» » Орал төрінде – отбасылық мұражай

Орал төрінде – отбасылық мұражай

Еңбегімен ел алғысына бөленген ерлер аз емес. Сыр өлкесінде туып өсіп, Ақ Жайық өңіріне еңбегі сіңген, ел ағасы, ардақты ақсақал Қуанышбай Төлебайұлының есімі «Ел үшін туған ер» деуге әбден лайықты. Ол 70 жастан асса да, болашақ үшін қам қылып, ел ертеңі үшін еңбектенуді тоқтатқан емес.
Жақында редакциямызға атбасын ті­реген ақсақалдың әңгімесінен ойы ұшқыр, өнегелі ісімен бұқараны ізіне ерте білетін рухани басшы екенін аңғардық. Бүгіндері байтақ елге танымал азамат, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Төлебайұлының өмірін екі ананы – Сыр мен Жайыққа жарасып, тел емген құлынға ұқсастыратындар жетерлік. Өйткені оның кіндік қаны сұлу Сырдың бойында тамып, оның ақ-қараны айыру, оң мен солын тану деген секілді дүниетанымдық көзқарасының іргетасы оқумен, айтулы еңбекпен қалыптасқан. Ол Қазалы және Қармақшы аудандарындағы орта мектепті бітірген соң, Шымкентте құрылыс инженері, Жамбылда құрылыс гидромелиоративтік оқу орындарында мамандық алып, Сыр бойында және Ресейде арнаулы маман ретінде еңбекке етене араласқан. Өзінің қарым-қабілеті, білім-білігі мен ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында қызмет бабында талай бел-белеске көтерілген Қуанышбай ағамыз «Құрмет» орденіне қоса, көптеген отандық және шетелдік марапаттардың иесі.
«Тозған ел тарихын жаспен жазады, озған ел тарихын таспен жазады» деген ұстанымды ұстанған ел ағасының мына бір ісі көпті сүйсіндірген. Ол – тарихи мәлімет жинап, ауласынан үй-мұражай, яғни отбасылық мұражай ашуы.
– Қазақ арасында «Жеті атасын білмеген – жетесіз» немесе «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөздер бар. Отбасылық мұражай ашудағы ниетім – менен кейінгі ұрпақ жеті атасын жете тануы қажет. Осы мүддемен жинақтаған дүниеме кейін өзім жүріп өткен жолдардағы естеліктермен толықтырдым. Мұнда Қазақстанның, сон­дай-ақ ақ Жайық атырабының кешегісі мен бүгінінен сыр шертетін біраз жәдігер жинақталған. Перзенттеріме қалдырар мұ­рам да – осы мұражай, – дейді ол өз сөзінде.
Отбасылық мұражай болғанымен, аталған музейде құнды жәдігер көп. Дүниетанымды кеңейтіп, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін мәдени ошақ. Орал төрінде орналасқан отбасылық мұражайды көзбен көрмесек те, Қуаныш Төлебайұлының сөздері мен жинақталған фотосуреттерден оның құнды мұраларға толы екенін түсіндік. Мұражайдың ашылуына жиналған жұртшылық мұндай отбасылық мұражай республика көлемінде жоқ екенін айтып, жас ұрпақ тәрбиесіне оның қосар үлесі көп болатынын алға тартыпты. Жоғары талғаммен болашақ қамы үшін дайындалған тұрғын үйдің ауласындағы мұражайды көптеген танымал тұлға тамашалап үлгерген. Еңбек және соғыс ардагері Иван Гапич «Бұл мұражайда кешегі Кеңес заманы мен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тыныс-тіршілігінен сыр шертетін құнды дүние жетерлік. Енді педагогтар мен мектеп оқушыларын, студенттерді мұнда жиі әкеліп тұрса, құба-құп» деп өз бағасын берсе, ҚР Мәдениет қайраткері, музей қызметінің ардагері Сара Танабаева «Мұндағы кейбір кітап пен жәдігерлер үлкен кітапхана мен музейлерде де жоқ. Осындай отбасылық мұражайды көрген балалар үйлеріндегі тарихи мәні бар заттарға ұқыпты қарап, оларды жинақтауды үйренері сөзсіз. Әу баста біздің облыстық тарихи-өлкетану музейі де мектептің бір бөлмесінде ашылған еді, қазір ол Отанымызға қоса, алысты-жақынды біраз елге танымал. Төлебаевтар әулетінің мұражайы ел-жұрттың ықыласына бөленері анық» дейді. Сондай-ақ, мұражай иесі ұзақ жылдар бойы Ассамблеяда қызмет еткені белгілі. Сол уақытта бірге қызмет атқарған Батыс Қазақстан облыстық орыс мәдени орталығының төрағасы Сергей Погодин бұл мұражайға төмендегідей баға берген.
– Ұзақ жылдар көптеген жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Қуанышбай Төлебаевтың өзі жасақтаған мұражай жас санада қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға ықпал ететін жәдігерлерге жомарттығымен ерекшеленеді. Бұл музейден сіз қайда жасалғаны беймәлім, қайдан келгені белгісіз кездейсоқ абс­трактылы нәрсені таппайсыз. Бәрі де еліміздің өткені мен бүгінгісінен сыр шертетін құнды дүниелер. Мемлекеттік қазынадан бір теңге түгілі, бір тиын алмай, мұндай музейді жылдар бойы қажырлылықпен қалыптастыруы Қуанышбай Төлебайұлының еліміздің тарихына деген үлкен құрметі мен Қазақстанның жарқын болашағына деген нық сенімін айшықтайды. Еліміздің өткені мен бүгініне қатысты көптеген жәдігерлер жинақталған мұндай мұражай енді ел-жұртқа, әсіресе өскелең ұрпаққа танымдық-тағылымдық тәлім-тәрбие, патриоттық бағыт-бағдар берер бұқаралық нысанға айналса, жүдә керім, – деген пікір қалдырыпты.
Белді қоғам қайраткерлерінің көңілінен шыққан мұражай кейіпкеріміздің өзіне де ыстық. Жағымды естеліктері мен жүріп өткен жолдары бар мұражайды бір аралағанда-ақ кино лентасындай көз алдына келері анық. Отбасылық мүддеге арналып ашылғанымен, Отан мүддесімен ұласқан мұражай туралы Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов «Қуанышбай Төлебайұлының өзі жасақтаған музейі шынымен де ерекше бас­тама. Тіпті, мұны халықтың ішінен қайнап шыққан тың жоба деген жөн болар. Қуақаңның әулетінен басталатын тарихи тін бірте-бірте байтақ елдің кешегісі мен бүгінгісіне ұласады. Мұның өзі ағамыздың өмірдегі құбылыстарға, үлкенді-кішілі оқиғаларға, қоғамдық-саяси үрдістерге жастайынан байыппен қарап дағдыланғандығын аңғартады. Мұражайда қол жеткізген жетістіктерге қоса, ел-жұрт бас­ынан өткерген қиын кезеңдерден мағлұмат беретін дерек-құжаттар мен экспонаттар баршылық» деп тың бастамаға балайды. Көп мақтаған мұражайға Оралға жол түскенде арнайы баратынымыз анық. Әзірге естігеніміз бен көрген тұлғалардың көрегенді пікірлерін ұсынуды жөн көрдік.
Отан – отбасынан басталатыны анық. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ерлер қайдан туады» дегеніндей, осындай өнегелі ағаның, ардақты ақсақалдың өмір жолы келешек жастарға үлгі. Өзінен кейінгі жасқа ақыл айтып, өнегелі өмір сүру үлгісін көрсету – ғибратты іс. Ал біздің бүгінгі міндет – жақсы нәрсені жас ұрпаққа көрсете білу. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «интеллектуалды ұлт» қалыптастыруға асылдарымызды құрметтеп, игі жақсымызды танып, қадірлей білсек, кейінгіге үлгі ете алсақ, жаһандануға төтеп бере алатын мәңгілік ұлт, мәңгілік ел болатынымыз сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
16 қазан 2021 ж. 641 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930