» » Баға қашан бағамдалады?

Баға қашан бағамдалады?

Қазір қоғамда да, әлеуметтік желіде де картоп пен сәбіз бағасына бұғау болмай тұрғанын жарыса айтып жүр. Тұрғындар да бірер күннің ішінде шарықтап кеткен бағамға шағымдануда. Себеп қандай? Баға қашан бағамдалады? Аудан орталығындағы біздегі базардың бағасын біліп қайттық.
Бұ жолы иықтағы фотоаппаратты жұмыста қалдырып, қойын дәптерімізді қолға қыспадық. Қарапайым тұрғындай азық-түлік алу үшін базарға келдік. Айлық пен зейнетақы түсетін уақытта ғана базардан шықпайтын жұрттың бүгін де қарасы көрінбейді. Бірең-сараңы әрі-бері аралап жүр. Алған азығы байқалмайды. Сірә, бағаға көңіл толмаса керек. Солай базар ішіне еніп, шағын қапта үйіліп тұрған картоптың бағасын сұрадық.
– Картоптың келісі қанша, әпке?
– Мынау былтырғы картоп, бағасы 160-170 теңге, – деп көлемі кішкентай картоптарды көрсетті.
– Мына үлшкені ше?
– Бұл жаңасы, 270 теңгеден сатып отырмын, – деді ол жайдары.
– Сәбіздің де бағасы қымбаттады дейді, рас па? Қаншадан сатып жатырсыз? – дедік.
– Ескісі – 470 теңге, жаңасы – 500 теңге, – деді ол.
– Осынша қымбаттап кеткен бе? – деп таңданыстық.
– Бізге қымбат келіп жатыр, үстіне қосатынымыз бес-он тиын. Біз де осы саудамен күнелтіп отырмыз. Амал жоқ, палаудан бас тарта тұрамыз да, – деді сау­дагер әзіл-шынын араластыра сөйлей.
Келесі дүңгіршекке келдік. Мұнда картоптың жақсысы – 300 теңге. Сәбіз 500 теңгеден тұр. Одан кейінгі жеміс-жидек, көкөністер дүкенінде ірі картоп 250 теңге болса, майдасы 150 теңгеден екен. Одан соң бағыт орталықтағы супермаркеттерге бұрылды. Бұл жақта картоп 280 теңгеден сатылса, сәбіз 480 теңгені құрап тұр. Әлеуметтік дүкен өз жұмысын бастаған болатын. Мұнда әлемдік пандемия басталған кезеңнен бастап ауданға арзан бағадағы картоп, сәбіз, жуа мен қырыққабат өнімдері аптасына 2-3 рет келіп отырады. Әлеуметтік дүкеннің әлеуетін көруге осында табан тіредік. Бұл жерде картоп – 190 теңгеден сатылса, сәбіз бағасы базар бағамынан арзан бағада – 430 теңгеден сөреге қойылыпты.
– Қалтамызға салмақ болды бұл. Амалымыз жоқ, аш қаламыз ба, шайлыққа жетпейтін айлығымызды азық-түлік алуға жұмсап отырмыз. Жуа ғана жуасып тұр екен, сәбіз бағасы сонша көтеріліп кетіпті, – дейді сауда жасасқан кент тұрғыны.
Біз аралап жүргенде Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті. Аймақтағы көкөніс пен жеміс-жидек бағаларының өсуін, бір апта ішінде төрт өнімнің бағасы жоғарылағанын жеткізді онда. Қымбаттаған азық ішінде сары май мен бірінші сортты ұн бар. Ал сүзбе мен жұмыртқаның құны арзандапты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Тлеулеева баяндаған болатын. Себеп неде?
Картоп, сәбіз бағасының өсімі өткен жылғы қордың азаюынан, әрі маусымаралық кезеңге байланысты екен. Алайда толығымен халықты өніммен қамтамасыз ету мақсатында оңтүстік өңірлер мен көршілес Өзбекстан республикасынан жеткізіліп отыр.
– Картоп, сәбіздің ерте пісетін сорттары тез бұзылуға бейім болғандықтан көтерме-бөлшек сауда өткізушілері шығындарын жауып отыру үшін неғұрлым жоғары бағада сатады. Бұл ретте тұрақтандыру қорына немесе басқа да қоймаларға үлкен көлемде жаңа піскен өнім көлемдерін жеткізіп, сақтау мүмкін емес. Жалпы картоп және көкөніс бағаларының көктем және ерте жазда күрт көтерілуі жылда байқалатын құбылыс. Мұндай жағдай бүкіл республикада орын алуда, – деді Айнұр Тлеулеева.
Оның айтуынша, облыста 29 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Оның 2-еуі ет бағытында. Бұған қоса, биыл тағы да 10 дүкен ашылмақ.
– Бүгінде аймақта «айналым схемасы» арқылы 4 кәсіпкерге қаражат бөлінген болатын. Дегенмен картоп пен сәбіздің қымбаттауына байланысты өздеріне міндеттелген өнімдерді тиісті көлемде жеткізе алмады. Сондықтан шартты бұзу жұмыстары жүргізілуде. Бірақ орнына екі кәсіпкер кіргізіліп, олар Сарығаштан сәбіз бен картоптың бірінші партиясын әкелді, – деді «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ Басқарма басшысының орынбасары Талғат Жақыпбаев.
Ал облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тасқараевтың сөзінше, өңірде С1 санатты тауық жұмыртқасының 10 данасы 430 теңге, күнбағыс майының 1 литрі 632 теңге мөлшерде шекті бағасы бекітілген. Сонымен қатар, қырыққабаттың келісін 85 теңгеден белгілеу бойынша комиссия отырысы өткізіліп, қаулы әзірленуде.

Түйін
Айтып, айтпай не керек? Қарапайым халыққа күнделікті азық болатын картоп пен сәбіз бағасының тұрақталғаны қажет. Бағаға бұғау болса дейміз...

Айнұр ӘЛИ


19 маусым 2021 ж. 470 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 315

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930