» » Жайнатып айналаға гүл еккен, шаңырағын бірлігімен түлеткен

Жайнатып айналаға гүл еккен, шаңырағын бірлігімен түлеткен

Хәкім Абай әбсаналары жағдайыңды Тәңір салған тағдырмен емес, еңбегіңмен байланыстыр деп ұғындырады. Еңбек еткеннің бірі – бағбан, бірі – кәсіпкер, енді бірі – қарапайым сатушы. Тізбектей берсек мұндай жандар қатары қалың. Ал біз жазғалы отырған кейіпкер тіпті бөлек. Ол – тазалықты жаны сүйетін, ағаш отырғызып, гүл егетін, жоқтан бар жасап тынымсыз тірлігімен үлгі болған Тілеуберген ата.
Жетпістің төртеуіндегі Тілеуберген Жанықұлов әлі тың. Аула мен есік алдынан бір қиқымды қалдырмайды. Онымен қоса жапырағын жайқалтып, айналаны гүлдендіріп қою оның сүйікті ісі. Кейіпкерімізбен тілдесу үшін оның қара шаңырағына келдік. Расымен, кіреберістен-ақ жайлылықты сезінесің. Ал аулада өскен гүлдер тіпті ерек. Ерекше хош иісімен айналаны нұрландырып тұрғандай. «Тазалық – табалдырықтан басталады. Әрбір адам ең алдымен көркейіпкөгалдануды өзінің ауласынан бастауы керек» дейді ол әңгіме арасында.
– Қазалыдағы Майлыбас деген жердің тумасымын. 7 сыныптық білім алған соң күзету бөлімшесінде 13 жыл қызмет атқардым. Одан соң ПЧ-2 мекемесінде 2008 жылға дейін жол монтёрі болып жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Әрине, бейнетіңнің зейнетін көретін, немеренің қызығына куә болатын шақ. Алайда бос жатуға тағы болмайды. Тал, гүлдерді баптап, айналасын таза ұстап, көңіл бөлу мен үшін хоббиге айналды. Балаларыма да «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген тәмсілді айтып келемін, – деп ағынан жарылды Тілеуберген ата.
Біз барғанда жадырай қарсы алған жанның бірі – кейіпкердің зайыбы Тұрсынкүл Бәйменова еді. Ә дегеннен әңгімесін орайына иіре әкеткен ол 40 жылдан аса медицина саласында қызмет еткен. Үй гүлінің түр-түрін өсірсе, олармен сырласып, баласындай баптайды. Жасыл желекті, жайлы жерді өзінің ыстық ұясына айналдырған екеуі 1985 жылы екі жарты бір бүтін болып, шаңырақ көтереді. Отбасын шаттыққа бөлеп өмірге қыз келеді. Оқуын үздік аяқтап, есепші болып қызмет атқаратын тұңғышы Салтанат қазір құтты орнына қонған. Одан соң шекесі торсықтай ұл Марат дүние есігін ашады. «Әке көрген оқ жонар» демекші оқубіліммен сусындаған жігіт жан-жақты. Бүгінде ол шаңырақ көтеріп, Динара есімді жан-жарымен екі қыз тәрбиелеп отыр. Араға 10 жыл салып кенже ұл Мақсат туылады. Бір қызығы, ол туыларда ерекше оқиға орын алған. Жедел жәрдем келемін дегенше Тұрсынкүл апай үйінде босанады. Бала киіммен өмірге келеді. Марал ишанның ұрпағы осында келіп, баланың кіндігін кескен екен.
– Әлі күнге дейін сол киімі сақталып тұр. Ауырғанда, жолға шығарда, маңызды қадам жасарда пайдаланамыз. Осылай ерекше өмірге келген кенжеміз қазір жігіт болды. Жақында ғана медицина саласы бойынша білім алып, дипломын әкеліп бізді қуантты. Бар байлығымыз балалар ғой. Отбасын кеш құрсақ та төрт немере сүйіп отырмыз, – дейді отанасы.
Үйдің қамқоршысы шаңыраққа қорған болса, аяулысы ұйытқысы. Осындай отбасын көріп біз де марқайып қалдық. Иә, шағын мемлекеттің берік қалануы – екі адамның күшіне, сенімі мен адалдығына байланысты. Әйтпегенде жайқалған бақ та, таза аула мен жайлы қоныс та болмаушы еді ғой?!
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ
11 тамыз 2020 ж. 786 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031