» » ЖАМБЫЛДАҒЫ ЖАРЫЛЫС: ел тарихындағы қаралы күн

ЖАМБЫЛДАҒЫ ЖАРЫЛЫС: ел тарихындағы қаралы күн



Осыдан бірнеше күн бұрын әлемжеліде желдей ескен жарылыс бейнежазбасы дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Қорқыныш пен үрей басқан жұрт көкжәшіктен әрі отырып, тілеуін тілегеннен өзге не істесін. Ал жарылыс маңындағылардың жай-күйі тіпті мүшкіл. Бұл – Жамбыл облысы, Байзақ ауданында ҚР Қорғаныс министрлігінің №28340 әскери бөлімінде инженерлік оқ-дәрілер қоймасында орын алған жарылыс еді.
Тамыздың 26-сы. Кешкі сағат жетінің шамасы. Тараздың іргесіндегі Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің тротил сақтау қоймасынан өрт шықты. Жалын инженерлік оқ-дәрілер базасына жетті. Сөйтіп өрт жойқын жарылыстарға ұласты. Өрттің алғашқы минуттарынан-ақ дабыл қағылды. Әскери бөлімнің өрт сөндірушілері үдере көтерілді. Жігіттер тілсіз жаумен жанқиярлықпен алысты. Артынша Жамбыл облысы бойынша ТЖД-нің өрт сөндірушілері шақыртылды. Алайда жалын күшейіп, ырық бермеді. Сағат 19.15-те әскери қалашықтағы 16 үйдің тұрғынын көшіру басталды. Одан соң оқиға орнынан 3 шақырым қашықтықта орналасқан 3 елді мекеннің жұрты эвакуацияланды. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар Жамбыл облысының өзге әскери бөлімдеріне жөнелтілді. Аймақтағы теміржол қозғалысы уақытша тоқтатылып, жолаушылар маңайдағы станцияларға автобустармен жеткізілді. Жарылыс болған жердегі негізгі тас жол жабылды. Түн ішінде Қорғаныс министрлігінде арнайы комиссия құрылып, олар Төтенше жағдайлар министрімен бірге сағат түнгі онның шамасында Жамбыл облысына ұшып барды. Жедел штаб құрылды. Түнде Мемлекет басшысы твиттер парақшасында қылмыстық іс қозғалғанын жазып, «жағдай бақылауда» деді. 26-сы кешкі жеті кезінде басталған жарылыстар түн ортасына дейін жалғасты. Оқ-дәрілер базасында жалпы 10 шақты жарылыс болды.
Салдарынан 14 адамның қаза тапқаны жа­йында қаралы хабар жетті. Қаза ел үшін, халық үшін де оңайға соқпады. Зардап шеккендер де аз болмады. 90-нан асып жығылды. Із-түссіз кеткендері де бар.
– Медициналық көмекке 98 адам жүгінді. Оның 28-ін ауруханаға жатқыздық. Қалғандарына жарақат бөлімінде тиісті көмек көрсетілді. Көбінің жағдайы тұрақты. Қазір ауруханада жатқандарға көмек барынша көрсетіліп жатыр. Көмек әлі де беріледі, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Орын алған төтенше жағдай салдарынан теміржол, көлік қатынасы тоқтатылған болатын. Сондай-ақ, қалаға екі жолаушылар по­йызы келген. Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, қазіргі таңда жолау­шылар пойызы тоқтап тұрған жоқ. Сонымен қатар, халықтың сұрақтарына жауап беретін тәулік бойына қызмет көрсететін ТЖ штаб кезекшілері тоқтаусыз жұмыс істеуде.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен шұғыл брифингте Қайнар ауылында болған жағдайды тез қалпына келтіру үшін 1000-нан астам әскери адам, 120 техника тартылып, 30-дан астам жедел жәрдем көлігі жұмыс істегенін мәлімдеді. Пайымынша, жарылыс кезінде инженерлік оқ-дәрілер алыс қашықтыққа ұшпайды. Негізгі зақымдаушы фактор жарылыс толқыны болуы мүмкін екенін жеткізді. Алайда, өрттің шығу себебі әлі толық анықталмаған. Сондай-ақ, ол өртті оқшаулау мүмкін болмай ол басқа қоймаларға таралғанын атап өтті. Өрт салдарынан инженерлік оқ-дәрілердің бірнеше жарылысы орын алған. Оның мәліметінше, түрлі аралықпен салыстырмалы түрде қуаттылығы төмен 10-нан астам жарылыс болған.
Ресми мәліметтер бойынша, 26 тамызда сағат 18.45-те «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының инженерлік оқ-дәрілер базасында қоймалардың бірі өртенген. Өртті ауыздықтауға үш есептоптан тұратын әскери бөлімнің өрт сөндіру командалары дереу кіріскен. Әскери бөлім бойынша кезекші бірден «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының басқармасы мен Байзақ ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің жедел кезекшісін хабардар еткен.
Өртті оқшаулауға бірінші кезеңде 500-ге жуық адам тартылған болса, содан кейін олардың саны көбейтілген. Нақтырақ айтар болсақ, 31 әскери техника, 24 өрт сөндіру машинасы және ТЖМ жұмылдырылған. Өрт сөндірушілердің әрекеттеріне қарамастан, өрт шыққан соң бір сағат өткеннен кейін алғашқы жарылыстар болған.
Нұрлан Ермекбаевтың сөзінше, бұл базада тек инженерлік оқ-дәрілер ғана сақталған. Олардың бір бөлігі 2 жыл бұрын Арыс қаласынан шығарылған. Инженерлік оқ-дәрілер жарылыс кезінде алыс қашықтыққа ұшпайды, сол орнында жарылады.
Қорғаныс министрінің мәліметінше, Қаракемер базасы сақталған инженерлік оқ-дәрілердің саны мен қуаты бойынша көлемі Арыс қаласындағыға қарағанда 7 есе аз. Оның айтуынша, жарылыстар мен тарсылдар түнде тоқтаған. Қазіргі кезде бірнеше қоймадағы өрт қалдықтары бықсып жатыр. Барлық зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілуде.
Төтенше жағдайды жоюға ТЖМ – 153 қызметкер, 46 техника, ДП – 400 қызметкер, 54 техника, №28349 ә/б – 8 қызметкер, 2 техника, №5513 ә/б – 273 әскери қызметші, 12 техника жұмылдырылған. Ұлттық ұланнан 520 адам және 250 адам резервте.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқаны үшін сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастағанын айтып өтті. Оның айтуынша, жағдай қатаң бақыланады. Ішкі істер органдарының 1000-нан астам қызметкері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері жұмылдырылған. Уақытылы қабылданған шаралар жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік берген. Оның мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 462-бабы «Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде жалған мәліметтер таратылуына байланысты ҚР ҚК 274-бабы «Әлеуметтік желілерде көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын жеткізді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев зардап шеккендердің барлығына қолдау және көмек көрсету жөніндегі президенттің тапсырмасы бар екенін айтып өтті. Сонымен қатар, оның сөзінше демеушілер, жергілікті бюджет есебінен қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетіледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқан қызметкерлерге түрлі дәрежеде марапат­ табыстады. Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бас­тығының ­ор­ынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа "қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін" "Халық қаһарманы" атағын, "Алтын жұлдыз" белгісі мен "Отан" орденін тапсыруды бұйырды. Тағы бір қаулысымен Бас әскери прокуратураның Оңтүстік аймақ әскери прокуроры Арман Қапезов пен Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісі Александр Микропулоға I дәрежелі "Айбын" орденін тағайындады. Бұдан бөлек қорғаныс министрлігінің қызметкерлері Оразбек Дәлібаев, Руслан Жанболатов, Марат Мешінбай, Еркін Нәдірбеков, Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері Елдос Сандыбаев, Арнұр Темірболатов және Тәңірберген Төребековке III дәрежелі "Айбын" ордені берілді.
Жексенбі, 29 тамыз – Қазақстанда Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқандарды аза тұту күні болды. Мемлекеттік ғимараттарда, шетелдегі дипөкілдіктерде Қазақстан туы түсірілді. Көңіл көтеру шаралары өтпеді, радиолар мен телеарналарда көңіл көтеру бағдарламалары мен жарнама эфирге шықпады. Қазақстанның президент әкімшілігі жексенбі күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына мемлекет басшыларынан, халықаралық ұйымдардан көңіл айту жеделхаттары түсіп жатқанын хабарлады. Көңіл айтушылар қатарында Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Армения басшылары және Шанхай ынтымақтастық одағы мен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің басшылары бар.
Еске салсақ, осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласында таңғы сағат 09:20 шамасында №44859 әскери бөлімінде оқ-дәрі салдарынан әуелі өрт шығып, көп ұзамай бірнеше жарылыс болған болатын. Оқиға салдарынан қала тұрғындары үйлерін тастап, қашуға мәжбүр болған еді. Апат салдарынан 3 адам қайтыс болып, 21 тұрғын үй толықтай өртеніп кетті. Жарылыс ісі бойынша 16 адам сотқа тартылды. Оқиға салдарынан 1473 адам зардап шекті. Ал қылмыстық істің өзі 550 томнан құралды. Сот 2020 жылдың маусымында басталған болатын. 2021 жылдың қаңтарында іс прокуратураға қайтарылып, әлі де тергелетіні хабарланды. 26 шілдеде әскери қоймадағы жарылыс бойынша айыпталғандарға қатысты сот шешімі шықты. Айып тағылған 16 адамның 12 сотталушы 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, ал төртеуі 4 жылдан 7 жылға дейін шартты түрде сотталды. Арыстағы жарылыстың шығыны 173 млрд теңгені құрады.
Алайда бұл оқиғада Арысқа қарағанда адам шығыны көп. Ұшты-күйлі жоғалып кеткендері бар. Іздестіріліп жатыр. Елдің қабырғасын қайыстырған бұл оқиғаның салдары неде? Жауапты кім? Ол алдағы уақыттың еншісінде. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Соғыссыз, бейбіт күнде арыстай азаматтарымыздан айырылып қалдық. Жанға бататыны да сол...

Айнұр ӘЛИ

31 тамыз 2021 ж. 393 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031