» » Ауылдағы гүлзар бақ

Ауылдағы гүлзар бақ

Бірер күн бұрын Дүр Оңғар ауылына бардық. О бастан тәртібі мен тазалығы бар, бірлігі бекем, тірлігі көркем ауыл. Әдемі көше, сәулетті үйлер, жаңа заманға лайықталған орталық алаң бәрі-бәрі көз сүйсінтеді. Жылт еткен жаңалықты түртіп алып, естігенімізді сұрап жүретін әдетіміз. Біздің жетістіктеріміз деп жақсы жұмысты көрсетуге тырысқан әкімшіліктің маманы Әзімхан Өтегенов алдымызға түсіп, бәрін көрсетіп, таныстыруда. Әңгіме арасында «Үздік аула» деген байқау ауылда жыл сайын ұйымдастырылады деп қалды.
«Сөзіңіз аузыңызда, бізді сол үздік аула иелерімен кездестіріңізге» бастық. Бір емес, бірнеше рет аула тазалығымен ауылдастарына үлгі болған Данияр Нұрмағамбетовтың үйіне алып барды. Тұрғын үйдің кіребері¬сінен-ақ иелерінің қандай екенін байқауға болады. Қақпадан ішке беттегенде қос қаптал төрге дейін ұзыннан тал-терек. Көлеңкесінен күннің аптабы өтпейді. Аулаға кірер есік, қора-жайға барар бөлек жол тұр. Аулаға қарай кіргенімізде құдды баққа енгендейміз. Жайқалған жүзім, жеміс ағаштары, көлеңкеде демалып отыратын тербелмелі әткеншектер. Жапсарлас орналасқан сарайлардың өзі сұлу. Бөлек бір бастырмада жазғы асхана, қазан-ошақ. Жанында сәкі. Үйлесімді, жинақы, көз сүйсінерліктей. Мұның бәрі жасы жетпістен асқан Мафура Нұрмағамбетованың еңбегі. Ол ұзақ жыл шаруашылықта аспазшы болып еңбек етіп, зейнетке шыққан. Жұбайы өмірден ерте кетіпті. Көзі тірісінде 5 баласының өсіп жетілгенін көре алмаса да, балалары әке атына кір келтірмеген. Әуелде үй иесі деген Данияр Мафура апайдың кенже ұлы. Ол ауылдағы шаруашылықта бригадир. Жұмысына адал, абыройлы азамат. Келіні Жұлдызай «Күміс алқа» иегері. Ауыл мектебінде ағылшын тілінен дәріс береді.
– Жаңа үй салғанымызға көп болмады. Тазалықты жасымнан сүйемін. Бәрінің орын-орнында, жинақы тұрғанын қалаймын. Гүл өсіруге деген қызығушылығым зейнетке шыққан соң оянды. Жұмыс істеп қалған адам үйде қалай қол қусырып отырады. Ермек болсын деп аулаға ағаш отырғызып, гүл еге бердім. Үйдің әр бөлмесінде 10-15 қауашақ гүл бар. Бәрінің үйлесіп, әдемі болып тұрғанын қалаймын. Әдеміліктің артында үлкен ізденіс еңбегі бар. 1 адам үй жинағанмен, 5 адам шашып жүрсе тазалық болмайды. Бәрі жұмала кіріскенде, бірінің ойын бірі жүйелеп әкеткенде ғана іс бітеді. Жасап жатқан жұмысым дұрыс болғаннан шығар, балам мен келінім мені әрдайым қолдайды. «Осылай жасасам» десем «жөн екен» дейді. Ешкім өзімен бірге ештеңе алып кетпейді. Балалар, ұрпағың көрсеткен тәрбиең, істеген ісіңді қайталайды. Тазалық болған жерде денсаулық болады. Ал жасыл-желек, бау-бақша болса екі есе денсаулық дей беріңіз. Үлкен балам да осы ауылда тұрады. Жақында олар да жаңа үйге кірді. Келінім өзімнің тәрбиемнен шыққан бала ғой. Менен көргенін істейді. Оның да ауласы мұнтаздай, жып-жинақы, әдемі. Үздік аула деген атақты 3-4 рет алдық. Бағалы сыйлықтар бұйырды. Өткен жылы «Мерейлі отбасы» байқауына да қатысып бақ сынадық. Мектепішілік іс-шараларға немерелеріммен бірге жиі қатысып тұрамын. Қолым қалт етсе оларға ертегі айтып беріп, сабақтарын оқытамын. Көршілерім мен ағайын-туыстың ауласына да гүл отырғызуға көмектесемін. Алғашында «сенің пысық болғаның бізге қиын болды» деп ауылдастар ренжитін. Қазір қуанады. Бір-біріне қарап тазалыққа, әдемілікке ұмытлған керемет емес пе? Бәсекелестік болған жерде алға жылжу бар. Менің аулам одан да керемет болады деп талаптанса бүкіл ауыл таза болмай ма? – дейді ол ағынан жарылып.
Мафура апай аулаға гүлдің түр-түрін егеді. Алайда жаздың аптабы басым болған соң әдемі гүлдердің бәрі солып қалыпты.
Мұндай кереметті күтіп-баптауға отбасы мүшелерінің барлығы бір адамдай атсалысады.Тіпті немерелері де әжелеріне қол үшін береді. Олар ұйқыдан ерте оянып гүлге су құяды. Кейіпкеріміз ауласын тек жасыл желекке бөлеп қана қоймай, тауық, үндік сынды үй құстарын асырайды. Одан бөлек төрт түлігі тағы бар. Ауылда отырған соң сүт пен құрт, айран мен қатық, ашытпа дастарқаннан үзілмейді.
Қартайдым деп қарап отырмай бір ауылға үлгі болған тындырымды анаға Алла қуат берсін деп тіледік.
Таза ауыл расымен осындай таза аулалардан бастау алады.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
07 тамыз 2021 ж. 2 008 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031