"Оқиғаның эпицентрінде қайтадан жарылыс болуы мүмкін"
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыс салдарын жою үшін әлі бірнеше күн керектігін айтты.
Министр бүгінгі таңда екі қоймада бықсып жатқан ошақтар барын айтты. Осы мәселе бойынша жиналыс өткізіліп, қорғаныс министрлігінің саперлері мен өрт сөндіру қызметі аталған ошақтарда жұмыс істеп жатыр.
“Жарылмай қалған оқ-дәрілер бар. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері бықсып жатқан ошақтарды өшіру үшін су тасып, эвакуацияланған тұрғындарды үйлеріне қайтарумен айналысып жүр. Оқиға орнында мүлікке келген залады бағалайтын комиссия жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, жақын күндері олар қираған мүлікті қалпына келтіруге кіріседі. Қауіп толық сейілмегенін ескерсек, оқиғаның эпицентрінде қайта жарылыс болуы мүмкін. Теміржол бойынша жүк тасымалы тоқтап тұр. Ал жолаушылар тасымалы бүгін шешілуі керек деп ойлаймын", - деген министр
Оның айтуынша, әлі де асықпау керек. Жарылыс салдарын жою үшін бірнеше күн қажет болады.
"Мұның бәрі жалпы ахуалға байланысты. Өйткені қирандыларды аршып, тазарту үшін біраз уақыт керек, көп шығын кетеді. Онда оқ-дәрімен жұмыс істеп жатқан саперлердің амандығы маңызды екенін түсінетін шығарсыздар. Бетін әрі қылсын, асығыстық жасап, оларды қауіпке итермелей алмаймыз. Жарылыстың салдарын толық жою үшін арнайы жұмыс тобымен, әкімдікпен, Қорғаныс министрлігімен бірлесе отырып, тағы екі-үш күн жұмыс істеу қажет болады деп ойлаймын", - деді Юрий Ильин.
Еске сала кетсек, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді. Салдарынан 13 адам қаза тапты.