» » Алмат Өтегенов: "Ұлттық палата озық идеяларды іздейді"

Алмат Өтегенов: "Ұлттық палата озық идеяларды іздейді"


Өңірде «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік жүргізу негіздеріне арналған оқытудың тегін курс­тары жүруде. Себебі бизнес-идеяны таңдау, бизнес-жоспар әзірлеу, салықтарды түсіну – осының бәрі кәсіпті енді қолға алған кәсіпкерге қиын шаруа. Осы тұста кәсіпкерлікті дамытуға қатысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандағы филиал басшысы Алмат Өтегеновтен сұрап білген едік.

– Алмат Қожахметұлы, ассалау­ма­ғалейкум! Жалпы карантинге байланыс­ты «Бастау Бизнес» онлайн курсы өтіп жатқаны белгілі. Биыл аудан бойынша қанша адамға сертификат бөлінді?
– Уағалейкумассалам! Биыл «Еңбек» бағдарламасы мен «Бастау Бизнес» жобасы аясында облыс бойынша екі жарым мың адамға сертификат бөлінсе, оның ішінде ауданға – 115, Байқоңыр қаласына – 30 сертификат қарастырылған. Әрине, жоспардың аз қамтылу себебінен болуы керек, былтырғы жылмен салыстырғанда аз көрсеткіш. Дегенмен жұмыспен қамту бөліміне қайта сұраныс жолдап, қосымша адам санын көбейтуге жұмыс істеудеміз.
– «Атамекен» ҰКП өз бизнесін ашқысы келіп жүргендерге қандай қолдау көрсетуде?
– Қазіргі таңда ұлттық палата бизнес ашқысы келіп жүрген, идеясы мықты адамдарды іздейді. Себебі оларға қарастырылған қолдау көп. Мысалы жобасы бар адам оқуға келгеннен кейін 8 модульден тұратын курс­та өзін шыңдайды. Яғни, өз идеясын әрі қарай дамытып оны жүзге асыру жолында сабақ алады. Ертең құрған жобадан пайда келе ма, жергілікті жерге керек пе, оған бәсеке бар ма? Міне, сол жағынан палатадан көмек көрсетіліп, идеясын шыңдауға жол ашады.
– Аудан тұрғындары кәсіптің қай түріне басымдық берген?
– Кәсіптің түрі көп қой. Мысалы кенттің өзін алсақ сауда-саттық пен қызмет көрсетуге бейімделген. Ал аудан бойынша айтатын болсақ, мал шаруашылығына басымдық көп. Себебі ауыл аймақтарда жайылым көп болғаннан кейін мал ұстауға қолайлы. Одан бөлек басқа да кәсіп түрін қолға алуға болады. Мәселен Қармақшы ауданы туристік аймаққа жатқызылған. Міне соның айналасындағы дүниелерді дамытсақ, өзімізде айналым жүрері сөзсіз.
– Сіз үміткерлер жобасын қарайтын комиссия құрамында болып жүрсіз. Сіздің ойыңыздан шыққан жаңашыл дүние кездесті ме? Болған жағдайда қандай жобаны қолдар едіңіз?
– Орынды сұрақ. Қазіргі уақытта комиссия құрамында болып жүргеніме екі жылдан асты. Көбіне өзім үміткерлерден жаңашылдықты күтемін. Шындығын айту керек, үміткерлерде мынадай үрдіс пайда болған сияқты. Қатысушылар арасында тігін мен сән салоны секілді жобаны қорғаушылар көп кездеседі. Бастапқы жылдары осы жобалар қаржыны алды. Енді осыны естігендер теріс ойлап, сол бағытты ғана қолдайды екен деп үрдіс қылып алған. Ал енді қандай жобаны қолдар едіңіз деген сауалға келетін болсақ жаңашыл, қайталана бермейтін жобаларға қолдау көрсетер едім. Мысалыға айтсам, уақытша маусымдық қызмет көрсететін жобалар бар. Яғни балалар ойын алаңы, балмұздақ жасау тағы басқа секілді қызмет түрлері бар. Оның өзі пайда әкеледі. Мәселен, Байқоңыр қаласында бір жігіт киіз үй алып оны жалға беру секілді қызмет түрін ұсынғанда біз қалай болар екен деп ойлағанбыз. Кейін карантин жеңілдегенде жұрттың көбі сол киіз үйді жалға алып той жасады. Сол сияқты жобаларды қолдауға болады. Грантқа бөлінетін қаржының өзі ондай үлкен жоба жасауға мүмкіндік бермейді. Бірақ бұл кәсіпті бастауға жақсы мүмкіндік. Сол жобадан айналым жасағаннан кейін әрі қарай өзі-ақ кәсібін кеңейтіп, керегін алады.
– Грант қаржысын жеңіп алғаннан кейін оны мақсатты пайдаланбаған жағдайда қандай шара көріледі?
– Мемлекеттік гранттың мақсатты пайдалануына мониторингті кәсіпкерлер палатасы жүргізеді. Қатысушы мемлекеттік грантты алғаннан кейін үш ай ішінде оның нысаналы пайдаланылуын ҚР-ның салық заңнамасына сәйкес салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы растайды. Яғни кәсіпкерлер палатасы шарт жасасқан күннен бастап он екі ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізеді. Егер грант иегері зерттеу барысында қаражатты мақсатсыз басқа бағытта жұмсалғаны анықталса, онда бағдарламаның талаптарына сәйкес өңірлік үйлестірушіге грант қаражаттарын қайтару бойынша тиісті шешім қабылдау жолданады. Өз кезегінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі грант қаражаттарын бюджетке қайтару бойынша жұмыстар атқарады.
– Бизнеспен айналысуға ниетті адамдарды қолдап, олардың бизнес-идеясын құруға, қаржы алуына бизнестің шырайын келтіруде аудандағы «Атамекен» ҰКП қаншалықты серпін беруде?
– «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы ауданда 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпкерлік палатаның негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру. Бұл адамдарға кәсіпкерліктің негіздерін үйретеді. Мемлекеттік грант қаражаттары бөлінгеннен кейін сол қаражатқа қол жеткізуге тікелей сүйемелдейді. Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқығын қорғауға да жұмыс істейді.
– Грант қаржысын жұмыссыз азаматтар қатысып, алатыны белгілі. Ал енді мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндер ала алады ма?
– Әрине. Жұмыс істеп жүрген адамдарға мемлекеттік бағдарлама арқылы қолдау көрсетілген. Қазіргі таңда «Микробизнес Қызылорда» деген бағдарлама бар. «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы жұмыс істейтіндерге, зейнетке шыққан адамдарға арнайы бағдарламаны қарастырған. Міне, сол азаматтар кепіл қою арқылы 6 процентпен несие ала алады. Тек «Еңбек» бағдарламасымен қатыса алмайды.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Ерсін СӘДУҰЛЫ
05 мамыр 2021 ж. 362 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031