Жаңаберген аға
Туыстық атаулардың ішінде ағаның алар орны ерекше. Әкеңнен кейінгі шаңырағыңның иесі мен киесі. Өзінен кейінгі іні мен қарындастың қамқоры, олардың жетелеуші күші. Әсіресе, ағаның нәзік жанды қарындасқа деген ықылас ниеті біздің аңыз-әпсаналарымызда айтылып та, жырланып та келген. Бір ғана Қорқыт бабамыздың өзі қарындасы Ақтамаққа абайсызда тиген башпайы үшін өзін кешірмеген ғой. «Менің қарындасыма абайсызда тиіп кеткен башпайымды көріме көмбей ашық қалдырыңдар» деп өсиет етуінің мағынасының байыбына барып жүрсек, рухымыз асқақтығынан, жанымыз мөлдірлігінен айрылмасы анық.
Кемелді кезеңге қадам басып, ел тәуелсіздікке қолы жеткен сайын қуанышымызда шек жоқ. Бірақ «әттең» деген сөзден гөрі «мынаны мал құлағы естімесін» деген масқара жайтты бір-бірімізге сыбырлап айтудың өзіне дәтіміз бармай отырған кезіміз неге асқынып бара жатыр? Қарындасты қорлау, қарындасты зорлау сияқты хайуандық санадан да төмендеп кеткен кезеңге адами үн қату – борышымыз. Ендеше, бүгінгі жазылыр жүрек сөзі – менің ағаларымның өнегелі де үлгілі ісі болмақ. Болашаққа, балауса бүлдіршін мен жеткіншек жасқа тағылым болар, тәрбие болар ойды айтып, зерен ыдысқа құйған зәмзәм суындай тазалықты жеткізуді мұрат еттім. Хәкім Абай атамыз өзінің қырық бесінші қара сөзінде: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» дейді. Ендеше өмірдің мәні үйренуде. Ілгеріде, он жылдың шамасында, қазақ журналистикасының майталман маманы, қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің еліміздің беделді басылымы «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған «Менің ағаларым» циклымен берілген әңгімелерін оқып байығаным бар. Өзіме осы жолды бағдар етіп алуды ойладым. Менің рухани байлығымның қайнар көзінің бірі болған – ағаларым туралы есті естеліктерді елге жариялау өзімнің еншімдегі бір бақыт.
Менің ағаларым циклы бойынша жазылатын әңгімемнің басы – Жаңаберген аға. «Тектіден текті туар, тектілік жолын қуар» деген тәмсіл бар. Жаңаберген ағаның әкесі Сәден бақуатты, шаруасының арқасында қаржы-қаражаты жанұясына ғана емес, ағайын мен ел-жұртына жеткен жомарт жүрек, пейілі кең болса керек. Намысты, абыройды ардақ тұтатын Сәден ақсақал туралы ел ішінде үлгі етіп айтып жүретін әңгімелер көп-ақ. Соның бірі – Бидас ағадан естіген әңгімем.
«Ұлы Отан соғысынан кейінгі ел есін жинап, жиын тойға енді-енді беттеген шақ болса керек, – деп бастаған еді әңгімені Биағам. Содан Кете-Шөмекейдің тойларының үстінде балуандарды күрестіру сөз болады ғой. Шөмекейден бір балуан, Кетеден Сейіл деген зор денелі кісі ортаға шығып күресті бастап кетеді. Екі балуан әрі жұлқысып, бері жұлқысып біріне-бірі беріспей тұрғанда Сейіл балуанның әбден тозығы жеткен шалбары жұлқысқа шыдас бере алмай жыртылып, бұтынан сытырылып жерге түседі. Ішкиіммен ғана қалған балуан әрі қарай күресуді әбес көріп шеттей бергенде Сәден ақсақал бұтындағы аппақ шалбарын шешіп алып «Ай, Сейіл! Мә, мына менің шалбарымды ки» деп өзі дамбалшаң тұрып шалбарын Сейіл балуанға ұсынады. Ағаның ақ ниетіне қарық болған Сейіл балуан ақ шалбарды киіп алып арқаланып қайтадан күреске кірген сәтте-ақ қарсыласын төбесіне көтеріп айналдырып-айналдырып жерге бір-ақ тастайды. Жанкүйер боп тұрған ағайынның мәртебесін өсірген Сейіл балуанның мерейі өсіп, ел-халықтың абыройына ие болған деседі».
Жаңаберген ағамның әкесі Сәден өмірбақи мұрап болып, астына атын мініп алып, егіс алқаптарын суландыру жүйесімен айналысқан. Сырдариядан өзек алып жатқан Қурайлы каналының қазылып қалуына ұйытқы болып, ел азаматтарын осы каналды қазу жұмысына жұмылдырған әке өнегесі оның ұл-қызының жарқын болашағына осылайша жол салып кеткен екен.
Сәден ақсақалдан тараған Шәрипа, Жаңаберген, Тобаберген, Асқар, Қаппар, Патима есімді ұрпақтары бір шаңырақ астында өсіп-өніп бүгінде Сәден атамыз өмір сүрген Сыр топырағында, Қармақшы жерінде бір қауым елге айналды. Абыройлары асқақтап, мерейлері өсіп әкелері салған ізгіліктің ізінен айнымай ел-халықтың сыйлы азаматтары мен азаматшаларына айналды.
Жоғары оқу орнын бітіріп келген кезімде Жаңаберген аға қырықтардан асқан жігіт ағасы еді. Кеңес үкіметі кезіндегі аудандық партия комитетінде қызмет етіп жүрген шағы екен. Сырт көзге өте сыпайы, үсті-басы мұнтаздай таза, тіп-тік бойы мен артқа қайырған шашы сондай жарасымды көрінген.
Алғашқы педагогикалық қызметімді бұрынғы Ленин совхозы қазіргі Тұрмағамбет ауылында бастап, кейін сол кездегі ауданның «Коммунизм шамшырағы» газетінде (қазіргі «Қармақшы таңы» газетінде) корректор, аудандық радиоторабын жүргізуші болып істедім. Қызметкерлердің ішінде жасы Мирамбек Битенов екеуміз болған соң ба сол уақтағы редакторымыз Ә.Аманов бізді көбірек жұмсайтын. Көбіне аудандық партия комитетінен газет бетіне жіберетін материалдарды әкелеміз. Өз басым – аудандық партия комитетінің есігінен кірер сәттен бастап жүрегім дүрсілдеп, шашымды қайта тарап, үсті-басымды түзеп, аяқ киімімді қайта-қайта сүртіп, келген кісімнің кабинетінің алдында сәл кідіріп, қалай сөйлеу керек екенін ойланып барып, есік қағып ішке кіретінмін. Сол кездері менің таныған кісілерім Раушанбек Шопанов, Қарасай Ділмағамбетов, Жаңаберген Сәденов ағалар.
Бұл кісілерде артық сөз жоқ. Жазу столынан бастарын әзер көтеріп барып маған назар аударатын. Кабинеттің іші жап-жарық, тап-таза. Тек столдағы қалың жазылған қағаздар ішінен маған бір-екі бет қағаз ұсынып «болды» дегендей қайтадан қағаздарына үңіліп қала беретін. Иә, осы жұмыс барысында мен Жаңаберген ағаның ұстамы мен мәдениетіне, ілтипатына тәнті болатынмын. Ағаның есігін қаққанымда «Иә, келе ғой, қарағым келе ғой» деп биязы жылылықпен шақыратын. Қағазды беріп жатып түсіндіріп, мейірім төккен жанарымен шығарып салатын. Менің түсінгенім, түйген ойым – ұстаздық ету қасына алып алып ананы да, мынаны да білгішсініп түсіндіру немесе басқан ізіңді қадағалап «ананы үйтпе, мынаны бүйтпе» деуден тұрмайды екен-ау деген ойға қалатынмын.
Алғаш көргеннен-ақ Жаңаберген ағаның кісілік келбеті, азаматтық тұлғасы, адами тұрғыдағы жылы қарым-қатынасы маған үлгі болып, кездескен сәтте риза көңілмен қарайтынмын. Жылдар жылжып ағып, қатал уақыт бізді ырқына көндірді. Тұрмыс құрып, үйлі-баранды болып кеткен соң бұл жұмыстан алыстадым. Бір қарасам, Жаңаберген ағамның қалпында өзгеріс жоқ, сол күйі. Мені таң қалдырғаны – артқа қайырып тастаған қарашашы түгел ағарыпты. Бірақ осы аппақ шаш та өзгеріссіз сол баяғы артқа қайырған, күйінде жатыр. Әдемі жарасып тұр. Жаңаберген ағам үлкендікті де сол өзінің жан тазалығының сұлулығымен қабылдағаны-ау деп аға бойындағы тағы бір ерекше қасиетті аңғарып тұрдым.
Иә, адамның өсуіне, ер жетуі мен кемелдеуіне әуелі ата-ана туған жер мен ортаның шапағаты мол болатынын ескерсек, Жаңаберген Сәденов бұрынғы «Жаңабақыт», «Үкалов», «Ақбел», «Бозарқаш» сияқты шағын колхоз бірлестіктерінен біріккен қазіргі «Ақжар» ауылында 1934 жылдың 10 мамырында дәулетті отбасында дүниеге келген. 1951 жылы ауылындағы №28 қазақ орта мектебін бітірген соң Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы (қазіргі Қорқыт ата университеті) педагогикалық институттың математика факультетіне оқуға түседі. Жоғары білімді жас маман туған ауылына оралып, елге деген қызметін өз ауылынан бастайды. Алғашқы еңбек жолын «Чкалов» колхозындағы мектепке директор болудан бастаған жас кейін №28 қазақ орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1959 жылы ұсақ шаруашылықтан біріккен «Ақжар» колхозына жұмысшылар комитетінің төрағасы болады. Жеті-сегіз жыл өткен соң 1965 жылы ауданға шақырылып, Ж.Сәденов аудандық киножүйесін басқарады. Іскер азамат көп ұзамай аудандық партия комитетіне шақырылып, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне алынады.
Ауданымызға 1975 жылы іскер басшы Е.Көшербаевтың келуіне орай аудандық партия комитетіндегі қызметкерлердің қабілетіне қарай сараптау, саралау кезінде Ж.Сәденовке аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі деген жауапты қызмет беріліп, бюро мүшелігіне алынады. Жауапкершілікті, сенімді, адалдықты бәрінен биік қоятын Жаңаберген аға осы қызметінде аудандық партия комитеті тарағанша отырды. Қызметтестері мен аға-ініге, апа-қарындасқа, тума-туыс ағайынға, ел-халқына абыройлы болған жан басшылықтың шешімімен, халықтың қалауымен талай таланттарды ұшырған «қарашаңырақ» деп аталатын Ш.Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебіне директор болып барды. Аз уақыттан соң ел енді ғана өз тәуелсіздігін алған тұстағы қиындықтармен бетпе-бет келген халықтың толқуы жиілеп, тоқыраған тұста Ж.Сәденов сол кездегі ауданымыздың күрделі саласы – аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісі қызметіне жіберілді. Мінезге бай, сабырлы, қарапайым болмысымен халықпен тіл табыса білген аға бұл жерде зейнет жасына жеткенше он бір жыл қызмет етті. Ағаның бойындағы кез келген адамда бола бермейтін, өте сирек кездесетін қасиет-сабырлылығы мен қарапайымдылығы. Осы болмыс, осы жаратылыс оны өмірбақи ерекшелендіріп тұрды. Зейнет жасына тың күш қуатпен жеткен Ж.Сәденов 2001 жылдан 2011 жылға дейін халықаралақ «Қазақ тілі» қоғамының аудандық ұйымына төрағалық етті. Зейнет жасына жеттім ғой, шаршадым деген ниетін көрмедім. Аудан, облыс өмірінде болып жатқан мәдени-әдеби, саяси ауқымды шаралардың бел ортасында жүріп өзінің бойында жинақталған бай іс-тәжірибесін кейінгі толқынға беруден жалыққан емес. Зейнет жасында жүріп-ақ Президенттің екі сайлауында Н.Назарбаевтың аудандық штабын басқарса, «Отан» партиясының аудандық ұйымының ең алғашқы атқарушы директоры болды. Халқына еткен елеулі еңбегі үшін Ж.Сәденов мемлекетіміздің, облысымыздың, ауданымыздың басшылығы тарапынан ордендермен, медальдармен, алғыс хаттармен марапатталды. Ж.Сәденов өзінің қарапайым қалпы арқылы көзге ұрып көрінбейтін жан. Соның нәтижесі болса керек, бұл кісіге құрмет кеш тиетін сияқты. Олай дейтінім, Жаңаберген ағаға «Қармақшының құрметті азаматы» деген атақ 80 жасқа толуына орай берілді. Ал аға болса осы құрметті сыйды табыстағанда жас балаша шаттанды емес пе? Жан-дүниесі жарқырап өзінің туған халқы арасында оларға зор сүйіспеншілікпен қарап, мейірімі мол жаңарымен аялап тұрды.
Жаңаберген ағаның жанұялық жағдайы да ғибратқа толы. Жеңгем Назым апай екеуі аққудай адал махабаттың символы десе болады. Мектеп жасынан бастап бірін-бірі адал жүрекпен ұнатып қосылған жандар «Алтын тойларын» тойлап, ұл-қыздарынан тараған немере мен шөберелерін сүйді. Назым апай аудан орталығындағы №105 қазақ орта мектебінде 40 жыл уақыт бойы ұстаздық етіп зейнетке шықты. Тоғыз құрсақ көтерген Назым апай бүгінде «Күміс алқаның» иесі. Екі ұл мен бір қызы жас күнінде шетінеп кеткендіктен қазір қалған алты баласының ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр. Үстіміздегі жылы облыстық кәсіподақтар комитеті Назым апайға «Мерейлі отбасы» деген алғыс хатты табыс етті. Назым ана өткен күндері мен айларына, жылжып бара жатқан жылдарына қимастықпен қарап өмірлік қосағы, ұл-қызының әкесі, немерелерінің сүйікті атасы, халқының қалаулысына, елінің елеулісіне айналып кеткен Жаңаберген аға туралы ойламайтын күні жоқ сияқты. 2016 жылдың 20 сәуірінде 82 жасында дүние салған Ж.Сәденовтің артында Анар, Айна, Қайрат, Алма, Айнұр, Ақбота есімді ұл-қыз қалды. Әке абыройын ардақтап өскен олар бүгінде Қармақшыда, Байқоңырда, Қызылордада, Алматыда басшылық қызметтерде. Қазақта «Жақсы кісінің баласы айтқызбай біледі» деген ғой. Назым апай да екеуміздің сұқбатымыздың соныңда менің нені білгім келіп отырғанымды сезгендей «Иә, айналайын, 60 жылдай ағаңмен ғұмыр кештім. Соңғы демі шығар сәтке дейін бір-бірімізді аялаудан, сыйлаудан жаңылған емеспіз. Арманым, – деді ағаң, – өзіңмен бір рет болса да ұрыспаппын ғой, – деп жымиды. Айтқан аманаты: біріншісі – маған үйтам салдырма, екіншісі – екі адамдық етіп төртқұлақ салдыр» деді. Мен болсам: «Мұныңыз не? Ертең көргендер бізге бұл не қылғандарың, Жәкеңе зәулім үйтам дұрыс еді ғой басқалардыкіндей демей ме?» дедім. Жәкең болса «Менің басқалармен бәсекелестігім жоқ, мұсылманның заңы осылай» деп келте жауап берді. Ал сен немерелерімді жұбата тұр, сонан соң менің қасымдағы мәңгілік орныңа келесің ғой дегендей ишара білдірді. Үшіншісі – «мені жуындырғанда басымды Бидас ұстасын» дегені. (Бидас Рүстембековты айтып отыр) Бидас дегенде менің есіме Биағам айтқан тағы бір әңгіме түсті. «Ілгеріректе, – дейтін Бидас аға. – Маған Жәкең қолқа салды. Қолқасы – сенің әкең Рүстембек ұстаған домбыра болса, соны мына немереме жақсылық ниет үшін алғым келеді, қисаң бер, - деді. Аяқ астынан айтқан бұл өтінішке сасып қалдым. «Оу, Жәке әкемнің кеткені қашан... Ол кісіден қалған домбыра әбден тозып біткен, бірақ Көшенейдің домбырасы бар» дедім. Жәкеңнің көзі қуаныштан ұшқын атып «Е, Көшенейдің қолы тиген домбыра тұнып тұрған қасиет қой, онда әкел» дегенде, құстай ұшып барып үйден әкеп бердім. Сол домбыра Жәкеңнің үйінің төрінде қастерленіп 2015 жылға дейін тұрды. Бұл домбыраны Көшенейдің жігіт шағында ұстап жүрген домбырасының әбден тозығы жеткенін көрген Ақжардағы атақты Кәрібай ұста «Көшпанжан, ағаңнан өзіңе бір естелік болсын!» деп жүрекжарды ниетімен соғып берген. Көшағам осы домбыраны о дүниеге кеткенше қолынан тастамай ұстап еді. Сол домбыра Жаңаберген ағаның отының басында қастерленіп ұсталды. Күндердің күнінде Көшенейдің тұтынған жәдігерлері ішінде оның домбырасы сұралды. Жәкең тауып берді. Сөйтіп Жәкеңнің ықтияттығының арқасында Көшенейдің домбырасы Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлт аспаптар мүзейіне кетті. Қазір сол жерде тұр» деп еске алған еді Бидас ағай Жаңаберген ағасын.
Екеуіміздің әңгімеміздің соңына қарай Назым апайдың көңілін бұзғым келмей әңгімені басқа арнаға қарай бұрып әкеттім. Расында да, өз көңілім де бұзыла жаздап отырған. «Қайран уақыт-ай» деп ауыр күрсінемін. Алдыңдағы ағаларыңның бірінен соң бірі мәңгілік мекендеріне аттанып кетіп жатқанына қарап жетімсіреген көңілімді қалай жұбатарымды білмей «енді алдым сиремесе екен» деп Аллаға сыйынудан басқа амал жоқтай алақтаймын.
Сізді еске ала отырып, бір аяулы ағаның орны толмай тұрғанын сездім. Мен сізбен жеке отырып сұқбаттасқан да, сырласқан да жан емен. Бірақ сізді көрген жерде өзімді бүтінмін деп білетінмін, сіз жүрген жер маған қауіпсіз, бейбіт те. Сіз сөйлеген сөз салмақты да салиқалы естілетін. Иә, менің жеке өмірімдегі жарқ еткен қуаныштан қалмадыңыз. Биттің қабығындай боп шыққан алғашқа жыр жинағымның тұсаукесерінің төрінде маңдайыңыз кере қарыс боп сіз отырдыңыз. «Оу, жаным-ау, мына кітапқа үлкен ғалым кісі кіріспе жазыпты ғой» деп Мекемтас Мырзахметовтің шәкірті екенімді мақтан тұттыңыз. Сіз математик болсаңыз да әдеби танымыңыздың мықтылығын түсіндім. Бойыңыздағы интуиция бай таным-түсініктің қоры еді-ау! Мұнан соң да келесі жыр жинағыма арналған кеш қонақтарының төрінде Назым жеңгем екеуіңіз отырдыңыз. Осы кеште сіз маған арнап «Сексеннен сәлем» деген арнау жырыңызды кеш қонақтарының алдына шығып оқып, қолыма табыстадыңыз. Жеке мұрағатымнан суырып алып, сол өлеңіңізді бүгін оқырманыма жариялағым келді.
«Досымның қызы Талайлы
Таңырқатып талайды,
Өлеңмен өріп өмірді,
Сүлейлер салған сүрлеумен
Жырмен соқтың сарайды.
Адалдықтан айнымай,
Өтірік пен өсектен
Таза ұстадың маңайды.
Қиындық қанша көрсең де,
Қатардан қалмай еліңе
Қызмет еттің қолайлы .
Өміріңнің жалғасы
Азамат етіп өсірдің
Ұл мен қызды арайлы.
«Өмірде ақындардың бәрі жалғыз»
Деп айтқан Мұқағали мен Қадірді
Жанына жақын санайды.
Жүдесе жаны жабырқап,
Әке рухына сыйынып,
Жігерін жырмен жамайды.
Туған жерді ту еткен,
Шырайлы жауһар жырларың
Жүрекке жылы тарайды.
Талайлы!
Алқынбай жеттің алпысқа ,
Ашық, жарқын көңілің
Әлі де
Асуға асқақ қарады.
Сүлейлердің жұртынан
Жыр теріп жүрсің жалықпай,
Өзіңді
Асылға халқың балайды.
Құтты болсын мерекең,
Таси берсін берекең,
Ағаңның ақ тілегі
Өзіңе бақытты ғұмыр қалайды» деп аяқталған өлең жолдарынан аңғарып танығаным – өлеңдерім арқылы өміріме баға беріп, менің әдеби ортамның айналасын аңғара отырып риясыз сүйіспеншілігіңізді аямағаныңыз. Арнау өлеңіңізді оқып отырып сізбен сөйлескен сияқтымын.
Иә, Жаңаберген ағамның да бізден бірден-бірге алыстап бара жатқаны рас. Даналардың дәптерінде жазылған сөзді оқысаң «Етегінде тұрғанда тау биіктігін көрсетпейді, оның биіктігі, асқары алыстаған сайын көрінеді» деген. Тарихи-әдеби, саяси танымы терең ардақты аға туралы естелік әңгімемнің соңында Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» кітабынан бірнеше өсиетті алдым. Олар:
...Айтар сөзім, інім қапы қалмағын,
Тірлігіңді құр өткізіп алмағын.
Адалдықтан еш айныма, тура бол
Бар тілекке жеткізеді тура жол.
Мұңды қысқарт, қызмет ет жасқанба,
Ашуда сақ, сабырлы бол сасқанда,
Жылы сөзбен күле сөйлес, жадырап,
Бақыт қонып құтың тасыр жамырап.
Жомарт, сахи бол, қырсығып есірмей,
Кісі айыбын ашпа, сөкпе, өшіргей!
Пайда қума, ел пайдасын ойлағын,
Өз жүгіңді өзгеге артып қоймағын...
Жаңаберген аға осы қағидамен ғұмыр кешті. Ал сен де осы өсиетті ұмытпа дейтін сияқты маған. Өзіңізге «Фатиха» дұғасын оқып, жаныңыз Жәннатта болсын аға, деймін.
Талайлы ДОСЫМОВА,
Білім және мәдениет саласының ардагері