Чернобыль ардагерлерімен кездесті
Биыл Чернобыльдағы ядролық жойқын жарылыс апатының орын алғанына – 35 жыл. Сол кезде батырлық жасап, халықты құтқаруға қол ұшын берген азаматтардың ерлігін ұмытпау әрбір адамның патриоттық парызы. Осыған орай жуырда аудан орталығындағы Қорғаныс істер бөлімінде Чернобыль АЭС-ын залалсыздандыруға қатысқан азаматтармен кездесу өтті. Бейбіт өмірдің қаһармандарымен өткен басқосуға Асылхан Бисенбаев, Бейбіт Дастанбаев, Берік Тоғаев, Рүстем Турсынов сынды Чернобыль ардагерлері және бөлімнің ұжымы қатысты.
Кездесуді жүргізген аудандық Қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшысы Рүстем Тұрғанов бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, қаншама адамның жүрегіне жара қалдырған қасіретке толы апаттың тарихын қысқаша таныстырды. Мұнан соң кезек ардагерлерге беріліп, олар сол кездегі қиын кезеңді еске алып, сыр шертті.
– Біз Чернобыльдегі радиацияның зардабын жоюға ауданнан 14 сарбаз қатыстық. Ал облыс бойынша 80 адам аттандық. 1987 жылы тамыз айында Украинаға жеткеннен кейін бәрімізді жан-жаққа бөлді. Ауданнан 4 жігіт стансадан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Аранов ауылындағы 74161 әскери бөлімге түстік. Сөйтіп әркім мамандығы бойынша жұмыс істеді. Мен трактор техникасын жүргіздім. Үлкен бетондарды бұздық. Ол кезде 4 жігіт кезектесіп 15 минуттан тізгіндеп, 45 минуттан демалдық. Өйткені радиация барлық жерге жайылған. Сөйтіп стансаны залалсыздандыру бойынша 3 кезекпен жұмыс істеп қайттым, – дейді ардагер А.Бисенбаев.
Іс-шараға қатысушылар Чернобыль зардабын жою үшін риясыз қызмет еткен азаматтардың ерлігіне тәнті болды. Сонымен қатар батыр азаматтарға көкейдегі сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Кездесу соңында ардагерлер Қорғаныс істер бөліміне сол кезде батылдық көрсеткен азаматтардың ерлігі жайлы жазылған «Сыр сарбаздары» атты кітабын сыйға тартты.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ