» » Жосалыдағы тәтті әлем

Жосалыдағы тәтті әлем

Жосалының орталық көшесінде жүрсеңіз нанның иісін сезбеуіңіз мүмкін емес. Қайдан шықты екен деп ентелей жүре бергенімізде алдымыздан «Сүйрік» тәтті нан өнімдерін сататын дүкен көрінді. Аядай бөлмеге кіргендер бір-бір қалта нан құшақтап шығып жатыр. Жай жүрмей жаңалық іздеп жүретін бізге бұл бір керек кәсіпті кім жүргізіп жатқаны қызық болды. Бұрын соңды кезіктірмеген соң біз де кіріп көруге бекіндік. Бұрқыраған тәтті иіс, сөредегі қаз қатар тізілген тоқаштар тәбетіңді ашады. Бірін пештен алып, бірін салып жатқан шебер ширақ қимылдап, келушілерге жылдам қызмет көрсетуде. Өзін Жұлдыз Саянова деп таныстырған кент тұрғыны:
– Қонақ шақырсам, дастарқанға қояр тәттінің бәрін осы жерден алып жүрмін. Бағасы да көңілге қонымды. Бастысы жаңа ғана пештен шыққан өнімдер. Қызмет көрсеткеніне көп болмаса да тұрақты тұтынушыларын тапты, – деді кондитерлік дүкеннен иесі Дина ханымды нұсқап.
Иә, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, 9 бауыры бар Дариха (Дина) Әмірқұлова 9 ағайынды Жаппасбаевтар отбасының кенже келіні. Шымкенттегі ең үлкен кондитерлік орталықта қызмет еткен ол ауылға келгенде біраз жылға дейін сол дәмді аңсап, іздеп жүріпті.
– Қазіргідей қамыр илейтін, нан пісіретін пеш жоқ. Бәрі қолдың күшімен жасалатын. Кенже келін болған соң шаңырақта тұрдым. Үлкен кісілер таба наннан басқа күйдіріп, жандырып неше түрліні пісіргенді қаламайтын. Бірақ бар қабілетім, зейінім, ынтам асханаға ауады да тұрады. Үйде қол қусырып қарап отыруға жаным қас. Соңғы он жылдың бедерінде тапсырыс алып, той, құдалыққа түрлі тағамдар дайындап жүрдім. Тұрақты тұтынушыларымның «орталыққа шықсаңызшы, сіздің тоқаштарыңыз қашан қолжетімді болады екен» деген тілегі, сұранысымен осы кондитерлік цехты ашуға бел будым. Бірнеше рет жоба ұсынып, жақында ғана қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Оған 2 пеш, қамыр илейтін құрылғы сатып алып, тәуекел етіп кірісіп жатқан жайым бар, – дейді кәсіпкер.
Осы тәттілерді дайындауды үйренуі үшін кезінде бірге қызмет еткен қыздарды көп іздепті. Оның айтуынша нағыз шеберлер шәкірт тәрбиелемейтін көрінеді. Шымкентте тұратын таныс әпкесін салып, бір өзбек қызды қанша сұрасаң да береміз, 3 күн сабақ берсең болды деп әрең келістіріпті. 200-300 мыңдап ақы төлеп, тағам пісірудің жолдары жайлы сабақ алған кездері көп.
– Бастысы қамырмен жұмыс істеуде. Илеп тұрғанда-ақ оның дәмі қандай боларын сезіп тұруың керек. Мен ұн талғамаймын. Илей алатын әйелге ұнның нашары жоқ. Жасым 50-ден асса да ізденгім, үйренгім келіп тұрады. Қазір таңға дейін ұйықтамай, осы тоқаштардың қамырын дайындаймын. Алла қуат берсе халыққа қызмет еткеннен артық не бар. Бірер сағат мызғып алып, пісіруге кірісемін. Қасымда бір көмекшім бар. Кәсіпті кеңейтсем, білгенімді қыздарға үйретсем деген ойым да жоқ емес, – дейді ол ағынан жарылып.
Ашылғанына ай болмаған «Сүйрік» тәтті нан өнімдері кондитерлік дүкенінде күніне 300-400 тоқаш пісіріліп, тұрғындарға ұсынылып отыр. Оның ішінде тәтті нанның бірнеше түрі, самса, тоқаш, вупи пай мен бал торты бар. Бір тиімдісі барлық тоқаштың бағасы 100 теңгеден. Ал таза кремдер қосылатын вупи пай мен бал тортының кеспесі 400 теңгеден. Бүгін пісіріліп, ертеңге қалған өнімдер 50 теңгеден сатылады. Дүкеннің атын үлкен ене құрметіне атаған. Тек тоқаш емес 40-тан аса тағамның түрін пісіретін шебер, салат, шетелдің стейк сынды тағамдарды да дәмді дайындайды.
– Ашылған күннен бері бұл жерден адам арылған емес. Өзім де бұлай ойламаған едім. Балаларым ер жеткен азаматтар. Маған әрдайым қолдау білдіреді. Байып кетпесем де, нан бар жерде өмірім жаман болмасын білемін, – дейді кейіпкеріміз.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
12 мамыр 2021 ж. 677 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 045

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031