» » Шәкірт лебізі

Шәкірт лебізі

Жан-жағымызды танып, ес білгелі осы қасиетті жыр өнерімен сусындап өстік. Олай дейтін себебім, отбасымызда жиын той, қандай  бас қосулар болсын көретініміз тек жыршылар, жыраулар, әншілер болатын. Бұның бәріне себепкер алдымдағы апам — Айнұр еді. Мен ол кездері мектеп қабырғасында оқитынмын.
Бір күні үйге шағын бойлы, орта жастарда болса керек, сөйлегенде даусы сондай құлаққа жағымды бір ер кісі кіріп келді. Қасында менің тіліммен айтқанда «тәтелер» бар. Бірінші көруім, ешқайсысын танымаймын. Бірақ танымасам да сол кісілерді күнде көріп жүргендей жақын тарттым. Жүздері сондай жылы, жайдарлы, жарқырап тұр. Байқасам,  бұл кісілер Айнұрмен бірге келіпті. Айнұр ол кездері Қызылорда қаласындағы музыкалық колледжде оқитын. Қонақтардың ұстазы –  Бидас аға, құрбылары Мариям Кетебаева, Ақерке Өтепбергенова, Сәуле Шамшатова, сондай-ақ, қастарында ұмытпасам Жарқынбек Тұрымбетов те бар. Айнұр ылғи осылай жүрген жерінде жалғыз жүрмейтін, қонақжай болатын, үйге өзі сияқты достарын ерте келетін. Біздің балаң санамызда сондай ақжарқын бейнесімен, ақкөңіл мінезімен, сыңғырлаған күлкісімен мәңгі сақталып қалды. Бұл келісі  сол апта соңындағы әдеттегі демалысқа келгені болатын. Қонақтар келген соң анам қарап отырсын ба, құшақ жая қарсы алып, бәрімен қуана амандасып жатыр. Мен болсам аузым ашылып, келгендерге қараумен жүрмін. Содан не керек, дастарқан жайылды. Келген аға-апалар бір-бірімен әзілдесіп ананы-мынаны айтып, күлісіп, отырыс та қыза түсті. Ас-су ішіп болған уақытта ән-жырға кезек беріліп, небір ғажайып мақамдағы  жырлар төгілді ғой! Ең алдымен ақ домбырасын қолға алып,  қомданып алып, жыр бастаған  Бидас ағай болды. Дауыс деген тамаққа салып айтқанда, күмбірлеп алып жөнелді. Тыңдап отырып тұла-бойыма тоқ жүргендей, төбе құйқам шымырлап кетті. Әсер еткені соншалық, сол кісілердің қасынан шыға алмай қалдым. Ауық-ауық «ананы әкел, мынаны әкел» деп анам жұмсайды. Мен жұмсағанын жақтырмай, отырған жерімнен кеткім келмей, әзер дегенде барамын.
Ағай жырлап жатқанда қасындағы кісілер «әу» деп көтермелеп қояды, сол сәтте үйдің іші бір жаңғырып кетеді дерсіз. Неткен ғажап!  Одан соң шәкірттері бірінен соң бірі жыр-терме айтып, ой бір өмірде көрмеген «концертімді»  тамашаладым ғой шіркін! 
Әлқисса, со күннен бастап домбыра тартуға қатты құмар болдым.
Сол уақыт, шамамша, 5-сыныпта оқитын кезім. Ертесіне сабақтан қайтып келе жатып, қасымдағы қарама-қарсы сыныпта оқитын құрбым әрі көршім Гауһарға мектептен үйге жеткенше үйге келген қонақтар туралы жыр ғып айтып бердім. Аузым аузыма жұқпай, алған әсерімді төгілтіп  жатырмын.  Айтылған ән мен жырдың кереметін сипаттап жеткізе алдым ба, жоқ па,  білмеймін,  Гауһарым да үнсіз тыңдап келеді. Бір кездері менің әңгімемді тыңдап болған Гауһар:  «Мен сол Бидас ағайдан музыка мектебінде дәріс алып жүрмін» деп қарап тұр. Бұдан кейін менде маза бола ма? Ал кеп «мен де барамға» бастым. Содан не керек,  ертесіне Гауһарға еріп, музыка мектебіне жеттім.  Бізді көрген Бидас ағай:
«Ой, айналайындар, келіңдер, сәлеметсіңдер ме?» деп амандық-саулық сұрасқаннан кейін, маған: «сен Айнұрдың сіңілісі Әйгерім емессің бе?» деді. Мен: «Иә, ағай, үйде болдыңыздар, содан танимын» деп жатырмын. «Ә, бәрекелді, кел отыр» деп қасына жақын жердегі орындықты нұсқады. «Гауһарға еріп келгенің дұрыс болған екен» деп ризашылығын білдіріп жатыр. Сөйлесе, жөн сұраса келе: «Домбыра тарта аласың ба, не айта аласың?» деп сұрады. «Иә, аздап тартам, бірақ толық емес» деп ем, қолыма домбыраны ұстата беріп: «кәнекей, тарта ғой» деді. Домбыраны жүрексіне алып, жайғасып отырғаннан кейін Кете Жүсіптің «Ер жігіт» деп басталатын термесін шамам келгенше айтып бердім. Ағай тыңдап алып: «ой, бәрекелді, тартысың да, домбырада отыру ережең де әжептәуір жақсы екен» деп,  ризашылығын білдірді. Басқа үйірмеге қатыспайтын болсаң, Гауһарбайға еріп келе бер деді. Гауһарбай дегеніне күлдім де ағайға қарап ем, «енді сен Айгерім батырсың» деп ішек сілесі қатып күліп алды. Ағайдың күлкісі де ерекше. Сөйтсем ағай өзінде оқитын оқушылардың бәрінің есіміне бай, батыр тағы сол сияқты қосып атайды екен. Өзіне жақын тартқаны ғой.
Келесі апта тағы бардым. Ағай біраз сабақ өтті. Уақыттың қалай зымырап өткенін де байқамаппыз, кеш түсіп кетіпті. Бұл – сабаққа деген ынтам мен қызығушылығымның өте күштілігінен еді. Міне, осылайша көптеген қызықты сабақтар, тәлім-тәрбие мен дәрістерін Бидас ағайым басқа шәкірттері сияқты менен де аямады. Ағайдың шақырған күнін асыға күтіп жүретінбіз. Осылай айлар өтті, жылдар өтті. 
Ағаймен өткен әр сабағымыз тамаша бір концерттен кем болмайтын. Бірінен соң біріміз жыр айтқанда,  сол жердегі басқа үйірмелердің ағай-апайлары біздің сыныпқа жиналып қалатын. Әрқайсымыз айтқан сайын ағай марқайып, рақаттанып, арқасы қозып, үстелді жұдырығымен ұрып отыратын. Біз жырлай бастасақ,  ең бірінші боп сыныпқа жылы жымиып оқу ісінің меңгерушісі Сапабек ағай келеді.
«Ау, Биеке, мына жерде концерт боп жатыр ғой» деуді ұмытпайды. Содан ағай екеуі рақаттанып бір күліп алады да, ары қарай келесімізге айтқызады. Артынша басқа да ағай-апайлар келіп, әр сабақ кештің батқанын білмей қалатын едік.
Бидас ағайдың сабақ өтуі өте ерекше болатын. Ағай сабақ сұрамастан бұрын жағдайды сұрайды, үйде не жаңалық барын, үйдегі жандардың аман-саулығын, бәрін-бәрін сұрап алады, содан неше түрлі қызықты оқиғаларды айтып, бізді біраз күлдіріп алатын да, ал енді сабаққа кірісейік деп сабақ бастап кететін. Біз ерекше ынтамен үйренеміз.
Ағайдың негізгі жұмысы аудандағы жарықтандыру торабында болатын. Әуез мектебінде қосымша жұмыс істеді. Әуез мектебінде оқып жүргенде түрлі жыр байқауларына, концерттерге қатыстық. Жақсы жетістіктерге қол жетті. Бір күні ағай Аралда тойға барамыз деді. «Апайың бар, өзім бар, сен де барасың» деп, Аралға тарттық та кеттік. Ол кезде 7-сынып оқимын.  Содан Аралға келдік. Ағайды көрген кісілер алдынан шығып, қуанып хал-жағдай сұрасып амандасып жатыр. Мына бала кім деп жатыр мені көрсетіп. Бұл бала менің шәкіртім деп ағай таныстырды. Жолдан келген біздерді дастарқан басына шақырып, ас су ішілгеннен кейін, ағайды сол жерде отырған кісілер қолқалады.  «Бидас, өзіңді тыңдамағалы біраз болды» деп жатыр жан-жақтан қаумалап. Ағай домбырасын қолына алды дағы әңгімесін айтып, Жиенбайдың бастау термесімен бастап кетті. Отырған кісілер ағай айта бастағанда делебелері қозып,  шыдамай «әу» десіп жатыр. Сыртта қызмет жасап жүрген кісілердің бәрі ішке кірді. Қонақ бөлме адамға лық толды. Ағай біраз жыр терменің басын қайтарды. Тыңдаған халық риза болып, рақаттанып қалды. Үлкендер жағы батасын беріп, ризашылығын білдіріп жатыр.
Енді менің мына кішкентай шәкіртім жырлап берсін деп, ағай маған қарады. Мен ондай топта бұрын-соңды жырламақ түгілі терме толғау орындамағанмын. Жүрегім тарсылдап, өз-өзіме әрең дегенде келіп, домбырамды алып тарта бастадым. Отырған кісілер мен домбыра тарта бастағанда-ақ «әу» десіп жан-жағымнан айқайлай бастағанда қобалжығаннан, жүрегім аузыма тығылды.  Әйтеуір өз-өзімді жинақтап, Тұрмағамбеттің термесінен бастап айтып, Омар Шораяқтың «Бір пияла» мысалын орындадым. Одан шағын шумақтардан осылай біраз терме толғау орындалғаннан кейін, ағай маған: «Айгерім батыр,  енді «Көрғұлыға» түсе ғой» деді. Ортаға бойым біраз үйренісіп қалған, тосылмай «Көрғұлыны» бастап кеттім. Басынан айттым. Тыңдаушылар айқайласып, «әу» десіп мен де қыза бастадым. Ағай байқаса керек, маған қарап ризашылығын білдіріп отыр. Біраз жырладық. Уақыт та біразға таяп қалды.
Шыққаннан кейін ағайым арқамды қағып, менің қолымды қысып қайта-қайта риза болғанын айтты. «Міне, енді сенің топта жырлауыңа болады, әдейілеп әкелдім осы  тойға жырласын деп.  Қаншама кісі батасын берді, енді жолың ашық, ешнәрседен жүрексінбе, тек алға!» деді. Мен де баламын ғой, ағайдың сөздеріне мәз болып қуанып, өзімді сондай керемет күйде сезіндім.
Кейіннен ойласам, ағай мені ашылсын деп,  ортаға жырлатқан екен. Одан кейін де біраз жерлерге бардық, жыр жырладық. Ағай мен оның жары Рыстай апайдың қызы сияқты тойлардан қалмай, мен де қастарында еріп жүремін. Сол кездердегі менің сахнам, ұстазымның шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі орасан зор болды. Әсіресе мені кішкентайымнан осы қасиетті жыраулық өнерге баулып,  қанатымды қатайтып, жырдың құдіретті сөздерін санама сыналатып, сиқырлы мақам-саздарды бойыма сіңірді.
«Көрұғлы» жырын ә дегеннен үйретіп, көпшілік ортасында жырлатқаны да – ұстаздың еңбегі. Ағайым ылғи да: «Осы өнерді таза қалпында ұстасаң, алар асуың да, шығар белесің де өте жоғары болады» деп айтудан талмады. Айтса айтқандай, Аллаға шүкір, қазір осы ұстазымның тәрбиесінің арқасында бірталай сахналарда өнер көрсеттім. Осындай қасиеті мен киесі мол ұлы жыраулық өнерді бойыма дарытып, шыңдала түстім.
Сырдың сырлы, қоңыраулы үні, бабалардан қалған асыл мұрасы сол күннен бастап ұстазымның маған таққан тұмарындай, әлі күнге өзіммен бірге сақтап келемін.
Қазақ даласында, оның ішінде Сыр өңірінде көмейге салып айту өнерінің саф алтындай жалғасы – мәңгілік сарынның таңдаулы тұнбасы. Бидастай дүлділ ұстазымды ұлықтау, берген тәлімін айта жүру – менің шәкірттік парызым. Даланың мұңын, сырын, жырын әуелете, саласы көп мақамға салып, тебірентер киелі жырдың ұрпағы – менің ұстазымды бүгінде қазақ даласы ұйып тыңдайды. Қасиетті де киелі өнер иесі бүгінде шәкірттерге берген тәлімі арқылы бақыттың шыңындағы ұлы өнерді жалғастырып келе жатқан белгілі ұстаз. Кешегі өткен дүрлер мен шайырлардың  сөзін жоқтатпай, өз терезесін тең ұстаған айтулы жыр дүлділі. Ал, ғайыптан келген бұл өнер – екінің бірінің еншісіне ілінбеген бақ, таңдап қонған адамының ұрпағына да молынан дариды. Сондықтан болар, ұстазымның қанжығасына байланған атадан балаға үзілмей келе жатқан бұл өнер өз ізін әлі де жоғалтпай келеді.
Ұстазым сол өнердің бағбаны болса, шәкірттері сол бақшаның жеңіске жеткізген жемісі. Талайды тамсандырып, таңдай қақтырған сұлу өнердің иесі, жырау, ұстаз жыр тарланы – Бидас ағайым әрдайым аман болсын. Қасиетті өнердің алтын арқауы үзілмесін.
Айгерім ЕШБАЕВА,
аудандық К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің директоры
18 қыркүйек 2021 ж. 802 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031