» » Ел қорғаны

Ел қорғаны

Отаншылдық, патриотизм – бұл ата-анаңды, туған елің мен жеріңді қастерлеу. Ана тілің мен Отаныңның мүддесін қорғау. Тарихы мен ата-бабалардың салып кеткен сара жолына адалдық ету. Қол жеткен жетістігіне құрметпен қарап, өміріңді еліңнің көркейіп, гүлденуіне арнау. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының тілімен айтқанда «ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмыла қызмет ету».

Біздің кейіпкеріміз де осы қасиеттерді бойына сіңіріп, талай жыл қорғаныс сала­сының ыстық-суығына төзіп, табанды қыз­мет еткен азамат. «Мен негізі жоғары оқу орнын үздік оқығандықтан сол институтта мұғалім болып қалуым керек болатын. Алайда Кеңес Одағы Қорғаныс министрінің бұйрығымен әскерге аттандық. Әркімнің өз дара жолы болады демекші, әскерден ора­лғаннан кейін біршама жыл азаматтық қызметтер атқарсам да бәрібір менің жолым Отан қорғаушылар сапына қосылды» дейді жерлесіміз, Қарулы Күштерінің Құр­метті ардагері, «Қарулы Күштерінің ар­дагерлері» республикалық қоғамдық бір­лестігі облыстық филиалының төрағасы, отставкадағы подполковник Мыңділда Ршауов.
Адам баласының жас кезіндегі көрген-білгені мен ойға түйгені тасқа түскен таңбадай болатыны бар. Бозбала Мыңділдаға да әкесі Сағидолланың Ордазы карьерасын басқарып тұрғанда қарамағындағы солдаттардың ықпалы күшті болды ма екен?! Оған қоса, Одақ ыдырап, офицер құрамның қатарындағы өзге ұлт өкілдерінің тарихи Отанына оралуы да септігін тигізгендей. Олардың айтқан «әскерге өздерің иелік етпесеңдер, біздерге бәрібір» деген сөздері сүйегінен өтіп кетердей әсер етіп еді. Бәрінен бұрын оның жанына батқаны – Қарулы Күштердің барлық деңгейінде офицер кадрлардың жетіспеушілігі болған. Міне осыған орай ел алдында Қазақстан әскерін запастағы маман азаматтармен жасақтау міндеті тұрды. «Мен де әскери комиссардың ұсынысын қабылдап, ойланбастан тәуелсіз елдің қорғаныс саласына қызметке тағайындалдым» деп еске алады сол кезді сала ардагері.
Енді кейіпкеріміздің еңбек жолына шегініс жасасақ.
М.Ршауов Жосалыдағы №26 орта мектепті бітірісімен Шымкенттегі Қазақ Химия-технология институтына оқуға түсіп, оны үздік дипломға аяқтайды. «Инженер-құрылысшы» мамандығын алған жас офицерлік қызметке шақырылып, 44022 әскери бөлімнің рота командирінің орынбасары қызметінде әскери міндетін өтейді. Туған жерге оралған соң Жосалы механикалық зауытында үш жыл құрылыс шебері және зауыт директорының құрылыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Оның қоғамдық жұмыстағы алғырлығы мен белсенділігі сол кездегі басшылықтың назарын аудартады. 1988 жылы кезекті пленумда аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, оған мол жауапкершілік жүктелді. Мұнан кейін де өзіне тапсырылған аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Халық депутаттары аудандық Кеңесінің аға және бас маман-референті, сондай-ақ Октябрь ауылының әкімі қызметтерін абыроймен алып жүрді. Атпал азаматтың одан әрі еңбек жолы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қарулы Күштер қатарындағы әскери қызметтермен толыға түсті. Бұл жылдары – аудандық әскери комиссар, облыстық әскери комиссардың орынбасары, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары лауазымында болып, 2011 жылы зейнеткерлікке шығады.
Отанды қорғау – қашан да парыз. Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау да азаматтық міндет. Ал өскелең ұрпаққа Отансүйгіштік, патриоттық тәрбие дарыту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осы тұрғыда Мыңділда ағамыз үздіксіз елге қызмет көрсетіп келе жатыр десек, артық айтпаған болар едік. Зейнетке шықса да, облыстың жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы аумақтық қорғаныс қызметінің бастығы, сонымен қатар облыс әкімі аппаратының «Жұмылдыру бойынша және төтенше жағдайлар кезеңдеріндегі шұғыл жұмыстар орталығы» мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметінде болса, бүгінде 66597 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс Комитетінің қызметкері ретінде жемісті еңбек етуде.
– «Әке көрген оқ жонар» дегендей, мені әскери мамандыққа әкелген алдымен әкемнің тәрбиесі. Үнемі үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетуді құлағымызға құйып өсірді. Иманды, адал болуды да сол әкемізден тоқыдық. Ер балаға қаталдау қарады. Түсінгенім, ұлға отбасындағы әке тәлімінің орны ерекше болады екен. Қорғаныс саласына келуімнің енді бір себебі, халқыма деген ыстық ықылас. Ұлтыма деген махаббат. Әкеміз өмірде болмаса да ол кісінің бізге берген өнегесі өмірімізге сәулесін септі. Тамырын тереңге жайып, өмірден өз орнымызды табуымызға көмектесті. Ол қайбір істі бастағанда соңына дейін жеткізбей қоймайтын. Ал анамыздың мейірімі, аялы алақаны балаларына шуақ болып дарығандай. Жұмыс барысында абырой биігінен көрінуіме және жетістікке жетуіме көп көмегін тигізген ұстаздарымды да атап өтсем деймін. Олар менің әскери өмірге еркін сіңіп кетуіме, әскери қызметтің қыр-сырын меңгеруіме септігін тигізген рота командирім, капитан Николай Колоярцев, полковник Олег Петроченков, Ауған соғысының ардагері, полковник Жұмабай Бисенғалиев, подполковник Борис Гренштейн, және майор Федор Свешников, – дейді отставкадағы подполковник М.Ршауов ризалық сезіммен.
Ұзақ жылғы еңбек елеусіз емес. Жастарды әскерге шақыру және жұмылдырудағы әскери-патриоттық жұмыстардағы қол жеткен жетістігі үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің грамотасымен, осы министрліктің құнды сыйлығы – "Молния" сағатымен, сонымен қатар "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл", ІІ, ІІІ дәрежелі "Мінсіз қызметі үшін", "Жергілікті әскери басқару органдарына 90 жыл", "Батыр шапағаты Бауыржан Момышұлы", тағы басқа да көптеген медаль, төсбелгілермен марапатталған.
Мыңділда ағамыз қызметте сенімді әріптес болса, отбасында адал жар, ұл-қыздарының таудай әкесі. Жары Балым Уәсиханқызымен немерелер сүйіп отырған бақытты отбасының иесі.
Айта кетерлік тағы бір қуанышты жаңалық – Мыңділда Сағидоллаұлы жақында Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Н.Ермекбаевтың қолы қойылған І дәрежелі "Ел қорғаны" медалімен марапатталып отыр. Үлкен қажыр-қайратпен келетін мұндай салмақты награданы иелену – жоғары басшылықтың тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштерінің қалыптасуына, мемлекетіміздің қорғаныс және әскери қауіпсіздігін нығайтуға қосқан сүбелі үлесі үшін берілген әділ бағасы болмақ.

Сәрсенкүл АҚКІСІ
05 мамыр 2021 ж. 519 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031