» » Мәміле алаңындағы ахуал қандай?

Мәміле алаңындағы ахуал қандай?


Тарихқа үңілсек, ертеде ата-бабаларымыз даулы мәселені шешу үшін билерге жүгінген. Билер қандай да болмасын туындаған мәселенің төрелігін айтып, жанжалға «нүкте» қойып отырған. Қазір сол би-қазылардың орнын заманауи сот төрелігі институты ауыстырды. Оның ішінде дауласушыларды сотқа дейін жеткізбей бір бітімге келтіруші бейтарап медиаторлар бар. Дегенмен, күрмеуі шешілмеген мәселенің түйіні тарқап жүр ме? Сараптап көрелік.
Әлқиссаны әріден бастамай тұрып медиацияның не екеніне тоқталсақ. Жалпы медиация өз этнонимін латын тілінің «medius» сөзінен алады. Ол арада, ортада тұру, әділ, делдалдық ету, бейтарап деген мағынаны білдіреді. Батыс өркениетінде дауласушы тарап өзара қолайлы шешімге келу үшін медиатордың көмегіне жүгінген. Бұл ретте, медиация сөзі термин ретінде тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын дау-жанжалды реттеу рәсімі. Ал медиатор (латынша mediator) тараптарды татуластырушы, істің қандай да бір тараптың мүддесіне шешілуіне мүдделі емес, бітімге келтіруші және мәміле жасаушы бейтарап тұлға.
Жалпы медиация заманауи бағытта XX ғасырдың екінші жартысында дами бастады. Алғаш рет англо-саксондық құқық орнаған елдерде, яки АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, содан соң Еуропаға тарай бастады. Алғашқыда медиация отбасылық қарым-қатынас саласында дауларды шешуде қолданылған. Кейіннен жергілікті қоғамдастықтардағы даулардан бастап коммерциялық және көпшілік саласындағы күрделі әрі көп тарапты жанжалдарды қоса алғанда кең ауқымды дау-жандалдарды шешуде үлкен рөл ойнады.
Әрине, атауы өзгеше болғанымен кең байтақ қазақ даласында осыған заты ұқсас билер, ақсақалдар институты болған. Олар сан ғасырлар бойы келіспеушіліктерді дау-дамайсыз шешіп келеді. Сол үшін Қазақстандағы медиация институтын даму үрдісінің тарихи негізі деуге болады. Алайда бұл жүйеге жүгінушілердің үлесі қанша? Мәселе сотқа жетпей шешімін тапты ма?
Дауларды реттеудің тиімді әдісі
Strategy2050.kz аналитикалық-шолу порталының мәліметінше, бүгінде әлемде даулардың 30-40 проценті медиация рәсімінен өтсе, оның 85 процентке жуығы оң нәтиже көрсеткен. Осы бағытта сандарды сөйлеткен Сәкен Есіркеп әлемдегі медиацияның үздік үлгілеріне тоқталды. Мәселен, АҚШ-та медиация институттарының арағайындығына жүгінген даулардың 95 проценті сотқа жетпей шешімін тапса, Германияда бұл көрсеткіш 90 процентті, Ұлыбританияда 90-95 процентті құрайды. Бұл дегеніміз медиаторлар дауласушы тараптардың мәселесіне өз нүктесін қоя білді дегенге саяды.
Көбіне сот шешіміне бір тарап қана қанағаттанады. Ал екінші тарап қабылданған шешімге риза болмағандықтан істі апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларында қайта қарауға өтініш береді. Аталған сатылардың әрқайсысының өзінің уақыт мерзіміне байланысты істерді қарауы бірнеше айларға, ал кейбір жағдайларда жылдарға созылып кететіні бар. Осындайда медиация арқылы азаматтар уақыт пен қаржы шығындарын үнемдей алады.
Медиатор тараптардың дауын реттеу мақсатында олардың арасында бітістірушілік рәсімдерді жалғастырудан бас тартып, жалпы тәртіппен сотқа жүгінуге болады. Медиатордың өкілеттілігі туралы заң жобасында медиатор тараптарымен бірлескен немесе жеке кездесулерді өткізуге, қажет болған жағдайда медиатор даудың техникалық аспектілері бойынша сарапшының қортындысын талап етуге құқылы. Бұл ретте тараптар қорытындыны алуға байланысты шығындарды өтеуге келісуі тиіс. Егер медиатордың пікірі бойынша бітімгерлік рәсімдерді одан әрі жүргізу, яғни тараптар арасында шешу мүмкін болмаса, медиатор істі жүргізуді тоқтатуға құқылы. Сондай-ақ, медиатор өзінің функцияларын жүзеге асыруына кедергі болатын мән-жайларды білген жағдайда бұл істен өздігінен бас тарта алады. Медиациялық рәсімді өткізудің уақыты мен күні тараптардың келісімі бойынша белгіленеді. Іс соттың қарауында жүргізіліп жатып, тараптардың келісімімен сот шешімі шыққанға дейінгі уақытта тараптар істі қайтарып алып, медиатордың көмегіне жүгіне алады. Бітімгерлік рәсімдер келісімі он күн ішінде аяқталу тиіс. Қажет болған жағдайда тараптардың өз ара шешімі бойынша бітімгерлік рәсімдерді жүргізу мерзімі 30 күнге дейін ұзартылуы мүмкін.
Қазақстандағы медиация
Бізде «Дау мұраты – біту» деген тәмсіл бар. Елде медиацияның әлеуетін барынша пайдалану мақсатында 2011 жылдың 28 қаңтарында «Медиация туралы» заң қабылданды. Заң дауларды татуласу рәсімімен шешілуіне ықпал етті. Заңға сәйкес «Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы iстер бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында қаралатын даулар (дау-шарлар) медиацияның қолданылу саласы болып табылады» деп белгіленді. Әрі медиаторлардың қызметін көбіне азаматтық істе, жеке азаматтардың арасында туындаған дауда пайдалану мақұлданды. Мәселен, дауласушы тараптардың бірі мемлекеттiк орган болып табылатын кезде, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға медиация рәсiмi қолданылмайды.
Жалпы медиация саласында арнайы қабылданған заңнан соң осы бағыттағы атқарылар жұмыс қыза түсті. Оған медиаторлар қауымдастығының, медиаторлар институтының қалыптасып, тәуелсіз медиаторларды дайындау әдістемесінің жасалып, арнайы мамандардың пайда болу үдерісін мысал ретінде айтуға болады.
Мамандардың айтуынша, Заңнамаға сәйкес медиаторлар кәсіби (кәсіпқой) және кәсіби емес (қоғамдық) болып екіге бөлінеді. Оларға қойылатын өзіндік талап та бар. Айта кеткен жөн, жоғары білімі бар, жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасы Медиаторлар одағынан арнайы оқудан өткен кез келген тұлға кәсіби медиатор бола алады. Ал кәсіби емес медиаторлықпен 40 жасқа толған, халық арасында беделді, адамгершілігі жоғары, ары кіршіксіз адамдардың айналысуына толық мүмкіндік бар. Олар тұрғындар жиынының ресми хаттамасы арқылы жергілікті атқару органдарына тіркелуі тиісті және де заңгер мамандығы болуы міндетті емес. Медиаторлар өз қызметін тек жеке құқықтық қатынастар бойынша жүргізеді. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген, заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған, оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды.
Strategy2050.kz аналитикалық-шолу порталының жазуынша, Қазақстанда Сингапурдың тәжірибесін ескере отырып, дау-дамайды шешуде кәсіби медиаторлармен қатар татуластырушы судьялардың әлеуетін пайдалану бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Мәселен, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне 2020 жылғы 29 маусымда өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, сотқа дейінгі татуласу рәсімдеріне қатысты маңызды шарттар пайда болды. Аталған заңның 174-бабының 2-тармағында «Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не осы Кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады» деген қағида жазылған. Осыған орай, бүгінде азаматтық іспен шұғылданатын соттарда татуластырушы судьялар пайда болуда. Ендігі сотқа түскен іс алдымен аталған судьяның қарауына беріледі. Татуластырушы судья тараптарды медиация әдісі арқылы сотқа жеткізбей келісімге келтірумен айналысады. Бұрын судьядың сот басталмайынша тараптардың келісім алмай жатып, қосымша материалдар сұратуға, егжей-тегжелі зерттеу жүргізуге құқығы болмайтын. Жаңа өзгерістерге сай мүмкіндік пайда болды. Бұл дауды алдын ала жедел шешуге ықпал болмақ.
Аудандағы ахуал қандай?
Ауданда аталмыш заңды насихаттап, оның тиімділігін түсіндіру, сот процесінде тараптарға дауды медиация тәсілімен шешу құқығын түсіндіруге бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Нәтижесі де көңіл қоншытады. Аудандық соттың мәліметінше, өткен жылдың 12 айында жалпы 70 адамға қатысты 56 қылмыстық іс қаралып аяқталған. 41 қылмыстық іс бойынша 54 адамға үкім шығарылып, 10 қылмыстық іс бойынша 11 адамға қатысты қылмыстық іс өндірістен тоқтатылыпты. Соның 6 қылмыстық ісі медиация тәртібімен аяқталған екен. Ал есепті мерзімде 79 арыз бойынша сот бұйрығы, 227 азаматтық іс бойынша шешім шығарылып, 68 азаматтық іс бойынша іс жүргізу медиация тәртібімен тоқтатылған.
Жыл басталғалы медиаторлар басқосып, жоспарларын айқындауда. Алда атқарылар іс-шара мен насихаттау жұмысын нықтауда.

Бітімге келген кімдер?
Кейде «осы медиацияға кімдер жүгінеді?» деген сауал төтесінен қойылады. Әрине, құпиялық сақталып, ішкі тірлікті сыртқа білдірмейміз. Дегенмен, бұл әдіске жүгініп, күрмеулі мәселесі шешімін тапқан азаматтар жетерлік. Мәселен, өткен жылдың соңында аудандық сотта алдын ала сот отырысында талап қоюшы мен жауапкерден 96 827 теңге қарыз ақшасын өндіру туралы азаматтық ісі қаралған. Іс құжаттарына сәйкес, жауапкер талап қоюшыға 2019 жылдың наурыз айынан бастап ақша қарыз екенін және уақытында қайтармағаны анықталған. Азаматтық істерді сот талқылауына дайындау барысында тараптардан аталған азаматтық іс бойынша дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің негізінде іс жүргізуді тоқтату туралы келісім түскен. Аталған келісім бойынша тараптар бітімгершілік шартындағы міндеттерді орындауға, яки жауапкерлер қарыз ақшаны ай сайын төлеуге міндеттеме алған. Ал, талап қоюшы өзінің талап арызынан бас тартып, медиатордың көмегімен келісімге келіп, дауды медиация тәртібінде реттеу келісімі жасалғанына байланысты азаматтық істі тоқтатуды сұраған. Әрі медиативтік келісімді өз ерікімен орындамаған жағдайда тараптар сотқа мәжбүрлі түрде орындату үшін атқару парағын алуға арыздана алады. Соттың ұйғарымымен тараптар араларындағы жасалған дауды медиация тәртібінде реттеу келісіміндегі шарттарымен қоса бекiтiліп, iс жүргізу өндiрiстен тоқтатылыпты.
Осы тұста екінші іс, яки аудандық сотта талап қоюшы мен жауапкер арасындағы заңды некені бұзу және алимент өндіру туралы азаматтық ісі қаралған. Талап қоюшы өз талап қою арызында жауапкермен заңды некеде тұрғанын, жанұядағы келіспеушілікке байланысты бірге тұру мүмкін емес екенін мәлімдеп, соттан арадағы некелерін бұзуды сұрайды. Татуластырушы-судья Д.Кентбаев онлайн форматта WhatsApp желісі арқылы байланысып, тараптарды бітімге шақырып, отбасылық құндылықтардың маңыздылығы жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізген. Нәтижесінде екі тарап өзара келісім жасасып, азаматтық істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы өтінішпен жүгініп, медиациялық келісімді бекітуді сұрайды. Сот ұйғарымымен азаматтық іс бойынша тараптардың арасында жасалған медиациялық келісім бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Жалпы Қазақстан Республикасының Азаматтық процессуалдық кодексіне сәйкес аудандық сотқа түсіп жатқан талап қою арыздары татуластыру рәсімдерін жүргізу үшін татуластырушы-судьяларға беріледі. Ал судьялар 10 жұмыс күн ішінде татуласу келісіміне жету үшін тараптар мен олардың өкілдеріне түсіндіру жұмысын жүргізеді. Осындай жұмыс оң нәтижелерін беруде. Соның бірі – биылғы жыл басында орын алды. Аудандық сотта татуластырушы-судьяның өндірісінде бір күнде төрт қарыз сомасын өндіру туралы азаматтық іс қаралды. Іс құжаттарына сәйкес, талап қоюшы жауапкердің қарыз сомасын өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген. Татуластырушы-судья тараптарға татуластыру рәсімдерінің барлық артықшылығы мен мүмкіндігін айтып, өзара бір мәмлеге келуді ұсынып, даудың жойылуы нәтижесінде тараптар арасындағы тұрақты қарым-қатынасты сақтау жайында түсіндіреді. Солай екі тарап татуласу туралы медиациялық келісім жасап, оны бекіту үшін сотқа ұсынған. Сот тараптар арасындағы жасалынған татуласу келісім шартты бекітіп, жергілікті бюджеттен мемлекеттік баж шығынын қайтару туралы ұйғарым қабылдады. Бұл мысалға келтірген үш жағдай. Ал жазылмағаны қаншама. Нәтижесін өзіңіз де көріп отырсыз.

Тараптар не дейді?

Әрине, медиация әдісіне жүгінген тараптар өз пікірін білдіре қоймас. Олардың кім екені де бізге құпия болып қалады. Дегенмен бірде Фейсбук әлеуметтік желісінен бір жазбаны көзім шалды. Осыдан бірнеше ай бұрын өмір жайында түрлі афаризм, мұңды өлеңдер шығарып жүрген келіншек енді шыдамайтынын айтып шағымданып, жұбайымен ажырасатынын жеткізіпті. Оқырмандары басу айтып, сабырға шақырып әлек. Дегенмен ол оған көнбеді. Әліптің артын бағып, сырттай бақыладық. Одан соң араға тағы бірнеше күн салып, әлгі азаматша кезекті жазбасын жариялады. Онда бірнеше жыл отасқан жұбымен қайта татуласып, жаңа өмір бастайтынын алға тартыпты. Лүпіл санынан бөлек, желідегі пікірілер желдей ескен. Бірбеткей ойынан айнып, мұндай шешімге тез келуінің сыры неде десті бақылаған жұрт. Әрине, онысын жасырғанымен әлгі келіншектің жеке Мессенджеріне шығып, байланысып көрдік.
– Бірнеше жыл бірге тұрғанымызбен соңғы уақытта бір-бірімізді мүлдем танымай кеттік. Мінезіміз сай келмейтінін кеш ұқтық. Күнде ұрыс-керіс. Арада бала болса да некемізді бұзамыз деп келісімге келдік. Алайда қазір сотқа дейін жеткізбей татуластыру алаңы бар екен. Сол медиация әдісімен екеуіміз бітімге келіп, ойланып қадам басуды шештік. Расымен, апыл-ғұпыл ашумен барып соттасып, дауласып жату тіпті дұрыс емес екенін ұқтым. Ал ойымызды саралап, асығыс шешім қабылдамау үшін медиацияның көп көмегі тиді, – дейді Айгүл Есназарова (аты-жөні өзгертілген) ағынан жарылып.
Расымен, егер тұлға сотқа арыз берген жағдайда, біріншіден, істің қаралуы созылып кетуі мүмкін. Іске нүкте қойылғанша бірнеше сот отырысы өтеді. Шағымдар облыстық, тіпті Жоғарғы Сотқа жолданып жатады. Қайта-қайта жұмыстан сұранып, кәсіпті тоқтатып, жеке тірлікті ысырып қоюға тура келеді. Мемлекеттік баж төлеу, сот шығынын өтеу, заңгерді жалдау, мұның бәрі үлкен шығын. Ал дұрысы – татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі жақ та ұтылмайды. «Әлбетте, татуласудың тиімділігі мен артықшылығын, өзектілігі мен өміршеңдігін қарапайым халыққа түсіндіру бағытында үгіт насихат жұмыстары мұнымен тоқтамауы тиіс. Ата-бабамыз қолданған бітімгершіліктің алдағы уақытта да кең қолданылып, көпшілік тарапынан қолдау табарына сенім мол» дейді мамандар сөз арасында.

Түйін
Қазақстандағы медиация институты қарқынды дамып келеді. Оған медиаторлардың көмегімен сотқа дейінгі татуласу дерегінің жиі кездесуі дәлел. Айтпағымыз, жұртшылықтың медиация әдісіне деген сенімін қалыптастыру үшін медиатор көмегімен шешілген оң мысалдарды кеңірек таратып, тұрақты ақпараттандырау жұмысын күшейткен жөн.
Дайындаған Айнұр ӘЛИ




09 ақпан 2021 ж. 582 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 413

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 490

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930