп, көңілді бірлеп қайтамыз.
Таңғы салқын. Күз ызғары өз дегенін қоймай тұр.  Соққан жел де бойыңды жауратып, ұйқыңды ашады. Әдеттегідей жол сапардамыз. Ұзыннан жатқан тас жолдың сағымын қақ жарып, діттеген ауылымызға ерте жетудің қамын жасап келеміз. Бұл жолы әріге қыр астық. Өзімізбен бірге Қуаңдария ауылындағы «Олжа» шаруа қожалығының басшысы Болат Бөгетов бар. Аудан орталығынан-ақ көлігінің есігін айқара ашқан ол жол бойы әңгіменің тінін тарқатты. Әне-міне дегенше жол қысқарып, барар жерге тез жеттік.
«Мал баққанға бітеді» дегенді бұрынғылар бекерге айтпаған ғой. Оның төркіні қыста күннің ызғарына қарамай, жазда малдың ауру-сырқауымен алысатын бақташы тірлігінің қиындығын тұспалдайтындай. Соңғы жылдары шалғай ауылдардағы ағайынның еңсесінің көтереліп, етек-жеңін жинай түскені көпке аян. Осындайда мал бағып, оны өркендеткен шаруалардың шаруасының шалқығанын көріп көңілің қуанышқа бөленеді. Қай істе болмасын адал еңбектің алға сүйрейтіні, табысқа жетелейтіні мәлім. Еңбегімен елге сыйлы, көпке үлгі болып жүрген жандарды оқырман қауымға үлгі етуден де жалыққан емеспіз. Қуаңдария ауылындағы сапарда өңірдің өркендеуіне үлес қосып отырған «Олжа» шаруа қожалығына аялдадық. Қожалық жұмысы мен төрағаның толымды істеріне қанықтық. Бастысы кеуреген қуаңшылықтан аман шыққан шаруашылықтың қазіргі жай-күйін білдік. Алғашқы қойған сауалымыз да осы болды.
– Су жүретін өзектің бойынан облыстан техникалар жалдап екі жерден бөгет салдым. Соның арқасында төмедеу жерлерге су шығып, көлдер пайда болды. Жаңадан шөптер шықты. Қурап жатқан біраз жерде жайылым пайда болды. Оның пайдасын жалғыз мен емес, Қуаңдария және Көмекбаев ауылдарының тұрғындары да көруде.  Ауыл қасында үлкен шабындық болған екен. Кеңес өкіметі тарағалы су басып, іші қара батпақ болып, сасып, қамысы ішіне адам кірмес наргелек болған. Биыл ол жердің де алдын бөгеп, қураған жерін өртеп, алдағы уақытта бұйырса шабындық жасауға дайындап қойдым, – дейді Болат Бөгетов.

Су келмей тұрып «Есболат» шабындығындағы шлюздің алдын тазалап, каналын біраз жерге дейін тазалағанының арқасында биылғы жылы  су біраз жерге былтырғыдан көп барып, ауыл халқы табиғи пресс шөппен толық қамтамсыз етілген. Өз кезегінде тұрғындар да алғысын айтуда. Айта кеткен жөн, ауданда биыл жоңышқа пресс болмауына байланысты 4 000 пресс жоңышқаны Жалағаш, Сырдария аудандарынан 1 000 теңгеден сатып алған.
Ауылдан 15 шақырым қашық­тықта орналасқан шаруашылық басындамыз. Ашық-жарқын, тек әділдік пен шынайылықты қалайтын, оны жанындағылардан күтетін Болат Бөгетов бізге осы қалпымен есте қалды. «Жассыңдар ғой, іздену керек, оқу қажет, жан-жаққа шығып, білімді жетілдіру керек» деген ол бізге таңғы мотивациясын сыйлады. Әрине, өз кезегінде кәсіп ашудың қыр-сырын үйретіп, жолын да көрсетті.
–  Осы ауданның тумасымын. Түрлі салада еңбек етіп, біршама жыл басшылық қызметтер де атқардым. Қарамағымда біршама қызметкерлер болып, компания басшысы болдым. Бірақ ойлана келе кәсіп ашуға бет бұрдым. Бұрыннан істеп жүрген жұмысыңды бір күнде тастап кете алмайсың ғой. Менде де сол, бір айға жуық уақыт бойы ой үстінде жүрдім. Мақсат қойдым, жоспар бекіттім. Сөйтіп бизнес саласына ауысып, шаруашылық жұмысын 2016 жылдан бастап қолға алдым. Нысан да сол – сыртта еңбек еткеннен гөрі, туған мекенге оралып қызмет ету. Қазіргідей мүмкіндік біздің кезімізде болған жоқ. Қазір не керектің барлығы бар. Тек іздену керек, талпыну қажет. Сосын тұрақтылық пен тәуекелің қатар жүруі тиіс. Сонда ғана көздеген мақсатың айқындалады, – дейді ол сөз арасынды.
Алғашында асыл тұқымды жылқымен басталған шаруа­шылық кәсібі кейіннен ақбас сиырлар мен асыл тұқымды бұқашықтар бағумен жалғасыпты.
– 2018 жылы Оралдан 127 аналық ақбас, 5 бұқа, ал өткен жылдың наурызында Семей мен Алматы қалаларынан 120 бас аналық, 6 бұқа алып келдім. Ал жылқы Ақтөбе облысынан «мұғалжар көшім» тұқымынан әкелінген. Ерекшелігі етті, әрі сүтті. Өзге жерден, өзге климаттан келгеннен кейін оларға ерекше күтім қажет. Мынау далада жайылып жүрген ақбас сиырлар 2 жыл дегенде жерсінді. Оған дейін ауырып, қанша ем-дом жасалды. Ал былтыр әкелінген мал әлі де маман бақылауында. Себебі көзден кеткен соң малдың ауырып қалғанын біле алмаймыз. Сырттан келген мал кем дегенде бір қыс, бір жазды өткергенше бақылауда болғаны дұрыс. Өзім де көп жағдайда шаруашылық басындамын, – дейді қожалық төрағасы.
Қазіргі таңда «Олжа» шаруа қожалығында 392 ақ бас сиыр бар. Қазақ жылқысының негізі «Жабы» тұқымынан және ет-сүт бағытындағы, мініп-жегуге арналған «Көшім» тұқымынан 200 бас жылқы бар. Одан бөлек 120 бас жылқы бордақылануда. Шаруа қожалық биылғы жылы ауыл тұрғындарына пресс шөптерді нарықтағы бағадан 2-3 есе төмен бағада ұсынуда. Алдағы уақытта мал санын көбейтіп, бордақылау көлемін арттыру мен жоңышқа дақылын өсіруді жоспарлап отыр. Онымен қоса төмен бағада халыққа өнімін ұсынатын ет дүкендерін ашу да ойда бар.
Мал шаруашылығы – тынымсыз жұмыс түрінің бірі. Мұнда күн, түн деп уақытпен санасу жоқтың қасы. Десе де, бұл кездескен қиындықты еңсеріп аудандағы асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысып отырған ірі шаруа қожалық. Бұл уақытқа дейін аудан көлемінде жергілікті малды асылдандырумен айналысатын ірі шаруа қожалығы болмаған. Мұнан асылдандырылған бұқашықтарды аудан көлемінде ғана емес, Шиелі, Жаңақорған, Тереңөзек, Жалағаш аудандарынан шаруалар арнайы келіп алып кетуде. Ал бұл уақытқа дейін бір баспақ үшін олар Ақтөбе, Семейді аралап кететін.
– Шаруашылықпен айналысқалы бері біраз кедергілердің бар екенін аңғардым. Бұл саланың басы-қасында жүрмеген адамның мұны түсіне қоймасы анық. Осы себептен де депутат болуға бел будым. Ақпан-наурыз айларында бірнеше рет кент әкімшілігінде, аудандық мәдениет үйінде тек мал шаруасымен айналысатындарды жиып, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және оған берілетін субсидиялар туралы семинар-кездесулер өткіздім. Қарапайым халық мемлекеттен берілетін субсидияның алу жолын білмейді. Бұл жағдай жұмысты алғаш бастағанда менің де басымнан өткен. Менің де қиналып, субсидия ала алмай қалған кездерім болды. Кейін осы үшін арнайы Нұр-Сұлтан қаласына барып субсидия алудың жолдары туралы білімімді арттырып, оқып келдім. Қазір өз білгенімді ауыл тұрғындарына кітаптағыдай емес, қарапайым тілмен түсіндіріп, үйретудемін. Осы уақыт ішінде де біршама адам үйреніп, субсидия алып, алғысын жаудыруда. Субсидия алу үшін аудан немесе облысқа барудың қажеті жоқ. Қазір бәрі электронды түрде ғой. Шаруашылық басында жүріп-ақ ноутбукпен бітетін дүние, – дейді ол.
Айтпақшы, ноутбук демекші, мұнда цифрланудың бірнеше тетігін көрдік. Алдымен фазендада Wifi қолжетімді. Қалтафоныңдағы  тартпаған
интернет байланысын осы вайфай айқайлап тұрып тартып береді. Сосын дронның көмегімен 7 шақырым жерге дейін жайылған малды бақылау мүмкіндігі бар. Кейде техника, адам басып өте алмайтын қуыс-қуысқа кеткен малды Болат аға дронмен қуып әкеледі екен.
Аса мақтауды ұнатпайтын ел ағасының алға қойған жоспары көп. Өзге шаруа қожалықтарын аралап, ел-жер көрген соң, соларға ұқсас жаңа заманға сай сиыр, жылқы тұратын қора-жайлар да­йындауды қолға алған, өзі тұратын мекеннің айналасын жасыл-желекке айналдырмақ мақсатта жас шыбықтар отырғызыпты. Ал фазенданың орналасқан жері үлкен атасы өмір сүрген ата қоныс екен. Барлығын дайындап, шаруа қожалықтың жұмысы жүрген соң ғана әкесін алып келгенде «бала күндегі әкемнің артынан ере жүрген жерлерім ғой» деп көңілі босаса керек. Иә, кең даланың ішінен таңдауының тап осы жерге түскені тек пен қанның қасиетінен болар.
Ағамызбен әңгімемізде біз оның жануарға деген жанашырлығы мол, ісіне деген сүйіспеншілігі жоғары екені аңғардық. Алдымен бір фазендадан екінші фазендаға өткен кезде жол бойы күнмен шағылысқан көк-көмбек көлшіктерді көрдік. Қызығы сол, көл үстінде аққулар еркін қалықтап жүр. Құдды ертегідегідей. Ал айдала болса да айнала тап-таза.
– Алғаш осы тұсқа келгенімде ештеңе жоқ еді. Уақыт өте мына көлдердің көзін ашып, айналасын тазарттық. Қазір осы аумақты айнала көлшік жатыр. Аққу, үйректер еркін жүреді. Саятшылыққа келгендерге үнемі айтып отырамын, балықты ауласаңдар аулаңдар, бірақ қоян, киік, аққуларға мүлдем тиіспеңдер деп. Сол үшін әне, олар да адамнан қорықпай, еркін жүреді, – дейді Болат Бөгетов.  
Ол малды асылдандырудан бөлек «Таңатар» шаруа қожалығына да төрағалық етеді. Мұнда тай шөп дайындалады. Бұл шөп ауыл тұрғындары мен көршілес Т.Көмекбаев ауы­лын тиімді бағамен қамтамасыз етуде. Шаруашылықта ауыл тұрғындарынан 4 адам жұмыспен қамтылған, ал сырттан 5 адам нәпақа тауып жүр. Еңбек жолында жеткен жетістіктері ел ішінде еленуде. Ауыл шаруашылығы министрінің екі рет «Құрмет» грамотасын алып, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін тағынғанған. Жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласына барып, Қазақтың ақбас тұқымының Республикалық палатасының төрағасы Дәурен Матақбаевтың алғыс хатын алып, төсбелгіні кеудеге тақты. Бірақ халықтың ризашылығын бәрінен қымбат көретін жан айналасындағы жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық шараларына белсенді қатысады. Алайда өзі жасаған жақсылығын жариялауды құп көрмеді. Десе де ауылдастарынан Болат Әлдебайұлының мектеп балаларын лагерьге жіберіп, ауыл ардагерлерін газетке жазып, пандемия кезінде тұрғындарды азық-түлікпен, ауыл тұрмысына бел шешіп көмектесетінін естіп жүрміз.
Кеш те батқан екен. Біздің жұмыс аяқталып, кері жолға шықтық. Болат аға бізбен қоштасарда «Мені мақтағанды ұнатпаймын. Тек жұмысымыз алға іргерілесе болды. «Олжа» деген шаруа қожалықтың атауын да сол Қуаңдарияға олжа әкелсін деген ниетпен қойып едім. Барлығы халықтың арқасы» деді ол күлім қағып. Осыдан-ақ «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп жүрген екі бірдей шаруа қожалықтың басшысы, аудандық мәслихат депутаты Болат Әлдебайұлының ұстанымы көпке үлгі боларлықтай екеніне тағы да көзіміз жетті.
Қош. Жолай келе жатып ауылдағы Бәйтерек көшесінің бойынан көзтартар аялдама көрдік. Сұрастыра келе, мұны ауылдың 1968 жылы туған азаматтарының демеушілігімен салынған су жаңа аялдамасы екен. «Өздері туып өскен ауылдың келбетінің жаңаруына және өскелең ұрпаққа тәрбие беруге қосқан үлестеріне үлкен рақмет айтамын» дейді ауыл әкімі Ардақ Аймырзаевтың өзі. Одан соң жаңа клуб үйі де бой көтеріп, құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр екен. Бұл «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасына сәйкес аймақ басшысының тікелей тапсырмасымен салынып жатқан көрінеді. "Ыстық бұлақ" жолындағы көпір де жаңғыртылып, бұрқырай аққан суы суық күнде ғажап жылулығын сыйлап тұр.
Ауыл жаңармай, тұрмыс жақсармайды. Басты міндет те сол – ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартып, мәдениетін көтеру, тұрғындардың тұрмысын түзеу. Бұл тұрғыда округ аумағында атқарылып жатқан жұмыстар мақсатты іске жауап бере алатынын дәлелдеп тұрғандай. Ал біз кәсібі мал шаруашылығы саналатын мекеннің барлық жаңалығын қаламымызға арқау ете береміз. Біздегі миссия да осы – арнайылап ат басын бұра бермейтін шалғай мекеннің жай-күйін білу, жаңалығын жариялау, өнегелі ісін үлгі ету. Иә, бұл – талантты да дарынды тұлғалар туған, көпке құтты мекен болған Қуаңдария ауылдық округі еді.

Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет авторы)                                                                                          Айнұр ӘЛИ (мақала авторы)



30 қазан 2021 ж. 623 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930