» » Талпыныс барда бағындырмайтын белес жоқ

Талпыныс барда бағындырмайтын белес жоқ


Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген соң, мемлекетіміз біршама қиын күндерді де бастан кешірді. Бұрынғы жүйенің құлауына орай, әлеуметтік-экономикалық күйреу мен дағдарыстың болуы жас мемлекет үшін оңайға соқпағаны анық. Соған қарамастан еліміз өркендеуде өз жолын тауып, өркениетке үлесін қосуда. Өмір жолы осындай өзгеріске толы жылдармен сай келген аға буын өкілдерінің қай-қайсының да ғұмыры сабақ алуға тұрарлық.
Бүгінгі әңгімемізге арқау болар жан ұзақ жылдар бойы кәсіппен айналысып, ел экономикасына тамшыдай болса да өз үлесін қосып жүрген кәсіпкер – Садық Өтегенов. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңдерде кәсіп бастап, сол ісін бүгінге дейін жалғап келе жатқан ағамыз алғашында жеміс-жидек сатқан. Одан соң, көліктің тілін жақсы білгендіктен үйде екі жылдай оның құрал-жабдықтарын, кейіннен тұрмысқа қажетті тауарлар, киім-кешек те тасымалдаған. Бүгінде кент орталығындағы көпшілік білетін «Азия» дүкенінің иесі. Бұл дүкеннің халыққа қызмет еткеніне де 20 жылдан асыпты.

– Әкемнің 63 жасында өмірге келген кенже баласымын. Мектеп бітіріп әскерге аттандым. Онда азаматтық борышымды өтеп жүргенде әкем өмірден өтті. Одан келген соң үйленіп отау құрдым. Әскерге дейінгі түскен оқуды жалғастыруға мүмкіндік болмады. Кейін СПТУ-да шопырлық курсты оқып, 20 жыл көлік тізгіндедім. Заманның өзгерісіне орай жұмыс тоқтап, осы салаға бет бұрдым. Горький, Ташкент, Бішкек, Алматы, Түркістан, Шымкент қалаларынан түрлі зат әкеліп саттық. Басымыздан түрлі жағдай өтті. Ұйқысыз түндер, демалыссыз күндер, тіпті аман-есен келгенімізге қуанатын кездер де болды. Уақыттың жүйрік екенін білсек те, бұлай зырғып өтерін кім білген. Қарап отырсам, өмірдің біраз өткелінен өтіп, кәсіпкерлік саласында да 30 жылды артқа тас­таппын, – дейді өткенді ой елегінен өткізген Садық Бейісұлы.
Еңбегінің зейнетін көрер шаққа келіп отырған Садық ағай мен Тұрсынкүл жең­гейдің отау құрғанына биыл 45 жыл толады. Өмірдің ыстығы мен суығын қатар көре жүріп, екі ұл мен екі қыз тәрбиелеген. Бүгінде ұлын – ұяға, қызын – қияға қон­дырып, оншақты немеренің қызығына бөленіп отырған ардақты жандар.
– Бәрі таза еңбекпен келеді. Жал­қаулықтан бойды алшақ ұстаған абзал. Отыз жылдай «Қазақтелекомда» еңбек еттім. Үш жылға жуық айлық алмаған кездер де болды. Сондай уақытта осы кәсіптің арқасында қиындықты еңсердік. Кейіннен отағасына көмектесу мақсатында жұмыстан шығып, отбасымызбен кәсіпке бет бұрдық. Айтуға оңай көрінгенмен, кәсіпкер болудың да қиын тұстары бар. Ол кезде қазіргідей дүкенге затты фирмалар әкелмейді. Жолдасым күн-түн демей, пойызбен, камазбен, газельмен зат таситын. Әрдайым амандығын тілеп, елеңдеумен отыратын едік. Қазір шүкір, бақыттымыз. Ұлымызды үйлендіріп, қыздарымызды құтты орнына қондырдық. Енді тек денсаулық болса деп отырмыз, – дейді отанасы Тұрсынкүл Мырзабекқызы.
Кез келген істің өзіндік қиындығы мен қызығы болатыны анық. Осындай кезеңдерді өткерген отбасының ұл-қызы жоғары білімді мамандар. Алайда екі ұлы да жеке кәсіпке қарай бет бұруда. Немерелерінің алды тұрмыс құрған. «Бұйырса шөберенің қолынан су ішетін күн де алыс емес» деп күлімдейді әжесі.
– Қазір мол мүмкіндіктердің заманы ғой. Ақшаң көп, қара күшің мол болғанмен де, білімің болмаса кәсіпті өркендете алмайсың. «Қалай қимылдасаң, солай тамақ ішесің» дейді емес пе? Біз де өз әлімізше ең­бектеніп, кәсіптің арқасында көлік алдық, үй де салдық. Кәсіпкерді табысқа жетелейтін нәрсе – тәуекелшіл болу. Тәуекел бар жерде ғана береке болмақ. Қатарластарым «оқымасаң да, бізден кем емессің» деп қол­паштап жатады. Оқыған дұрыс қой, әрине. Өзімде мүмкіндік болмағандықтан, балаларымды түгелдей жоғарғы оқу орнында оқыттым. Әр заманның өз адамы болады деген рас екен. Егер әлі де жас болсам, өндіріс саласына бет бұрар едім. Адамда талпыныс барда бағындырмайтын белес жоқ, – дейді тәжірибелі кәсіпкер.
Мемлекетпен бірдей дамып, өркендеп келе жатқан кәсіп иесінің алға қойған мақсаты мен жоспары көп. Олар алдағы уақыттың еншісінде. Қоғамның ортасында жүргеннен кейін Садық Бейісұлының қайы­рымды істерге де белсенділік танытып, үлес қосатынын естідік. Ол туралы сұрағанымызда жариялағанды жөн көрмейтінін жеткізді. Бергенін есеп қыл­майтын, қолынан келсе бөліп беруге дайын берекелі жанұяның бірі. Шаттыққа толы шаңырақ, адал еңбегі зейнетке жеткізген ел ағасы табысқа жетелейтін төзім мен тәуекел екенін тағы бір дәлелдегендей.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
09 ақпан 2021 ж. 615 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 413

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 490

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930