» » Жақсы адам ғана жақсы ұстаз бола алады

Жақсы адам ғана жақсы ұстаз бола алады


Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық адам бойындағы абзал қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімдік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын ұстаздар ортамызда жетерлік. Өмір аңсаған мамандығынан басқа арнаға бұрса да, жүрек түкпіріндегі мамандыққа деген адалдықты сақтаған Зинакүл Жалғасбаеваның ұстаздыққа бұрылуы кездейсоқтық емес.
Зинакүл Шамшатқызы ауданға қарасты Ақжар ауылының тумасы. Еңбек жолы комсомол комитетінің хатшылығынан басталып, 1974 жылы  коммунистік  партия қатарына қабылданады. Одан соң «Айдын» комсомол жастар  күріш  егіс бригадасын  құрып, әр гектардан 66 центнерден өнім  жинап   рекорд  жаңартады.  Мұнан соң аудандық және облыстық  советтің депутаты,  облыстық комсомол комитетінің пленум мүшесі болып сайланып, 1976 жылы аудандық партия  комитетінің бірінші хатшысының шешімімен Ақжар кеңшарының   2 егіс бригадасының бригадирі болып  қызметін ауыстырды. Сол кезеңде бригадада  жұмысы жақсы бағаланып, Қазақстан Комсомол Комитетінің 14 съезіне делегат болып сайланды, сол  съезде ауылшаруашылық  министрінің медалімен және Құрмет грамотасымен марапатталды. 
Тағдырдың бұйрығымен жосалылық Әбдісадық Қожахметовпен отау құрып, 1980 жылы аудандық ауылшаруашылық  басқармасында юрист-консульт қызметін атқарады. Осыдан кейін ғана өзінің  негізгі мамандығы биология пәнінің мұғалімі ретінде жұмыс істеу бақыты бұйырып, 1982 жылы аудандағы  №14 кәсіптік-техникалық  училищесіне  өз мамандығы бойынша жұмысқа  тұрды. Ұстаздық қызметімен қатар 1985-1989 жылдар училищеде бастауыш партия ұйымның  хатшылығы жұмысын қоса атқарады.
­­– Бүгінде ойлап отырсам, мұғалімдік еңбекке кездейсоқ келген жоқ екенмін. Біздің мектеп қабырғасында оқып жүрген кездегі білімге құштарлығымыз бір шөліркеген жанның сусынға ұмтылысындай еді. Мұғалімнің айтқанын екі етпейтін едік. «Шәкірт болып көрмеген – ұстаз болып жарытпас» дегендей, мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде-ақ өзіммен құрдас, не болмаса өзімнен сәл-ақ кіші көрші ауылдың балаларын жинап алып, өзімнің сүйікті ісіме – мұғалім болуға кірісемін. Мектепте өз мұғалімім нені үйретті, қалай сөйледі, мен де соны балаларға үйретіп, жақсы мұғалім болуға тырысатын едім. Осылайша өзім қатарлы оқушыларға сабақ үйретуден ұзақты күн жалықпаушы едім. Осылайша ұстаз болуды бар жан-тәніммен армандадым. Кейін мен сол арманыма жеттім, – дейді ардақты ұстаз.
Кейіннен, яғни 1994 жылы аудандағы №105 мектепке  қызмет  ауыстырған ол мектепте де өзінің адалдығымен еселі еңбегін көрсете білді. Қандай жұмыс тапсырылса да тиянақты, жауапкершілікпен қарайтындықтан, атқарған ісі жемісті, еңбегі елеулі болатын. Мектепте дайындаған оқушылары республикалық, облыстық, аудандық  ғылыми жобалардан жоғарыы орындарға ие болып, грант иегері атанды. Жоғары санатты мұғалім атанып,  Қорқыт ата университетінен, облыстық департаменттен,  облыс, аудан әкімінен, аудандық білім бөлімінен алғыс,  құрмет грамоталарымен марапатталған.
Арманына қол жеткізген ардақты ұстаз Зинакүл Шамшатқызы саналы ғұмырында елге қызмет ете жүріп, 4 перзент тәрбиелеген. Бақытын еңбектен таба білген жан отбасылық өмірде де бақытты. Адал жар, ардақты ана. Сүйікті әже. Бүгінде үбірлі-шүбірлі отбасының ортасында 9 немере өсіріп отыр. Ұл-қыздарына тәлімді тәрбие берген ақылшы ұстаздың өмір жолы, қызметіне деген адалдығы көпке үлгі боларлық. Адалдықтан айнымаған ардақты ұстаздың жолын бүгінде қызы Жадыра жалғаған. Ол кентіміздегі №121 мектептің білікті ұстаздары қатарында.
Мұғалім болуды арман еткен, бүгінгі таңда еңбегімен ел арасында, шәкірт махаббатына бөленген тәжірибелі маман, ардагер ұстаз, білікті биология пәнінің мұғалімі Зинакүл Жалғасбаева саналы ұрпақ тәрбиелеуде аянбай тер төккен жан. Ардақты ұстаздың есімі ­жақсы ұстаздың үлгісі ретінде шәкірт жүрегінде әрдайым сақталмақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
30 маусым 2021 ж. 639 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 263

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 362

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930