» » Қазақ әліпбиі: өткені мен бүгіні

Қазақ әліпбиі: өткені мен бүгіні



Қазақстанның келешектегі даму бағытын сөз еткенде, өткен тарихынан әрдайым тағылым алған абзал. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас¬тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деп айтқан еді. Ал, ұлттық әліпби мен жазу – ұлттық кодтың құрамдас бөлігі.
Орта ғасырларға тиесілі «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы, Жамбыл облысының Шу өңірінен табылған Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білігі» біздің жазу мәдениетіміз ертеден басталғанын көрсетеді. Халқымыз ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, 900 жыл бойы қазақ жерінде араб әліпбиі қолданылып келді. Алайда Қазақстанда кеңес өкіметі орнағаннан кейін арабша хат танитын халық сауаттылардың қатарына жатқызылмады. Бұл сол кезде қолданыста болған араб әліпбиінен түпкілікті бас тартуға жасалған нақты қадам болды. Сондықтан 1927 жылы қарашада VI Бүкілодақтық партия конференциясында жасаған баяндамасында Ф.Голощекин «қазақ халқының 97 процентін сауатсыз, 3 проценті ғана арабша хат таниды» деп көрсетеді. Егер, Қазақстанда Орталық есептеу басқармасының мәліметі бойынша Қазақстанның ауыл-село халқындағы сауатсыздар 1928-1929 жылдары қазақтар арасында 89,5 процентін екенін ескерер болсақ, мәліметтердің дәл еместігінің куәсі болар едік . Партконференциядан кейін Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті 1928 жылдың 14 желтоқсанында жаңа әліпбиді енгізу туралы шешім шығарады. Бұл шешімге дейін ұзақ талқылаулар, түркологтардың съездері, Орталық Азия елдерінің республикааралық мәслихаттары сан рет өткізілген болатын. Осының ішінде, 1924-1927 жылдар аралығында араб графикасын қолдаушы консерваторлар мен латын әліпбиін қолдаған новаторлар арасындағы пікірталастар қызу жүрді.
Ахмет Байтұрсынұлы бастаған араб графикасын қолдаушылар төте жазу қазақ тілі үшін өте қолайлы деп есептеді. Араб тілінің 19 әрпі өзгеріссіз және 5 әрпі қазақ тілінің ерекшелігіне қарай өзгертілген күйде алынған болатын. Ал латын әліпбиінде 15 әріп өзгеріссіз қолданылады да, 7 әріпті қазақ тіліне икемдеуі керек болатын. Ал қазақ тіліне ғана тән әріптерге сәйкес әріптер мүлде жоқ. Сонымен қатар, Байтұрсынұлы «Батыс елдерінде қолданыста бар латын графикасы құрамы бойынша 25-30 процентін түркі тілдерінің естілу қажеттілігін қанағаттандырмайды, ал бұл тілді естілуге икемдеу үшін реформа қажет» деген уәжін алға тартты. Ал, бұл қосымша уақыт пен қаражатты қажет етеді. Өйткені, қосымша әріптер енгізілсе, қолданыста бар баспа құралдары мүлде жарамсыз болып қалатын еді.
Латын графикасына өтуді жақтаған басты тұлғалардың бірі – Телжан Шонанов араб графикасына қарсы мынадай пікір білдіреді: "Бұл әліпбидің басты кемшіліктері мыналар: жазылуындағы әріптердің өзара ұқсастығы, оңнан солға жазылуы, бұл баспа жұмысын қиындатады: араб графикасы арқылы ноталар мен ғылыми формулаларды түсіруге келмейтіндігі; жазу үрдісін баяулатуы, қазақ тілі дыбыстарын дәл бере алмауы; баспашылар қызметін күрделендіруі, басып шығарудың қосымша құралдарының қажеттілігі...". Яғни, латын графикасын қолдаушылар полиграфияда арзан және жеңіл қолданылатын, оқытуға оңай және жазуға қолайлы әліпби деген ұстанымда болды. 1927 жылы «Тілші» газетінде 25 әріптен тұратын Телжан Шонанұлының әліпби жобасы ұсынылады. Бұдан басқа, қазақтың дарынды дипломаты Нәдір Төреқұлов 28 әріптен тұратын латын графикасы негізінде қазақ әліпби жүйесінің жобасын ұсынды. 1924 жылы Халел Досмұхамедұлы Мәскеу қаласында «Жаңа әліпби туралы» атты кітабында 27 әріптен тұратын өзінің жобасын көрсетеді. 1924 жылы Мұхтар Мырзаұлы латын әліпбиіне негізделген 23 әріптен құралған жоба ұсынады. 1927 жылы лингвист Ә.Байділдаұлы «Жаңа әліпби туралы» атты кітабында Мәскеу қаласындағы «латыншылдар» ұйымының ұсынған 27 әріптен тұратын жобасын көрсетеді.
Осылайша, 1927 жылы 19 мамырда үкімет жарлығы бойынша Жаңа қазақ әліпбиінің орталық комитеті жұмысын бастайды. Бұл комитет 1937 жылға дейін жұмыс істеді. Комитет қазақ тілінің ерекшелігін сақтай отырып, латын графикасының негізінде жаңа әліпбиді дайындауға кіріседі. Бұл жоба туралы 1928 жылы 12 желтоқсанда ел астанасы Қызылордада өткен латыншылар конвенциясында да сөз болады.
Ұзақ талқылаудан кейін 1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес комитеті бойынша қазақ жазуы латын графикасына ІV сессиясының қаулысымен көшірілді. Жаңа алфавитте 29 әріп болды: 9-ы дауыстылар (а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і) және 18-і дауыссыздар (б, г, ғ, д, ж, з, к, қ, л, м, н, п, р, с, т, һ, ш), ал екеуі (й мен у) жарты дауыстыны таңбалайды. 1929-1930 жылдары мерзімді басылым беттерінде жалқы есімдер, адам аттары, қысқарған сөздер, газет-журнал, кітап, шығарма, оқу орындары, мекемелер аттары кіші әріппен жазылды. Бас әріп жазылымы ережелерінің болмауы – латын графикасына көшкен қазақ жазуының ең басты кемшілігі болды. Мерзімді басылым беттерінде бас әріптің мұндай жазылым үлгісіне қарсы мақалалар үздіксіз жарияланып, дау туғызды. Қазақтың жазу болмысына жат, тұрпайы көрінді. Осыған орай, 1930 жылы 2 маусымда бас әріптерге қатысты Қазақстан Орталық Атқару комитетінің қаулысы мен 4 баптан тұратын емле ережесі бекітіледі. Бұл ережелерге бейімделу біршама уақытты талап етті.
1938 жылға дейін қолданылған әліпби жүйесіндегі бірнеше қиындықтарды шешу үшін Қазақ КСР-ның Орталық Атқару Комитеті мен халық комиссарлары Кеңесінің және Орталық Атқару комитетінің 1938 жылы 1 қаңтардан бастап «Қазақ әліппесі мен орфографиясын біраз өзгерту туралы» қаулысы жарыққа шығады. Бұл қаулыда қазақ тілінің емле кодексіне біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
1938-1939 жылдардан бастап латын графикасына негізделген әліпбиді орыс графикасына ауыстыру мәселесі қызу талқыға түсе бастайды. 1939 жылы 10 тамызда алғашқы әліпбидің жобасы жарияланады. 1940 жылы еліміздің латын графикасынан орыс графикасына көшуінің ішкі және сыртқы саясаттан туындаған бірнеше себебі болды. Біріншіден, кеңес билігі өзге идеология мен саясат ұстанған Түркия мемлекеті мен Кеңестер Одағындағы түркі халықтарының араласуына кедергі жасауды мақсат етті. Екіншіден, араб және латын графикасына негізделген қазақ жазуының негізін қалаған қайраткерлер – Құдайберген Жұбанов, Ораз Жандосов және тағы басқалары "халық жауы" атанды. Үшіншіден, Кеңес өкіметі Мәскеудің қол астындағы халықтардың орыс тіліндегі ортақ мемлекеттік жазуы болуы керектігін іске асырғысы келді.
Кириллицаның алғашқы жобасы 40 әріптен тұрды. Осы тәрізді жобалардан кейін 1940 жылы 11 желтоқсанда қазіргі уақытта біз қолданып жүрген кириллица бекітілді. Оның авторы, қазақ тілтанушысы, филология ғылымдарының докторы Сәрсен Аманжолов. Бірақ, қазірде лингвист ғалымдар арасында орыс тілі сөздері түпнұсқа принципіне бағынуына және кірме әріптерге қазақ әліпбиінде орын берілуіне байланысты пікірталастар бар. Осыған байланысты лингвист Н.Уәлиұлы былай дейді: «Әліпбидегі әріптердің саны шамадан тыс көп болуы мектеп табалдырығын аттаған оқушыларымызға да оңай тимейді. Ана тілінің дыбыстарын бейнелейтін әріптерді мектепке келген балдырғандарымыз дыбысқа сүйеніп, тез үйреніп алады. Сөйтіп дыбыс пен әріптің байланысы оқушы санасында білімге айналады. Ал, ъ, ь, ц, щ,… тәрізді таңбаларды дыбыстық уәжі болмағандықтан, жаттап алуына тура келеді. Қазақ тілінің дыбыс жүйесіне қатыссыз әріптерді жаттап, миға салмақ түсіреді. 42 әріппен байланысты бұл қайшылықты, әсіресе, ұстаздар қауымы жақсы біледі. Бұл жайт, жоғарыда айтқанымыздай, кирилше әліпбидің түкке алғысыздығынан емес, я болмаса кирилшені әуелде тіліміздің жүйесіне сай етіп ұқсата алмаған тіл мамандарының да кемшілігі емес. Қазақ лингвистерінің кәсіби біліктілік деңгейі қай кезде де төмен болған жоқ. Орталық орыс орфографиясымен бұлжытпай жазу үшін ч, щ, ю, я, ъ, ь, ц … тәрізді әріптерді енгізуге тіл мамандарын мәжбүрледі». Тіл маманы Әлімхан Жүнісбек: «қазіргі әліпбиімізді «қазақ әліпбиі деп атаудың еш реті жоқ» дейді. Өйткені, ол «қазақ әліпбиі» емес, «қазақ-орыс әліпбиі», тіптен ақиқатын айтып «орыс-қазақ әліпбиі» десе де болады» деген еді.
2017 жылы 9 қазанда қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру жобасы ұсынылды. Осы жылы 26 қазанда қазақ тілінің жаңа латын әліпбиі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілді. Сол күні бұл алфавит ресми түрде мақұлданды. 2018 жылы 19 ақпанда осы қаулыға түзетулер енгізілді. 2017-2025 жылдары жаңа әліпбиге көшу жоспарлануда.
Егер 40-50 жыл бұрын қазақтар өздерінің ана тілдерін жетік біле отырып орыс тілін меңгерсе, кейінгі онжылдықта қазақтардың басым бөлігі балаларын орыс мектептерінде оқытқан жағдайларда, енді орыс тілі арқылы ана тіліне қайту үрдісі бел алып отыр. Әрине, осындай жағдайдағы әліпбилердің ұқсастығынан қазақ тілінің нағыз табиғи айтылым нормаларын жетік меңгере қою аса қиын шаруа. Сондықтан да әліпбиді жетілдіру мәселесі, ең алдымен тілдің қазіргі кездегі жағдайына қамқорлық таныта отырып, тілді дамыту перспективасын және оны сақтау шараларын қамтиды. Өйткені, тұңғыш қазақ әліпбиінің негізін қалаушы А.Байтұрсынұлы айтқандай: «Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы».

Серік ТҰРЫМТАЕВ,
№30 орта мектептің тарих пәні мұғалімі
17 шілде 2021 ж. 1 933 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031