» » Егемен елдің қауызын ашқан «жауқазын»

Егемен елдің қауызын ашқан «жауқазын»



Жүрдек пойыз табанын салдырата жүйткіді. Енді ғана орналасқан жолаушылар ыстық шайдан ытқып ішті де арқа-жарқа күйге енді. Вагон ішінде олай да бұлай жүгірген қарадомалақтар арасынан Ернұрдың қарасы көрінді. Ентіге келіп әжесінің аяғына басын еңкейте еркелей түсті.
– Әжә-әу, қайда барамыз?
– Астанаға, балам.
Бала көңіл білуге ынтық. Кеше ғана әлеуметтік желіден әсем қаланың келбетін көрген ол «Астанаға барам» деп қиғылық салып еді. Онысын бейнеге түсірген әпкесі интернеттің жұлдызына айналдырған. Солай тілеулес көпшілік кішкентай Ернұрдың бас қалаға баруына сәттілік тілеп еді. Енді міне, әжесі сол арманын орындап, бүгін жолға шықты.
– Астана? Алақа-ай!...
Ол кездері ауыл балаларының қалаға шығуы үлкен бақыт еді ғой. Малды өріске айдап, арасында мектепке барып, кешқұрым қайта өрістен келетін балалар 3 ай каникулға әрең жететін. Ондада кейбірі лагерьге барса, ендігі үй ремонтына атсалысады. Солай зырғып жаңа оқу жылының басталғанын байқамай қалады. Қазір бәрі басқаша. «Көргім келеді, білгім келеді» деген балаға ата-ана барлық жағдайды жасап отыр. Көлік те көбейіп, бізге алы-ыс көрінетін қалалар ат шаптырым жерге айналған. Қош. Айтпағымыз бұл емес. Мақаланың бастауындағы Ернұр есімді бүлдіршін әлемжеліде «хит» болды. Астанаға жеткен соң-ақ қыдыруды бастап, оның түрлі видеосын желіге жүктеп отырды. Солай елді сүйсіндірген балақай кішкентай ғана арманына жеткені осы. Көркіне көз тойдыра алмай, бара алмай жүргені қаншама. Жалпы, бас қаланың адам тартар сыры неде? Астана – қазақ елінің бас қаласы, әлемге танылған жас қала. Біз жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа өркениетті ұлт ретінде, тарих сахнасына егеменді ел ретінде ендік. Өткен ғасырда археологтар Ақмола жерінен көне қаланың орнын тапқан. Бозақ қазіргі астанадан небәрі 15 шақырым жерде орналасқан. Қалашық Х-ХІІІ ғасырларда гүлденді. Сол кездегі әйгілі Жібек жолы бойындағы сауда орталықтарының біріне айналды. Әрі Бозақ қыпшақ билеушілерінің ордасы болған. Міне, Елбасының астана орнын арқа төсіне таңдауы кездейсоқ емес. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Ресми көшіру 1997 жылы 10 желтоқсанда жүзеге асып, Елбасының 1998 жылғы 6 мамырдағы жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Осылай алғаш Елордаға барып зәулім-зәулім ғимараттар бүккен сырын аша бастады. Бірнеше жылдан соң Астана емес, даму белесіндегі жаңа Нұр-Сұлтан әсем келбетімен жарқырап тұр. Бұл – келешектің кемел қадамы демей немене?! Бұрын көнекөздер «Оны көрген де бар, көрмеген де бар. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар» деп айтып отырушы еді.
Газетіміздің WhatsApp желісіндегі арнайы тобына сауал қойдық. Онда жұртшылықтан Елорда күнімен тұспа-тұс келетін қызық оқиғалар, айтулы күндер, естеліктермен бөлісуді сұрадық. Көп уақыт күттірмей жан-жақтан хабарласа бастады. Бір қызығы астананың туған күнінде өзінің туған күнін қоса тойлайтын кейіпкерлеріміз көбейді. Соның бірі – Үрзия Тұрымова. Ол 1961 жылы 6 шілдеде Майлыөзек ауылында дүниеге келген.  Отбасын құрып қазір жарымен бірге 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, өсірді. 1979 жылы мектеп бітірісімен шаруашылық саласында сауыншы болып жұмыс істеген. Одан соң ауылдық клуб үйінде еден жуушы болып қызмет атқарады. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған немерелерінің асыл әжесі. Астана күнімен қатар келген туған күнінде ол мерейлі 60 жасқа толып отыр.
– Жарым – күріш сушысы болып жұмыс  істейді. Үлкен қызым Тұрсынкүл Қызылорда қаласындағы емханада қызмет атқарса, күйеубалам Сәкен  көлік жүргізуші. Ұлым Ержан да Қызылордада, 2 баланың әкесі. Екінші қызым Сандуғаш Иіркөл ауылындағы «Самал» балабақшасында тәрбиеші, күйеубалам Қазбек сол Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс  істейді. Үшінші қызым Гаухар Алдашбай ахун ауылдық клуб үйінде мектеп бітіргеннен бері көркемдік жетекші, ал күйеубалам Мұрат та сол Елордада қызмет етіп жүр. Кенже қызым Айзере биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін «қызыл дипломмен» бітіріп отыр. Астана күнімен қатар келген туған күнім қызықсыз өтпейді. Жолым түссе бас қалаға барып, балаларыммен қыдырып тұрамын. Бүгін міне, қос қуаныш қатар келіп отыр. Алдымен Нұр-Сұлтанның туған күнін атап өтсек, екіншісі 60 жастың қадамына бастым, – дейді ол.
Еліміздегі айтулы мерекеде дүниеге келгендердің бірі – Гүлсина Жанзахова. 1993 жылдың 6 шілдесінде дүние дидарымен қауышқан ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алады. Оқу бітірген жас маман алғаш қызмет жолын бастап, бүгінде  «Bal-Aiym» балабақшасында тәрбиеші болып қызмет атқарады.
– Кейде дос-жаранның арасында айтып отырамыз. Туған күнім ерекше датада деп. Қанша жерден сәйкестік болса да, бұл күнді құрметпен қарсы аламын. Астананың туған күнін тойлап, шат-шадыман болған ел арасында мен де өз туған күнімді атап, көңілді күй кешемін. Менің де, сенің де туған күніңмен, Елорда! – дейді ол  сөз арасында.
Иә, бүгін – Елорданың туған күні. Бүгінде астанамыз дүние жүзіндегі әсем де жас қала ретінде танылуда. Нұр-Сұлтан – елдігіміздің нышаны. Егемен елдің қауызын енді ғана ашқан, жұпарлы жауқазыны. Бас қала арман, қиял мен сан қилы тағдырларды бір арнаға тоғыстырған әсем қала. Өркениет өрісіндегі біздің Елорда талайына ерекше естелік сыйлап, талайын жылы құшағымен жылытқан қала. Туған күніңмен, бас қала!
Айнұр ӘЛИ
06 шілде 2021 ж. 499 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 301

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 399

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930