Шетелден бұйырған «мұрагерлік»
Соңғы уақытта Фейсбук әлеуметтік желісінен диагнозы ауыр әйелдің тағдыры қаптап кетті. Қайдан деймісіз? Алдымен бұл сарындағы жазба жазылған посттың астына пікір ретінде қалдырылады. Болмаған соң жекеге шығып, сіз біреудің мұрагері екеніңізді айтып, әлекке түседі. Бұған алданып жүргендер жоқ деймісіз?
Әлгі жазба бірінен соң бірі шыға берді. «Сәлеметсіз бе? Кешіріңіз, есімім Раиса Ерғалиева. Мен Қазақстаннанмын. Бірақ Францияда тұрамын. Мені өлтіріп жатқан ауыр сырқат бар. Ол – бауырдың қатерлі ісігі. Жасым 60-та. Жұбайымнан айырылдым. Ол қайтыс болғанға дейін бізде бала болмады. Қазір менде 85 млн теңге бар. Оны тиімді пайдалана алатын адал және сенімді адамға бергім келеді. Мен бұл соманы қайтыс болғанға дейін қайырымдылыққа жұмсамақпын. Егер сіз осы қайырымдылықты алғыңыз келсе WhatsApp сілтемесін басу арқылы адвокатыммен байланыса аласыз» деген жазбаға әлгі адвокаттың нөмірін жазып қойыпты. Әрине, бұл жазбаның сөзі күрделірек. Өйткені қазақ тіліне аударылған соң тура мағынада жазылған. Түсінікті болуы үшін жан-жағын түзедік. Қош. Әлгі сілтемені басып, мұрагерлікті алу үшін адвокатпен байланыстым. Сәті түскендей-ақ, сұрағыма тез жауап берді. Есімі – Оливье Морис. Аватарына соттың суретін қойыпты. Бірақ бұл жайында кейінірек. «Фейсбуктегі хабарлама бойынша» келдім дедім әсілінде қызыққан сыңай танытып. «Мадам Раиса Ерғалиеваның 85 млн теңгелік қайырымдылығын алғыңыз келе ме?» деді ол. Ойланбастан «Әрине, ол үшін не істеуім керек?» деп сұрадым. «Ақша сіздің банктік шотыңызға аударылмас бұрын, алдымен сізге қайырымдылық туралы куәлік беруім керек. Ол үшін мына форманы толтырыңыз» деді ол. Толтырар үлгісі мынадай, тегі, аты-жөні, тұрғылықты қаласы, жасы мен мамандығы, пошта индексі, ал ең қызығы жеке куәліктің фотосуреті. «Сізге қалай сенемін?» деп едім «Қам жемеңіз» деп қысқа қайырды. Мұнан соң әңгімені әрі қарай жалғастырудың мәні жоқ еді. Керісінше, анықтауға уақыт бөлдік.
Алдымен әлгі адвокаттың нөмірі +33-тен басталады. Бұл код Францияға тиесілі. Одан соң оның шетелдік екені жазуынан анық байқалады. Өйткені қазақ алфавитін орнымен қолданса да сөздің мағынасы аудармадан тікелей аударылған. Одан соң Оливье Мористің танымал адвокат екенін естіп, Гугл әпкенің көмегіне жүгіндік. Онда тек «Оливье Морис» атты қысқаметражды фильмді таптық. Ал адвокат жайында бір де бір дерек жоқ. Ғаламтордың мәліметінше, Оливье Морис – 1921 жылы дүниеге келіп, 2009 жылы Париж қаласында дүниеден өткен француздық теолог, тарихшы, профессор екен. Жарайды, оны қойыңызшы. Аватарында тұрған суретін жүктеп алып, ендігі Яндекс көкемнің көмегіне жүгіндік. Онда суреттерді іздемеге салып, нақты кімнің, қайда түсірілгенін анықтауға болады. Бақсақ, сурет АҚШ-тың соты Джонс Робертске тиесілі. Енді қараңыз, алаяқтықтың бұл жолы миға қонымсыз болғанымен бұған сеніп, жеке куәлігін жібергендер кезігеді. Қарапайым пирамиданың құрығына іліккенде, дайын тұрған ақшаға қызыққаны жоқ деймісіз? Аспаннан ақша ешқашан жауған емес, жаумайды да. Сол үшін әлеуметтік желідегі мұндай құрыққа түсіп қалмауды ойлау керек.
Оның үстіне Facebook өте танымал. Бұл көптеген хакер мен интернеттегі алаяқтардың үйіне айналған. Ал өзіңіздің қауіпсіздігіңізді сақтау үшін нені білуіңіз керек? Мәселен, мына сарындағы жарнамадан сақ болыңыз: «Менің профилімді кім қарады?», купонмен жалған алаяқтық жасау, Facebook-тегі фишингтік алаяқтық, зиянды тегтер, фейсбуктегі жалған жаңалық, үй алаяқтарынан ұсынылған жұмыс, атақты адамдардан ақшалай сыйлық. Атақты адамнан ақшалай сыйлық демекші, бірде америкалық әртіс Ким Кардашьянның ойынына көзім түсті. Онда өз тілінде тікелей эфирде отырған танымал жұлдызды байқайсыз. Әлденені айтып отыра береді. Ал оң қапталда сан жасырылған сурет болады. Сол санды дұрыс тауып, пікірлер бөліміне жазуыңыз керек. Ал ондағы белсене қатысып отқан адамдардың санын көрсеңіз. Барлығы да қазақстандықтар. Білмекке әлгі санды жазып жібердім. Дөп айтсам керек, жекеме «Сіз ұттыңыз, құтты болсын! Ендігі жеке шотыңызды беріңіз, ақша аударамын» деп Ким Кардашьянның өзі жазып жіберіпті. Сенесіз бе, барлығы таза қазақ тілінде. Тыныс белгілері де дұрыс қойылған. Таң қалатын несі бар? Логикаға сүйенген адам алданып қалмас. Алаяқтық жасап, адам алдап жүргенін айтып едім мені бірден қара тізімге енгізді. Бірде бір желі қолданушысы айтып еді, «шетелде атамның бір ұрпағы болған екен. Содан маған мұрагерлік қалыпты. Атама өкпелеп жүрсем, бұл алаяқтықтың бір түрі екен ғой» деп. Жалпы киберқауіпсіздік бойынша сарапшылар дабыл қағуда. Өйткені ғаламтор желісінде «скам» деп аталатын онлайн алаяқтық фактілері белең алып барады. Соңғы кездері адамдар осы қылмыс түрінен жапа шегіп, сан соғып қалған. Қазір ұтыс, оңай жолмен пайдаға кенелу, жеңілдетілген қызмет түрлері жөнінде келетін хабарлама көп. Ондағы алаяқтардың мақсаты адамдарды алдап-арбап, қалтасын қағу. Солай телефонмен-ақ ауызды аңқитып кететіні бар. Не істемек керек?
Айнұр ӘЛИ