ЕҢБЕКТІҢ ЕЛЕНГЕНІ
Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – келешек жоқ. Кешегі тоталитарлық жүйе келмеске кетіп, халықтың «ендігі бағытымыз қалай болар екен?» деп абдырағаны анық. Елдегі жетіспеушілік, жұмыссыздық мәселесі басты орынға шыққаны белгілі. Осындай өліара шақта миллиондаған қазақстандықтың сенімі мен үмітін арқалап Мемлекет басына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді.
Ол отыз жыл мемлекет басқарды. Экономикасы тұралаған, еңсесі басылған халықты аяқтан тұрғызу оңай болмады. Алайда, тағдыршешті отыз жыл Елбасының қайраткерлігін, даналығын, халқына деген кемергерлігін таныта білді. Әлем жұртының бірі біліп, бірі білмейтін Қазақстанды дүниенің төрт бұрышына мәшһүр етті. Қабырғалы құжаттар қабылдап, ұзақ уақытқа стратегиялық жоспарлар жасалды. Қазақ деген ұлттың Көшбасшысы бола білді. Жасампаз Қазақстан мемлекетін құрды. Елді нарықтық экономикаға үндеп, еңбек тұрақтылығын қамтыды. Мемлекетті әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосуы – Елбасының сарабдал саясаты мен көрегенділігінің жемісі әрі жеңісі. Елдегі бейбітшілік пен ымырашылдықтың, ырыс пен ынтымақтың ұйытқысы әрі қолдаушысы, көпұлтты елімізді бір тудың астына жинап, татулық пен тыныштықтың кепілі болды. Ел дамуында қазақстандық жаңа модель дүниеге келді. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев жақында мемлекеттік маңызы бар мәлімдеме жасады. Ең жоғарғы лауазым – президенттік постыны босатуға шешім қабылдады. Бұдан біз Елбасының тағы бір көсемдігін, даналығын көргендейміз. Елбасы – Қазақстанды қиын, сынға толы кезеңдерден аман алып өткен кемеңгер, дамытып қана қоймай, дүние жүзіне қазақстандықтардың бейбітсүйгіш ел екенін дәлелдей білген, Қазақ елін әлемдік сахнаға алып шыққан тұғырлы тұлға. Осындай кемеңгер басшысы болған қазақ халқы бақытты ел.
Ұрзахия МАХАНБЕТОВА,
аудандық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.