» » Жаңа бағыттағы жарқын бастамалар

Жаңа бағыттағы жарқын бастамалар


Біз қашаннан «Дүниенің кілті – оқу-білімде» деген ата сөзін ұстанған халықпыз. Табиғатымыздан жанымыз білуге, үйреніп-түюге құмар. «Ел байлығы неде?» деген сұрақ туындайтын болса, оған ойланбастан білім, жаңа технология мен Отанға деген ыстық сезім дер едік. Ауданда жылдар бойы жаңаланып, ақпараттар ағынына ілесіп, іргесі жарқын жобамен қаланып жатқан аграрлы-техникалық колледж бар. Тарихы да, тәжірибесі де бай білім шаңырағы кәсіби мамандар даярлау ісімен айналысуда. Колледждегі жаңа бастамалардың легін тізбекке білім ордасына аттандық.
АЛҒА ҚОЙҒАН МАҚСАТ БАР
Қазір қоғам алдына қойылған өзіндік міндеттер бар. Соның бірі – жан-жақты дамыған, мамандығын жетік меңгерген маман қалыптастыру. Оны игерген жастарға да сұраныс жоғары. Нарықтағы бәсекелестік уақыт өткен сайын артып келеді. Осы бәсекеде бәсі жоғары аудандық аграрлы-техникалық колледжде 243 студент білім алуда. Олар «Фермер шаруашылығы», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ғимараттар мен құралымдарды салу және пайдалану», «Электр станциялары мен желілерінің электр жабдықтары», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Ауыл шаруашылық техникасына техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары бойынша кәсібилігін шыңдауда. 210 студент мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша, 33 студент «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» бо­йынша оқиды.
ҚР Үкіметінің 2019 жылы желтоқ­сандағы №988 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамыту­дың 2020-2025 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, техника­лық және кәсіптік білім беру саласына біршама жұмыс жүктеді. Мақсат – қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жалпы адам­заттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу, оқыту, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру. Осы орайда, Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі 2020-2025 жылдарға арнал­ған оқу орнының стратегиялық жоспарын жасаған. Нысан – колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көр­сет­кішін 2025 жылға қарай 75 процентке дейін жеткізу. Ал түлектердің жұмыспен қамтылуын жолға қоюдың шешуші жолы аудандық жұмыспен қамту орталығымен және әлеуметтік серіктес мекемелермен бірлесе жұмыс жүргізу. Колледж директоры Бауыржан Сайдуллаұлының айтуынша, қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда жұмыс берушілермен тығыз байланыс­та болғанда ғана жоғары білікті кәсіби мамандарды даярлап шығаруға болады.
– Әлеуметтік серіктестікпен жұ­мыс жасау – әрбір түлектің білікті маман, кәсіби шеберлігінің сапасы жоғары болуының негізгі жолы. Осы бағытта біздің колледж аудандағы 16 мекеме, ұйымдармен әлеуметтік серіктестік туралы келісім-шарт жасасып, бірлесіп жұмыс істеуде. Олар «Альбер» автотехникалық қызмет көрсету орталығы, «Жәмила» өндірістік кооперативі, «Әмбебап» ЖШС, «Әсіл» шаруа қожалығы, ЖК «Әбдіраманов Берікбай», «Қармақшы аудандық электр тарату торабы» мекемесі, «Мәлике-Ана» мейрамханасы, «Әлішер» тігін шеберханасы, «Жаңажол» ЖШС, «Тұрмағамбет» ЖШС, «Ақтөбе и К» ЖШС, «Достық-Жер МК» ЖШС, ЖК «АНС-Бауыржан», «Қармақшы құрылыс» ЖШС, «Октябрь топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі, «Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі ММ» КММ. Әлеуметтік серіктестер білім алушылардың өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасаса, сонымен бірге өндірістік тәжірибе қорытындысымен білім алушылардың кәсіби дәрежесінің деңгейін, жұмысқа қабілетін айта келіп, түлектерді өз­деріне жұмысқа шақы­рады, – дейді ол.
ЖАҢА МАМАНДЫҚТАР
АШЫЛМАҚ
Білім беру ұйымын аккредиттеу деген бар. Ол – қазіргі оқу орны имиджін көтерудің төте жолы. Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі өткен жылдың желтоқсан айында институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден «Аккредиттеудің тәуелсіз Қазақстандық орталығы» Коммер­циялық емес ұйымы арқылы табысты өтті. Мамандандырылған аккредиттеу «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Тігінші», «Фермер шаруашылығы» бойынша жүргізілген. Аккредитациялық кеңес отырысының қорытындысымен колледжді институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден 5 жыл мерзімге шешім шығарылған.
Оқу орны «Жас маман» жобасына қатысып, «Тігінші» біліктілігі бойынша оқу құрал-жабдықтарын алу үшін 106 млн қаржы бөлінген. Аталған жобаның негізгі мақсаты – сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 ЖОО-ын жаңғыртуды және білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу. Колледждерде кадр­ларды даярлаудың халықаралық стандартын «Атамекен» ҰКП қатысуымен шетелдік серіктестер тартылады. Олармен бірлесіп кадр­ларды да­йындау бағдарламаларын жаңарту, оқытушыларды даярлау және оқу орны мен менеджмент процестерін жетілдіру бойынша жұмыс ұйымдастырылған. Қазіргі таңда оқу-зертханалық жабдықтарды алуға бөлінген қаржыға ашық конкурс жария­ланыпты. «Жас маман» жобасының тағы бір талабы, оқу орнының 5 жыл көлемінде халықаралық дәрежедегі аккредитациядан өтуі. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар жүргізілмек. Сондай-ақ, «Жас маман» жобасы аясында оқу-зертханалық құралдар алған оқу орындарынан құзыреттілік орталығын ашу жоспарланған. Егер құралдар оқу орнына жеткізіліп, орналас­тырылса «Тігінші» біліктілігі бойынша орталық ашылады. Жобаға қатысушы «Тігінші» біліктілігі жаңа оқу жылында оқу жоспарлары мен бағдарламалары шетелдік әріптестер (Финляндия мемлекеті) SopranoGroup компаниясы дайындаған 54 мамандықтың білім беру бағдарламалары негізінде дайындалыпты.
Заман өзгерген сайын нарықтық қарым-қатынас та пайда болды. Қоғам дамып, түрлі сала бойынша жаңа мамандықтар келді. Колледж де алдағы уақытта аудан көлемінде сұранысқа ие жаңа мамандықтар ашуды жоспарлап отыр. Мәселен, «Ветеринария», «Ветеринарлық фельдшер», «Агрономия», «Агроном», «Зоотехния», «Зоотехник» секілді қажет мамандық есік ашпақшы. Бұл – болашақта аудан жастарына берілетін жақсы мүмкіндік.

НӘТИЖЕ ДЕ ЖОҒАРЫ
Колледждегі инженер-педагогтар қауымы өз шәкірттерін білім бәйгелеріне қатыстырып, қоржындарын бос әкелмеуде. Елдің үздік жұмысшы маманын анықтайтын дәстүрлі «WorldSkills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатының іріктеу кезеңіне жыл сайын колледж студенттері қатысады. Облыстық ке­зеңге бірнеше студенттер қатысып, жүлделі орындар иеленді. Мәселен Нұрасыл Мирамбеков пен Нұрдәулет Нұрмағанбетов «Ауылшаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» бойынша III орын иеленсе, «Жеңіл автомобильдер» бойынша Дамир Рахымов III орын, Қуанышбек Назыбеков арнайы дип­ломмен марапатталған. Ал «Слесарь ісі» бойынша Нұрсұлтан Ергашов I орынды қанжығасына байлапты. «Сән үлгісі» бойынша колледж студенттері Ақгүлім Құрмашқызы III орыннан көрінсе, Жазира Серікбаева, Салтанат Қайранова мен жетекшісі Бибігүл Сәдуова облыстық іріктеу турынан I орын иеленіп, республикалық іріктеу турына қатысқан.
Колледждегі академиялық дер­бес­тік нәтижесінде оқу мерзімі мен білім беру бағдарламаларының маз­мұнын оқу орны өзі таңдай отырып, білім алушыларға жаңартылған бағдарламалармен білім беруге мүмкіндік береді. Яки, білікті жұмысшы мамандықтар үшін оқу мерзімін қысқартып, білім алушының еңбек ұжымына ерте араласуына да жағдай жасайды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі №500 бұйрығымен Техникалық және кәсіптік білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышы бекітілгені белгілі. Соған сәйкес үстіміздегі оқу жылында оқу орнының білім беру қызметін сипаттайтын мемлекеттік лицензиясы да жаңартылған.


АТҚАРЫЛҒАН
АУҚЫМДЫ ІСТЕР

Білім ордасы оқу-өндірістік базасын дамыту үшін мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын қолға алған. Оны кезең-кезеңімен іске асыру жос­парлануда. Колледж басшылығының оқу-өндірістік, шаруашылық база жұмысын ұйымдастыру мақсатында жайылымдық жер сұрауға байланыс­ты аудан әкімі М.Қалдарбековке жол­даған өтініші қанағаттандырылып, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, аудандық жер қатынастары бөлімі, аудандық жер кадастр және жылжымайтын мүлікті тексеру бөлімшесінің жүйелі жұмыстарының нәтижесінде аудан аумағындағы «Байжан» жерінен 1000 гектар жайылымдық жер көлемі бөлінген. Көктем айларында аталмыш жайылымға 100 бас ұсақ (ешкі, қой) малын бақташысымен шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жайлымдық жер басына алдағы кезеңдерде жабық және ашық бағыттағы шағын фермаларды салу, мал бордақылау алаңы, төрт түлік малды асылдандыру жобалары, бақташыға үй-жай салу, колледждің оқу-өндірістік шеберлері мен студенттеріне арналған тәжірибелік оқу алаңы мен кабинеттер, демалыс орындарын салу қарастырылуда.
Сондай-ақ абаттандыруға байла­нысты қосалқы шаруашылықтар деко­ративтік тал, жеміс ағаштарын отыр­ғызуды бастап та кеткен. Алдағы уақытта колледж ауыл шаруашылық өнімдерін өндіріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын үлкен агрокешенге айналмақ.
Колледж аумағында биыл наурыз айының екінші онкүндігінен бастап эксперимент ретінде шағын қоян өсіру алаңы салынған. Сыйымдылығы 100 қоянға дейін. Негізгі бағыты – ет өндіру. Колледж қаржысынан бастау алған бұл жоба студенттерге әрі практика, әрі қызығушылықты арттырар жақсы мүмкіндік болып отыр. Бүгінде алаңда 12 қоян, 17 көжек бар.
Жаңа бастамалардың бірі – пескоблок құрылыс бұйымының дайындалуы. Кірпіш толығымен басылып шыққанда ол колледждің игілігіне пайдаланылады. Әрі сатылымға да шығады. Бағасы 150 теңге. «Жаңажол» ЖШС және колледж арасында әлеуметтік серіктестік мекемелермен ынтымақтастықты ны­­ғайту үшін колледж мақсатына пайдалануға 2 гектар жерге жоңышқа өсімдігі егілген. Сонымен қатар 10 түп қылқанжапырақты «Можевельник» отыр­­ғызылса, жақын күндері 2 түп шырша ағашы орналастырылмақ.
– Колледждің ішкі аумағын абаттандыру, асфальттандыруға, ішкі аулаға спорттық алаңдар салуға байланысты сметалық құжат жасалынды. Тренажер мен воркаут алаңын салу да жоспарда бар. Одан соң СТО ашқымыз келіп отыр. Бұл студенттерге практика болып, тәжірибесін шыңдаса, тұрғындар үшін де қызмет түрі болмақ. Түскен қаржы колледждің игілігіне жұмсалады. Атқарылар жұмыстың барлығы коллед­ждің өрісін кеңейтіп, өркендеуі үшін жасалып отыр. Студенттер де өзі оқыған мамандығына қызығады. Білгісі келеді, көргісі келеді, іске асырады. Бастысы – кәсіп ашуға тосылмайды, – дейді Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінің директоры Бауыржан Сайдуллаұлы.

Түйін
Жұмыс барысында қол жеткізген колледждің жетістігі – үлгілі ұстаздардың, ұжымның жемісі. «Ұйымдаса білген – ұтады» деген тәмсілге ден қойсақ, жұмысы жүйелі жоспарланған, алар межесі айқындалған жерде жеңіс те, жеміс те болатынын бағамдай беріңіз.

Айнұр ӘЛИ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
12 маусым 2021 ж. 614 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 386

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 465

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930