» » Тұмасы таза, тегі асыл

Тұмасы таза, тегі асыл


Жыл сайын 1 қазан – Қарттар күні мерекеленеді. Бұл қазыналы қарияларға тек сол күні құрмет көрсетілуі керек деген сөз емес. Өмірі өнегемен өрілген, азаматтық пен адамгершіліктің  үлгісі болған жандар қашанда құрмет төрінен көрінуге лайық. Тәрбиелі өмір жолы бар ардагерлерді насихаттау, олардың еңбек жолын кейінгілерге үлгі ету біздің басты мақсатымыз.
Газетіміздің әрбір нөмірінен тағылымды тұлғалар туралы оқып жүргендеріңіздің де себебі сол. Ақтөбе ауылында туып өсіп, Жосалы кентінде тұрып, ауданның дамуына атсалысқан бір отбасын білеміз. Ол – патриоттық сезімдері жоғары, жігірлі, бар болса тасымаған, жоқ болса жасымаған,  мамандықтарын адал атқарған Қолдабековтер жанұясы. Ұзақ жыл автобазада жүргізуші болып, «Автопойыз жүргізудің шебері» атанған әкеміз Сайлау Қолдабеков қазір арамызда жоқ. Дегенмен оның шырайлы шаңырағын шаттыққа бөлеп, әкенің жоқтығын сездірмей, балаларына ақылшы болып отырған зайыбы, 80 жастың сеңгіріне шыққан Фазила Ниязқызы бар.
Аты айтып тұрғандай өлкеге белгілі Нияз молданың қызы Фазила жасынан намысты, батыл, қайсар болып бой жеткен. 8 ағайындының  екіншісі болған соң өзінен кейінгі бауырларына күні бүгінге дейін қамқор, жәрдемші. Аудан орталығындағы №26 мектепті тәмамдаған жас қыз жоғары оқу орнына түсе алмай, тұрмыстық қажетті өтеу комбинатындағы тігін шеберханасына көмекші болып жұмысқа тұрады. Өзімен қатар Сайлау есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Ол кездерді Чапаев атындағы ұжымшарды білікті басшы Ерназар Сексенбаев басқаратын. Дип­ломы жоқ бола тұра, Фазиланың пысықтығы мен сауаттылығын білетін төраға ашылғалы жатқан ауылдық балабақшаға меңгерушілікке қоюды қолай көріпті. Басшының ұсынысын жерге қалдырмаған ол 2-3 жыл балабақшаға меңгерушілік етіп, жемісті жұмыс көрсеткен. Кейін ауылдық дүкеннің жауапкершілігін сеніп тапсырыпты. Қолдабековтер отбасына Сайлау әкенің жұмыс бабымен 1966 жылы Жосалы кентіне көшуге тура келеді. Ол аудан орталығындағы автобазаға автобус жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан еді. Ауылдың дамуына атсалысып жүрген жас отбасының кентке көшуіне қарсылық білдірген Ерназар Сексенбаев «менің мықты, болашағы бар мамандарымды көшіріп алдыңдар» деп өкпелеп аудандық комитетке дейін барыпты. Фазила апа кентке көшіп келген соң алғаш еңбек жолын бастаған комбинатта тігіншілік жұмысын қайта жалғастырады. Он саусағынан өнер тамған ісмердің қолынан шыққан талай киім мен бұйымды сол жылдары халық қуана тұтынған еді. Отбасы, ошақ қасынан бөлек, қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрген. 1976 жылы аудандық кеңеске депутат болып сайланыпты. Белсенді маман көп ұзамай партия қатарына қабылданады.
– Біздің заманымызда дінге, молдаға деген көзқарас қиындау еді ғой. Әкеме өте жақын болдым. Барлық тапсырманы тиянақты орындайды деп маған тапсыратын. Партияға өтер уақытта бюро отырысында қабылдайды. Онда әкемнің көз көрген таныстары бар. Олар молданың қызын қабылдамай қойса, ренжіп қаламын деп қобалжып жүрдім. Бірақ көп сұрақ қоймады, жұмыс жоспарын сұрады. Кейін Елеу Көшербаевтың қолынан партиялық билетімді алдым. Қайда барсам да жұмыстан жолым болды. Жүрген ортамда абыройға бөлендім. Бұл әкемнің бізге дарытқан тәртіп, имандылық, сабырлылық қасиеттерінен шығар. Ұзақ жыл бастауыш ұйымның хатшысы болып жұмыс істедім. Аудандық, облыстық конференцияларға делегат болып сайландым. Ол кездері пионер, комсомол, партия ұйымына қа­был­дану зор мақтаныш болатын. Жастарды патриоттыққа, жақсылыққа ұмтылдыратын. Комбинатта 13 шәкірт тәрбиеледім. Үміт, Галя, Сапура, Райса сынды шәкірттерім бар. Бізбен бірге үлкен апалар еңбек етті. Олар бізді еңбекке баулыды, – дейді жастық шағын еске түсірген Фазила Ниязқызы. 
Сайлау әкеміз автобазадан абыройлы болып зейнетке шыққан. Оның мақтау қағаздары мен алған медальдары, барған сапарлары көп. Жұмысқа адал еді дейді көз көрген замандастары. Балаларының белсенділігі мен қайраты әкесіне тартқан тәрізді. Қос қоғам белсендісі өмірге 4 бала әкелсе, олар да ел үшін еңбек етті. Тұңғыштары Ақмарал облысқа белгілі ұстаз еді. Зейнеттік жасқа жетпей өмірден өтті. Қамқоршы, қолдаушы қызының қазасы Фазила апаның көңілін жүдетіп, қайғысын еселетіп жібергенін қалай жасырсын. Асқары облыстық зағиптар қоғамының директоры. Зәмзәгүлі Қызылорда қаласында №3 емхана­да аға медбике болып еңбек етеді. Алтайы жеке кәсіп­пен айналысады. Балаларынан тараған 11 немере, 13 шөберенің қызығына кенеліп, аяулы әже, бір әулеттің ақылшы анасы болған Фазила Ниязқызына Алла қуат берсін дейміз. Айналайын деп арқамыздан қағып, аудандағы оң өзгерістердің әркез қолдаушысы, тілекшісі болған осындай ардагерлеріміздің арамызда жүргені қандай ғанибет.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
04 қазан 2021 ж. 365 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930