» » Тұсау кесудің түпкі мәні

Тұсау кесудің түпкі мәні


Қазақ үшін перзенттің орны бір бөлек. Өмірін жалғаушы ұрпағының жолында барын берген. Сондықтан да болар, ел дәстүрінде бала өмірге келгеннен бастап орындалатын рәсімдер жетерлік. Тіпті құрсаққа біткен кезінен құрметті арттырса, сәби жарық дүниеге келген соң бесік той, шілдехана жасап, қырқынан шығарады. Қадам баса бастағанда тұсаукесер рәсімін өткізген. Тұсауы кесілмеген адамды сүріншек болады деп есептеген. Бүгінде бұл салттың әрбір үйде тойланатыны жақсы, бірақ қаншалықты дәстүрге сай?

Қайшымен тұсау кесіле ме?

Ертеден келе жатқан дәстүр бойынша кез келген ата-ана баласының алғашқы қадамын майлап, тұсауын кестіруді өз борышы санаған. Көптің ризалығын, ақсақалдардың батасын алып, арнайы сойған ақсарбасының тоқ ішегімен тұсау кестіру осылайша салтқа айналған. Майлы ішек орап кесу – «балам бай-бақытты болсын, қадамы жайлы, қазаны майлы болсын» деген игі тілегін бейнелейді. Сонымен қатар, баланың тұсауын жасыл шөппен, ала жіппен де кеседі. Шөппен тұсау кескенде «баламыз көк шөптей көгеріп өссін, ұрпақты, үрім-бұтақты болсын!» деген тілекті білдіреді.
Бұрын тұсауын кесуге дайындаған баланы әкесі ортаға тұрғызып, дуалы ауыз ақсақалдардан бата сұраған. Сонан соң тұсау кесетін адам қолына дайындалған кездікпен, яки пышақпен тұсауын кеседі. Бұл салт қазір де сақталғанымен, бүгінгі тұсаукесер рәсімі өзгеше өтеді. Тұсау кесу үшін көп жағдайда қайшы қолданылады.
Тарихқа үңілсек, қазақ халқы ешқашан енді ғана қадам басқан баланың тұсауын қайшымен кеспеген. Қазақ үшін «қайшылану» деген жақсылық емес. Егер баланың тұсауы қайшымен кесілсе, оның өмірі де қайшыланып қалады, қиындыққа, кедергіге толы болады деген сенім бар. «Баланың өмірі қайшыланбасын» деген ниетпен қазақ бүлдіршіннің тұсауын пышақпен кескен. Сондай-ақ пышақтың жүзін жоғары қаратып кесу қажет. Егер пышақтың жүзін төмен қаратып кессе, бала жерден басын алмайтын ынжық болып өседі деп ырымдаған. Сондықтан өршіл, ер мінезді ұрпақ болсын деген ақ тілекпен пышақ жүзін жоғары қаратып кеседі.
Бұл жөнінде ел анасы Зейнеп Ахметова өзінің «Күретамыр» атты кітабында мағыналы түсініктемелер береді.
– Бір-біріне кереғар, қарама-қарсы қайшының жүзі секілді баланың алдағы өмірі қайшыланып, кедергілер көп болмасын деп қазақ қайшымен кесуді жөн көрмейді. Бұл да жай емес, тіршілік тәжірибесінен алынған. Жақсылық болып, басына бақ қонғанда «асып-тасып асылық жасамасын, қиындықта жасып басылмасын, өмірдің күнгейі мен көлеңкесінен тең өтсін» деп баланың аяғына тұсалған ала жіпті пышақпен шорт кеседі, – дейді ұлт жанашыры.
Ұлттық дәстүрді дәріптеуде өзіндік үлес қосқан Зейнеп Ахметова егде кісілердің тұсау кескенін қош көрмейді. Оның өзіндік себептері де бар. Бүгінде ел сыйлаған атақты, жасы үлкен жандарға, кейбір жерде кимешек киген әжелерімізге тұсау кестіріп жатады. Алайда оның мәнісіне бара бермейді.

Егде кісі ешқашан тұсау кеспеген

Баланың аяғына ала жіпті көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген әжелер әдемілеп ақ батасын беріп, байлап береді. Ал тұсау кесетін адамды алдын ала сайлайтын болған. Қыз бала болса пысық, қимылы ширақ, ақжарқын мінезді, көпке қадірлі келіншекке, ұл бала болса «пәленше ағасындай сері болсын», «саятшы, аңшы болсын» деп ырымдап ел алдында жүрген ер-азаматтар кескен. Бұл сөзімізді Зейнеп Ахметованың мына сөзі дәлелдей түспек.
– Баланың аяғына ала жіпті байлаған. Оның мағынасы өмірдің ақ пен қарадан тұратынын түсіндіру. Күрмеуін кесу бала болашақта ақ пен қара қатар тұру заңдылығы кезінде құламасын, шалынбасын дегенді білдіреді. Баланың тұсауын үш мәрте кесетіндер бар екен. Ол болмайды. Адам баласының кімге ұқсағанын қалайды. Соны алдымен шешіп алуы керек. Баланың тұсауын бір рет кескен жөн. Үлкендер батасын береді. Ұл бала болса, оның тұсауын ел сыйлаған ағасы кессе, қыз баланың тұсауын жастау, халқына сыйлы, өнерлі келіншек кескені дұрыс, – дейді ол өз еңбегінде.
Қарап отырсақ, бұл отыз-қырық жас аралығын қамтиды. Сонымен қатар ертеректе тұсау кесу рәсімі кең далада өткізілген. Сонда ала жіп байланып, баланың тұсауын кесер алдында бір топ баланы жүгіртіп жіберген. Сол балалардың алдында озып келе жатқан екі бала таяған сәтте-ақ тұсауын кесіп жіберетін болған. Содан кейін ентігіп жүгіріп келген екі бала екі жағынан баланың алақанын алақандарына түйістіріп, уыстарына толтыра ұстап, дедектетіп ала жөнелген. Өйткені жүгіріп келген балалардың қаны қызып, күш-қуаты тасып, екпіні артып келді. Алақан арқылы осының барлығы тұсауы кесілген балаға екпіні, күші, яғни энергиясы өтеді екен. Бұл баланың тез жүріп кетуіне себепші болған.
Ал бүгінде төселетін ақ жол мен баланың алдына қойылатын домбыра, кітап, ақша, кілт сынды заттар бізге кәрістерден келіпті. «Оның еш жаманшылығы жоқ деп ойлаймын. Кәрістердің жақсы әдетін алған сияқтымыз. Бұл бір жай ғана қызықтау үшін жасалған дүние. Баланың болашағына сондай бір зиянын келтіретін зат емес. Ал ала жіпті ырымдап бала көтермей жүрген келіншекке сыйға берген. Ырым бойынша ол жіпті алып бір жерге іліп немесе сақтап қоюы керек. Көп ұзамай балалы болады» дейді Зейнеп Ахметова.

Ала жіптің сыры

Тұсаукесердің әр жерлерге байланысты кішігірім өзгешелігі болмаса, негізгі мән-мағынасы бір, яғни баланың алғашқы қадамына мән беру, тілек тілеу. Баланың тұсауын ала жіппен кеседі. Ақ жіп пен қара жіптің екеуін айқастыра отырып есіп, ала жіп дайындалған. Бұл – тіршіліктің нышаны. Себебі өмірде барлығы қос-қостан келіп отырады. Мәселен, өмір мен өлім, жарық пен қараңғы, жақсылық пен жамандық, ыстық пен суық, ер мен әйел. Бұлар үнемі қатар жүреді, бірінсіз бірі болмайды. Тек бір Алла ғана жалғыз. Ала жіптің негізгі мәні осында.
Ал «Кісінің ала жібін аттамасын, ұрлық қылмасын, қиянат жасамасын, жаман жолға түспесін» деген себеппен ала жіп дайындайды» деген түсінік кейіннен пайда болған.  Бір өкініштісі, біз бүгінде тамыры тереңде жатқан дүниені осылай біржақты түсініп, «біреудің затын ұрламасын» деп қана «тұсау кесіп» жүрміз. Қазіргі қызылды-жасылды қоғамда баланың тұсауын да түрлі-түсті жіппен кесу кең таралған. Ұл балаға ақ пен көк, қыз балаға ақ пен қызыл түсін таңдау да қалыпты жағдайға айналған. Алайда қарама-қайшылықтың белгісі ақ пен қара түс болғандықтан, тұсаукесер рәсімінде ақ пен қарадан есілген ала жіпті қолданған жөн-ақ.

Тұсаукесердің мәні

Енді салттың кезекпен орындалатын рәсімдердің мағынасына тоқталсақ. Көпті көрген қариялардың ақ батасы,  халыққа қалаулы, елге танымал болып жүрген ер-азаматтың немесе көпке сыйлы болып жүрген келіншектің жақсы ниетпен тұсау кесуі, содан кейін күш-қуаты тасып, ентігіп жүгіріп келген балалар, олардың ып-ыстық алақандары. Осының барлығы алғашқы қадамын тәй-тәйлап басқан баланың ендігі жерде сүрінбеуі, басқан қадамының сәтті болуы, бастысы «аяғын нық бассын, өзінің туған жерінде аяғын нық басып жүрсін» деген тілекке толы ғой. Сондықтан да тұсау кесу қалай болса солай өткізе салатын салт емес. Бұл – баланың үлкен өмірге алар жолдамасы, тойдың басы, өмірге бастар қадамның алғашқы баспалдағы. Бұл – «баламыз жақсы азаматқа ұқсасын, қадамы сәтті болсын, өмірінде кездесер жақсылық пен жамандықты тең көтеріп өтсін» деген ниет-пейілі бар астары ауқымды, мағынасы терең салтымыздың бірі. Алайда бүгінде тамыры тереңде жатқан, жан жылытар тілекке толы дәстүріміздің түрліше бұрмаланып, үлкен даңғаза тойға, мақтан қуар тірлікке айналып барады. Қалай десек те, атадан балаға жалғасқан қазақ салтын орнымен қолданып, қадірін кетірмесек екен…
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
21 қыркүйек 2021 ж. 3 666 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 062

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031