» » » «Кіндік шеше» дегеніміз кім?

«Кіндік шеше» дегеніміз кім?


Әрбір салттың астары терең мағына беретін қазыналы халықтың ұрпағымыз. Қазақ халқы ықылым заманнан бері кіндікті киелі санаған. Дүниеге жаңа келген сәбидің кіндігін кесудің өзі жеке дәстүрге айналуында бір ұлағат жатса керек. Бүгінгі «кіндік шешелер» кімдер? Асылында, кіндік шешенің міндеті босанғанда серіктес болумен немесе перзентханадан шығарып алумен шектелмесе керек. Жалпы, қазақ ұғымындағы «кіндік шеше» дегеніміз кім?
Ертеде келіннің бойына бала біткеннен бастап, оған енесі дүниеге келер сәбиге кіндік шешені таңдай бастаған екен. Оған ісі ұнамды, мінезі жайдары, қолы ісмер келіншектерді лайық көрген. Себебі, баланың мінезі кіндік кескен анасына тартады деп ырымдаған. Жаңа туған сәбиді кіндік бауымен жерден кім көтеріп алып, аялы алақанына салса, кіндік ана бойындағы барлық қасиет сол балаға жұғады. Өсе келе мінезінен оған ұқсайтын артықшылықтар көрініс табады екен. Осыған орай, кіндік ана болу да екінің біріне бұйырмайтын құрмет болыпты.
«Болашақ немереміздің кіндік шешесі өзің бол, ниетіңе жет» деп келіннің енесі қолқа салған соң, кіндік шеше «қарын той» жасаған. Бүгінде ұмыт қалған бұл салттың өзіндік мағынасы бар. Ол жүкті әйелді, көрші-қолаңды шақырып, әлі дүние есігін ашпаған балаға кіндік ана болғанына куәлік етіп, дастарқан жаяды. Осы күннен бастап, аяғы ауыр келіншекке жәрдем беріп, іштегі шаранаға әу бастан-ақ қамқорлық жасаған. Жерік асын тауып беріп, қажетінше үй тірлігіне дейін көмегін берген. Ақыл-кеңесін айтып, жас келінді аналық өмірге дайындайды. Енесіне айта алмаған сырын бөлісер, жақын жанашыр жанға айналады. Босанғанша көз қырын салып, қадағалап жүреді. Айы-күні жақындағанда жанынан табылып, «ай толғақ», «апта толғақ» сияқты толғақтардың әр күнін санап, келіннің қай күні босанатынын болжап отырған.
Ал көптен күткен күн келіп, толғақ қысқанда кіндік шеше үй-жайды дайындап, сәби өмірге келгенде кіндігін кескен. Мұнымен кіндік шешенің міндеті аяқталмайды. Қайта керісінше, бірнеше есеге көбейеді. Жас ана үшін қатерлі қырық күн өткенше баланың қасында болып, оны күнделікті суға шомылдырып, майлап, сылап қарасады. Жас ананы бала күтіміне баулиды. Уақытылы әрі құнарлы тамақтануын қадағалайды. Құтты болсын айта келген әрбір жанды күтіп алып, «Қуыс үйге құр кірме, қуыс үйден құр қайтарма» деген кәдені жасап шығарып салған.
Одан бөлек, ауыл әйелдері арасында «қыдырма дастарқан» деген дәстүр болған. Онда дәмді дәнекер етіп, кіндік ананың ақ дастарқанында сырласып, әңгіме-дүкен шертіп, баланың келешегі үшін кеңестер құрып отырған. Мұның астарында жаңа туған баланың өмірі думанмен басталса, кейінгі ғұмыры да солай қуанышқа толы болып, несібеден тарықпайды, қайда барса да сыбағалы-сыйлы болып жүреді деген ұғым бар. Кіндік ананың міндеті мұнымен де шектелмек емес. Яғни, ол сол кіндік баласының «шілде тойы», «бесік тойы», «тұсау кесер» тойы, ұл бала болса «сүндет той», «ат мінгізу той», қыз бала болса «тілашар», «сырға тойы», есейгенде «ұзату», «үйлену» тойларының бәріне атсалысады. Қазақта той болғанда «Баланың кіндік анасы бар ма екен? Тойға келді ме екен?» деп ең алдымен іздейтін болған. Ал егер, кіндік ана тойға қатыспаса, онда береке болмайды деп есептеген. Осыдан-ақ қазақ үшін кіндік шешенің орны ерек екенін аңғаруға болады.
Ал осы той мен міндетке себепкер кіндікке тоқталсақ. Ол неге киелі? Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «кіндік – адамның ішкі дене мүшесімен жалғасатын ішек» делінеді. Қазіргі медицина оны «іштегі бала мен ана ортасындағы энергия тасымалдайтын негізгі дәнекер» деп есептейді. Ұлттық салтымызды жіпке тізгендей етіп жинақтаған этнограф ғалым, ел анасы Зейнеп Ахметова өз еңбегінде кіндікке мынадай пікір білдіреді.
– Былай қарасаң, кіндік – соншама қадірлеп әрі дәстүрлеп көметіндей емес, тырнақтай тері. Бірақ ата-бабамыз кіндіктің қасиетін бағалағандықтан да жаужүрек ұлдары, үлкеннің алдынан кесіп өтпеген ибалы келіндері болды. Ата-бабамыздан бізге осыншама кең байтақ жердің мирас болып қалуының бір сыры осында жатса керек. «Кіндік қаны тамған жер» деп те айтып жатамыз. Қалай десек те, бұл негізсіз емес, – дейді З.Ахметова.
Ертеректе сәбидің кіндігін ұзындау етіп, ақ балтамен кесіп, таза жіппен байлап, түбіне күл сепкен. Балтаны өзге нәрсеге пайдаланбай сақтап қойған. Ұзын етіп кесудің себебі баланың кіндік жолындағы қан, сарысулар кіндікке ағып құйылып, кіндік ерте түскен. Баланың ішкі ағзасын тазартып, қан айналымы жақсаратын болған. Дана халқымыз мұны бағзы заманнан білген. Кейбір ырым бойынша ер адам да кіндік кескен. Оның өзіндік себебі бар. Үнемі түсік тастап, балаға зар болып жүрген жан аман-есен босанса, сол баланың кіндігін ер адамға кестірген. Ер адам кіндігін кескен балаға шайтан жуымайды, жын-жыпыр араласпайды, бала тіл көзден аман болады деп ырымдаған. Одан бөлек, баланың мінезі ер көңіл, жомарт, ешнәрседен тайсалмайтын батыр болсын деген ниеттен туындаса керек. Өйткені, әйел адам нәзік, жұмсақ мінезді, құбылмалы болғандықтан «жар дегендегі жалғыз балам, жасқаншақ, ұялшақ, тартыншақ болып қалмасын» деп, ер адамды таңдайды екен.
Сәби өмірге келіп, кіндік кесілгеннен кейін оны бей-берекет тастай салмаған. Осы тақырыпқа терең бойлап, ұлттық дәстүрді дәріптеп жүрген Зейнеп Ахметованың пікіріне тағы да сүйенсек.
– Ертеректе ұл баланың жолдасын алты қырдан асырып, ал кіндігін табалдырықтың астына көмген. Әжелеріміздің «табалдырықты баспа» дейтіні сондықтан. Ұл – шаңырақтың иесі, елін-жерін қорғайтын ертеңгі азамат, болашақ жауынгер әрі түздің адамы. Ал, қыз баланың жолдасын да, кіндігін де оттың басына көмген. Олай болатыны, қыз – қай жерге бармасын, қазан-ошаққа ие болар болашақ келін, ұрпақ өрбітетін болашақ ана. «Оттың басына түкірме» дейтін тыйымның мәні осында жатыр, – дейді дана әже.
Ал бүгінгі келіндерге ел анасы кіндікті жеміс беретін ағаштың астына көмген дұрыс деп кеңес етеді. Ата-бабадан жалғасқан дәстүр кіндік кескен адамның нәресте өміріне өзіндік әсер ететін айқын көрсетті. Қазіргі «кіндік шеше» атапып жүргендер кім?
Заманның талабына сай медицина жүкті әйелге босану залына серіктес алып кіруге рұқсат етті. Әрине, сәбидің өмірге келуі биологиялық, физикалық жағынан алғанда оңай процес емес. Осындай сәтте демеу болған немесе перзентханадан шығарып алған жандар кіндік шеше атанып жүр. Олар кіндік кесуге ниет білдіре ме? Осы жөнінде сала маманынан сұрап білдік.
– Қазіргі уақытта кіндікті дәрігерлер өздері кеседі. Себебі ана мен баланың амандығы үшін жауап беретін де осы жандар. Карантинге байланысты қазір серіктес кіргізілмейді, бұл уақытша нәрсе. Ал бұрын ырым сақтап, өтініш айтушылар болған. Яғни, «көптен бала көтермеген келіншек шарананың кіндігін кессе, көп ұзамай жүкті болады» деген ырым бар деседі. Соны негізге ала отырып, қолқа салған жағдайда, бар талапты сақтай отыра рұқсат етілген кездер болды, – дейді аудандық перзентхананың бөлім меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер, акушер-гинеколог Альбина Жұмабаева.
Қазақ ұғымында ерекше орны бар «кіндік шеше» туралы жазбас бұрын, көп адамнан пікір жинастырдым. Сонда ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған ұлағатты анадан естіген мына сөздер есімде қалды.
– Біз бүгінде «кіндік шеше» ұғымына тым жеңіл қарап жүрміз. Сәбиді шығарып алуға тұрмыс құрмаған қыздар да барып, «кіндік ана» атана салады. Ал шын мәнінде, ол көпті көрген, балалы-шағалы, үлгілі отанасы болуы керек. Меніңше, перзентханадан сәбиді шығарып алған адамды кіндік анаға балау дұрыс емес. Бұл құрметке ие болу үшін, расымен де кіндік кесуі шарт. Бүгінгі «кіндік шешелер» жастар арасындағы сыйластық пен достықты арттыратын болар. Бірақ, ертеден келе жатқан қасиетті «кіндік шеше» ұғымының мәнісін жоғалтуда, – дейді Тынышкүл Қатарбаева.
«Кіндік ананың» міндеті мен қызметін тізбектедік. Ал оған көрсетілен құрмет қандай? Ертеректе оның көңіліне риза болған отбасы ат мінгізіп немесе бұзаулы сиыр берген. Саусағына алтын сақина, қолына білезік таққан. Асыл жібектен көйлек кигізіп, шапан да жапқан. Қалайда оны риза етуді көздеген. Өйткені кіндік ананың көңілі толмаса бала «қыңыр мінезді» болып, ел арасындағы береке кетеді деп сенген. Қыз алысып, құдандалы болғанда да баланың ата-анасымен қатар төрден орын беріліп, сый-кұрмет көрсетілген. Бала ержеткенде де «кіндік ананың парызын» өтеп, қуантуға асығатын болған.
Қалай десек те, періштенің өмірге келгендегі ең алғаш көретін адамы кіндік шеше болмақ. Әр салты мен ырымы философияға толы, дәлелдеуді қажет етпейтін даналыққа өрілген ұлттық дәстүрді қайта жалғаудың маңызы зор. Сондықтан да дәстүрге ден қойып, өткенге үңіліп тұрған да абзал.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ


30 қазан 2020 ж. 4 171 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 068

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031