» » Татулық – әлем тірегі

Татулық – әлем тірегі


Қазақта "Бақыт қайда барасың?" деген сауалға: "Соғыс құмар ойы жоқ, ұлан-асыр тойы көп, бейбіт елге барамын!" деп жырлап өткен бабаларымыздың даналығы сан ғасырдан бері насихат болып өріліп келеді. Бақыттың бастауын дүние-байлықтан емес, бірліктен іздеген ата-бабамыздың арманы ХХІ ғасырға өз өркенін жайып отыр.
Бірлік деген сөз тіркесі Қазақстан мемлекеті үшін жай ғана айтыла салатын сөз емес. Терең мағынасы бар, болаттан ауыр салмағы бар сүбелі сөз. Себебі Тәуелсіздіктің дәні себілген отыз жылдықта халқымыз көптеген қиындықты бастан өткізді. Алдымен нарықтық экономика, саяси жетілу, елдің тұрмыс-тіршілігі. Кезегін күттірген білім, ғылым, денсаулық салалары. Құрылыс, жол... Осының бәрін аяқтан қою – әрине бір күннің ісі емес еді. Оған кім болса да "бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару" арқылы ғана жететін еді. Міне біздің Қазақ елі де осы күнге "Саусақ бірікпей, ине ілікпейді" деген бағдармен, Елбасының және Мемлекет басшысының стратегиялық ұзақ мерзімді жоспарларының және барша халықтың қолдауының нәтижесінде жетті. Ал осының ең шыңында бір ғана асыл мұрат тұрды. Ол – Бірлік мұраты болатын.
Геосаяси жағынан Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Оның кең жазиралы шаңырағының астында 130-дан аса ұлт пен ұлыстың уығы шаншылған.
Сыр елінде, оның ішінде біздің өңіріміз де өзге ұлт өкілдерінің туған мекеніне айналған. Уақытында тағдырдың тартысымен Қармақшы топырағына табан тіреген талай ағайынның ұрпағы осы жерден өсіп-өнсе, талайы кіндік қаны тамған киелі өңірді құрмет тұтады. Еңсе тіктеп, егемендік алған жылдарды саралап қарайтын болсақ, онда барша ұлт өкілінің еңбегі жатыр. Келісім мен ынтымақты берік ұстануда ауданда этносаралық қарым-қатынасты нығайту және басқа да бағыттар бо­йынша жұмыс жүргізуде облыстық ішкі саясат басқармасының "Қоғамдық келісім" ККМ-нің аудан бойынша сарапшысы қызмет атқарады.
– Сотқа дейінгі татуласуды жүргізетін медиациялық топ құрылған. Құрамында 5 адамы бар топқа еңбек ардагері Ерболат Ұзақбаев жетекшілік етеді. Қоғамдағы әйел-аналардың орнын айқындау, қолдау мақсатында құрылған Аналар кеңесінің жұмысы жолға қойылған. Жақында оның төрайымы болып білім саласының қызметкері, үлгілі отбасының анасы Тәжігүл Әбенова сайланды. Оған дейін аудандағы қоғамдық істердің ұйытқысы, аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева жүйелі жұмыс жүргізіп, іс-шаралар өткізуге мұрындық болып келді. Қайсыбір қоғам да игі істерге бейім ғой. Қазақта: "Көршің аш отырып, сен тоқ болғаныңа қуанба" деген өнегелі сөз бар. Сол айтпақшы қоғамда қайырымдылық жасау қашаннан келе жатқан дәстүр. Ол бізде де қалыптасқан. Қайырымдылық іс-шарасы жыл көлемінде атқарылады. Өзіңіз білетіндей, Қазақстан көпұлтты мемлекет. Сол себептен де елімізде ұлтаралық тату-тәттілікке аса мән беріледі. Түрлі этнос арасындағы ымырашылдық пен ынтымақ тұ­рақ­тылығы әркез назарымызда. Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отырған Қазақ елінің жарқын болашағы, оның білімді ұрпағымен сабақтас. Бұл ретте оқушылардың "Мың бала" жобасы жүзеге асуда. Одан бөлек "Қоғамдық келісім" мекемесінің Қоғамдық кеңес отырыстары өткізіліп тұрады. Кеңестің төрағасы ауданымыздың құрметті азаматы Әбдірахман Құлдүйсенов ағамыз. Жастар арасындағы құқықтық сауаттылық та бағытымыздың бірі саналады. Осы салалар бойынша облысқа есеп беріп, жұмысымызды електен өткізіп отырамыз, – дейді аудандағы этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Ақтолқын Нұрмағамбетова.
Маманның айтуынша жыл басынан бері бірқатар іс-шара өткізілген. Соның кейбіріне тоқталып өтсек. 11 ұлттың құтты қонысына айналған ІІІ Интернационал ауылында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай "Тәуелсіздікке тарту" атты мерекелік басқосу, аудандық білім бөлімі және аналар кеңесінің бірлесе ұйымдастыруымен А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-ли­цейінде "Жасөспірім және заң", "Қыз тәрбиесі" тақырыбында жоғары сынып оқушылары мен аға буын өкілдерінің кездесуі өткізілген. Оған медицина, білім, полиция саласының қызметкерлері мен теологтар қатысып, кеңестерімен ой бөліскен. 1 наурыз – Алғыс айту күнінде аудан тазалығына жауапты аналарға құрмет көрсетіліп, құттықтау хаты тапсырылған. Аналар мерекесінде Аналар кеңесінің ұйытқы болуымен мерекелік кездесу ұйымдастырылып, оларға сый-сияпат жасалып, игі тілектер жолданған. Құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты жүргізілген дөңгелек үстел отырысында жастар сала мамандары және ардагерлермен пікір алмасып, ойларын ортаға салған. Жосалы кентінің кәсіби емес медиаторы Ерболат Ұзақбаев көпшілік аудиторияға түсіндірме жүргізіп, заңдылықтар шеңберінде сұрақтарға жауап берсе, Еріктілермен болған кездесулерде жаңа жобалар мен жоспарлар зерделеніп отырды. Оған қоса, аудандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар да қоғам назарынан тыс қалмауда. Соның бірі – көз жанары нашар көретін немесе зағип жандармен өткізілген кездесуі. Онда аудан әкімінің орынбасары Жарқын Омаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов, тағы басқа белсенділер сөз сөйлеп, мұқтаж жандарға заң аясында қолдау көрсетілетіні жайлы айтты. Ал 22 наурызда ұлттық өнерді насихаттау мақсатында үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, ауданның қолөнер шеберлерімен біріге ұйымдасып өткізілген "Әжемнен қалған қолөнер" тақырыбында қолөнершілер көрмесі қатысушыларға кереметтей әсер қалдыра білді.
Ақтолқын Алтынбайқызының жетекшілігі­мен атқарылып жатқан жұмыстар тізбегі мұ­нымен шектелмек емес. Түрлі ұлт өкілдерінің видеоқұттықтауы, жеке қабылдаулар мен көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларға қайырымдылық жасау іс-шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Әрбір мемлекеттік мерекенің өзіндік орны бар. Бірлік пен ынтымақтың көк туын көкке желбірететін Қазақстан халқының Бірлік күні мерекесінің де маңызды миссиясы бар. "Тар жол, тайғақ кешуде" саяси дауылдың өкпегімен қазақ даласына депортацияланған немесе жер аударылып келген өзге ұлт өкілдерінің бірнеше ұрпағы өркенін жайған. Солардың бірі – ІІІ Интернацио­нал ауылының тұрғыны, түрік ағайын Рустем Турсунов.
– Барша жерлестерімді Бірлік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бір шаңырақтың астында халқымыздың мызғымас достығы мен өзара түсіністігі жарасымын таба беруіне тілектеспін. Еліміздің ұлтаралық татулығы берік болып, Мәңгілік ел идеясы жасай берсін. Әрбір отбасына шынайы көңілден бақ-береке тілеймін. Қазақстан өркен жа­йып, молшылықта, бақыт пен шаттықта өмір кешсін. Біздің ортақ еңбегіміздің, ізденісіміздің арқасында мемлекетіміз жылдан-жылға гүлденіп келеді. Бізде сол бақ қонып, ырыс дарыған Ота­нымызбен бірге түлеп, дамып, жетіле берейік. Ұлттар арасындағы ыстық ілтипат пен ымыра ұзағынан болсын, – дейді ақ тілегін жеткізген Чернобыль ардагері, түрік азаматы өкілі Р.Турсунов.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
01 мамыр 2021 ж. 666 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 045

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031