» » Құрылыс материалы неге қымбат?

Құрылыс материалы неге қымбат?


ҚАЗІР ҚҰРЫЛЫС ДҮКЕНІНЕ БАС СҰҚСАҢЫЗ, БҰРЫН ЕДӘУІР АРЗАН ТҰРҒАН ЗАТТАРДЫҢ БАҒАСЫНЫҢ ӨСІП КЕТКЕНІН АНЫҚ БАЙҚАЙСЫЗ. БҰЛ ЖАҒДАЙ ІРІ ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫН БЫЛАЙ ҚОЙҒАНДА, ӨЗДІГІНЕН ШАҒЫН ҮЙ САЛЫП НЕМЕСЕ ЕСКІ БАСПАНАСЫН ЖАҢАРТУШЫ АҒАЙЫНҒА АУЫР СОҒЫП ЖАТҚАНЫ БАР. ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ БАРЛЫҚ ӨҢІРДЕ, СОНЫҢ ІШІНДЕ БІЗДЕ ДЕ КҮЙІП ТҰР.
Үйінің қаңқасын салып қойып, сыртын қаптауға кірпіш, жылытуға изовер, салуға есік-терезе сатып алуға қиналып жатқандар баршылық. Осы қымбатшылықтың салдарынан кей­бі­реулер құрылысты тоқтатуға мәжбүр болса, енді біреулер қарызданып-қауғаланса да, үйді бітіруге асық. Оның арты қанша жылдық қарыз төлеуге әкелсе, отбасының әрі қарайғы күнкөрісіне ауыр болатыны тағы бар. Бастысы, «баспана болса болды. Әрі қарай шаңырақтың берекесі кіреді. Аш болсақ та, жылы отырамыз, өзгенің есігіне қарамаймыз» деген байлам. Оны біз қарапайым аудан тұрғындарымен тілдескенде байқадық. Мәселен, «Бұл құрылыс материалың шарықтамаса арзандамайды, өте қымбат. Бірақ үй салып бастаған соң қысты күтіп қарап отырмаймыз ғой» дейді Айжан есімді тұрғын. Ал Нұржан деген кент тұрғынының пікірінше, біздегі құрылыс дүкендері баға қоюда бір-бірімен келісіп алған.
– Бізде санаулы ғана дүкен бар. Бір-бірімен келісіп, ойдағы бағасын қояды. Жеке болған соң солай болатын шығар, бәлкім. Құрылыс дүкені көп болу керек секілді. Мүмкін сол кезде бәсекелестік болар, – дейді ол.
Расымен солай ма? Ендеше түйткілді мәселенің түйінін тарқатып көрейік.
Бағаның күрт өсуі – сыртқы жағдайға тәуелділіктен. Құрылыс – экономиканың локомотиві десек, құрылыс материал­дарының жетіспеушілігі – неше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе.
Қыркүйекте сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев бағаны төмендету және тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баян еткен болатын. Сондағы оның мәліметінше, осы жылғы қаңтар-тамыз аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары 9,9% өскен болса, отандық құрылыс материалдары бағасының өсуі 25% құрапты. Бастапқы тұрғын үйге бағалар 3%-тен 0,4%-ке дейін, сондай-ақ қайталама тұрғын үйге 5%-1,1%-ке дейін төмендегені байқалған. Ал құрылыс материалдары бағасының өсу қарқыны сәуірде – 10,9%, мамырда – 3,4%, мау­сымда – 4,2%, шілдеде 1,7%-ке дейін өзгерген.
Оның сөзінше, құрылыс материалдары бағасының негізгі өсуі сыртқы нарықтардағы баға жағдайымен негіз­делген. Бұл өзгерістер арматура 45%, кабель 20%, профлист 70%, шыны 35% өсім құнына әсер еткен.
– Бағаның өсуінің негізінде электр энергиясына тарифтердің орташа – 12%, жанар-жағармай – 15%, энергетикалық көмірге – 10%, теміржол тасымалдарына – 18%-ке өсуі сияқты объективті факторлар бар, олар отандық өндірістің құрылыс материалдары бағасының өсуіне тікелей әсер етті, – деді Ержан Қазанбаев.
Оның мәліметінше, құрылыс мате­риалдарының өзіндік құнындағы осы шығындардың үлесі 15%-тен 30%-ке дейін құрайды. Сонымен қатар, бағаны көтерудің негізділігін қарау және сөз байласу белгілерін белгілеу мақсатында құрылыс материалдарының 25 түрі бойынша құрылыс материалдары нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізілуде. Мәселен, бұзушылық белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы 75 хабарлама жолданған.
Қош. Аудандағы жай қалай? Жауабын білмекке аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне бас сұқтық. Ондағы мамандар құрылыс материалы бағасының күрт өсуі бізге байланысты емес дегенді алға тартады.
– Бағаның өсуіне бірнеше фактор әсер етеді. Сыртқы фактордан бөлек, құрылыс материалын өндіруде өз ішімізде шешілмеген мәселе көп. Әсіресе, дайын өнімді тұтынушыға жеткізу жағы ақсап тұр. Сондай-ақ, тауар бағасына кеден мен логистика, темір жол мен әуе тасымалы құны да қосылады. Содан келіп баға қымбатшылығы туындайды. Жалпы бұл нарықта сұранысқа қарағанда ұсыныс көп. Әлеуметтік нысандардың көптен тұрғызылуына байланысты құрылыс материалдарының бағасы шарықтап кетті. Бұған қоса, мемлекеттік және ипотекалық бағдарламалар бойынша тұрғын үй нарығы жылдам дамып жатыр. Отандық өндірушілер елдегі сұранысты қамтамасыз етіп, импортқа тәуелді болмас үшін бұл салаға жаңа технологиялар енгізіліп, өндіріс ошағының қуатын арттыру керек. Жасыратыны жоқ, жалпы нарыққа ең қажетті құрылыс материалдары өзімізде шығарылғанымен үйдің ішіне қажетті құрылыс материалды сырттан алдырамыз, – дейді бөлім басшысы Еркебұлан Әбдікеров.
Мамандардың айтуынша, бұл мәсе­леде олар үнсіз қалмайды. Арнайы зерттеп, мониторинг жүргізіп отырады. Ал әлгінде тұрғындар айтқан уәжі бойынша, аудандағы айналдырған 5 дүкеннің бір-бірімен келісіп, бағаны шарықтатуы бос әңгіме. Себебі мұндай жағдайдың алдын алу үшін де мамандар жұмыс істеп жатыр.
Айта кеткен жөн, Қазақстанда 1900-дей компания құрылыс материалдарын өндірумен айналысады. Оның ішінде орташа және ірі кәсіпорындардың саны 130-ға жуықтайды. Өзгесі – ұсақ кәсіпорындар. Солардың бәрі қосылып нарықты отандық өніммен қамти алмайды. Әзірге бетон, газоблок, құм, тас және құрғақ қоспалар – біздің төл өнімдер. Арматура, цемент, плитка, қыштақтайша, насос стансасы, ламинат сияқты аса қажетті өнімдерді түгелдей сырттан тасып күнелтудеміз.
Айнұр ӘЛИ
12 қазан 2021 ж. 295 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 019

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031