» » «Жас маман» жобасы жастарға жол ашпақ

«Жас маман» жобасы жастарға жол ашпақ


Жастар – болашақ ел тұтқасын ұстаушы, кемел келешектің иесі. Болашағының жарқын болуын көздеген ел жастардың сапалы білім алуы үшін түрлі жобаны қарастыруда. Соның бірі – «Жас маман» жобасы. Ол Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жастар жылының ашылу салтанатында жарияланған тапсырмасына сай әзірленген. Бұл «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасының құрамына кіреді.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – сұранысқа ие өнеркәсіптік және сер­вистік 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 ЖОО-ын жаңғыртуды және білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу. Жоба аясында шешімдер қабылдаудың ашық­тығын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі мемлекеттік органның, салалық қауымдастықтардың және «Атамекен» ҰКП қатысуымен «Жас маман» жобасын іске асыру жөніндегі арнайы комиссия құрылған. Жоба аясындағы барлық шешімдерді комиссия талқылап, қабылдайды. Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сұранысқа ие 100 мамандықтың тізімін анықтады. Айта кету керек, 180 колледж және 20 ЖОО іріктеу сапа көрсеткіштері бойынша конкурстық негізде жүргізілген. Колледждерде кадрларды дайындаудың халықаралық стандарттарын енгізу үшін шетелдік серіктестер тартылады. Олармен бірлесіп кадрларды да­йындау бағдарламаларын жаңарту, оқытушыларды даярлау және оқу орны мен менеджмент процестерін жетілдіру бойынша жұмыс ұйымдастырылған.
Бұл жобаға 2019 жылы Сыр өңірінен 4 колледж енген болатын. Біздің өлкедегі аграрлы-техникалық колледж өткен жылы қатысушылар қатарынан көрінді. Бүгінде жоба бойынша бірқатар жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
– «Жас маман» жобасының артық­шылығы – ең қажетті маман­дық­тар­ға басымдық беріл­у­інде. Яғни қазіргі сұраныстағы ма­ман­дықтарды сапалы етіп шығаруға күш жұмсалатын болады. Қазіргі таңда «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының материалдық-техникалық базасын жаң­­ғырту жұмыс­тары жүргізіліп, рес­пуб­ликалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. «Тігінші» біліктілігі негізінде аталған қаражатқа сәйкес қажетті құрал-жабдықтың тізімі жасақталып, бюджеттік 2021 жылға арналған өтінімдер жасалып, облыстық білім басқармасына жолданды. Колледжде тиісті құралдарды орнатуға 2 кабинетке жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Кейбір құралдар инженерлік байланыс­ты қажет етеді. Сондықтан қажетті жабдықтардың барлығын сапалы орнатуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр, – дейді аграрлы-техникалық кол­ледж директоры Бауыржан Сайдуллаұлы.
Колледждерді жабдықтауға ар­налған құралдардың тізімі жергілікті атқарушы органдар мен колледждердің ұсыныстарына, жұмыс берушілердің талаптары мен WorldSkills стандарттарына сәйкес жасалған. Жабдықтарды сатып алу Қазақстан Республикасының мем­лекеттік сатып алу туралы қол­даныстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. «Жас маман» жобасы нәтижелерінің іске асырылуы барлық мүдделі тараптардың қатысуымен бақыланады.
Сөз арасында Бауыржан Сайдуллаұлы елі­не қызмет ететін маман даяр­лау үшін балалардың тәрбие жұ­мысына көп көңіл бөлетіндерін айтты.
– Қазақстан экономикасын дамытатын, елді алып жүретін келешек мамандар патриот болу керек деп ойлаймын. Міне, осы тұрғыдан біз балалардың тәрбие жұмысына көп көңіл аударамыз. Кез келген маманның жүрегінде бірінші кезекте «еліме қызмет етемін» деген сезім болу керек. Және солай ойлай білетін мамандарды даярлай білуіміз керек. Ондай мамандар жеке өз басын ғана емес, ел қамын ойлайтын болады. Ал ондай жауапкершілікті сезінген бала жақсы білім алуға, қоғамға өз үлесін қосуға тырысады, – дейді колледж директоры
Жоба іске асып, қолданысқа енгенде білім беру ұйымдары ұлттық және халықаралық деңгейде сұранысқа ие мамандарды даярлауға қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жарақ­тандырылып, өз аймағына мәлім­делген мамандық бойынша құзіретті орталыққа айналады. Сонымен қатар, кол­ледж WorldSkills чемпионатына қатысушыларды дайындайды. Атал­ған жобадан күтер үміт мол. Бұл іс-шара­лардың мақсаты да жарқын болашақ үшін.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
06 сәуір 2021 ж. 1 182 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031