» » Ондай болмақ қайда деп, айтпа кәсіп сүйсеңіз

Ондай болмақ қайда деп, айтпа кәсіп сүйсеңіз

ДӘУЛЕТТІ БОЛУҒА ҰМТЫЛҒАН АДАМНЫҢ МҮМКІНДІГІ – КӘСІПТЕ. БІРАҚ СОЛ КӘСІПТІ ҚАЛАЙ БАСТАУ КЕРЕК? НЕДЕН БАСТАУ КЕРЕК? КӘСІПТІҢ КӨЛ-КӨСІР ПАЙДАЛЫ ЕКЕНІН БІЛГЕНІМЕН, КӨЗІН ТАБА АЛМАЙ ЖҮРГЕНІ КӨП. БҰЛ БАҒЫТТА МЕМЛЕКЕТТЕН КӨМЕКТЕР БАР МА? ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ ДЕГЕНІҢІЗ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ? МАҚАЛАДА ОСЫ ТҰРҒЫДАҒЫ САУАЛДАРДЫ ҚОЗҒАП, ҚАУЗАЙТЫН БОЛАМЫЗ7
Жаңадан іс бастау қай кезде болмасын жеңіл емес. Әсіресе бұрын-соңды көз көріп, қол жасап көрмеген дүниеге шешім қабылдау тәуекелді
керек етеді. Бірақ қазір кәсібін ширатып алып кеткендерді тыңдайтын болсақ, солардың көбісіне шешім қабылдау оңай болмаған. Енді кейбірі – оған дейін жұмыссыз қалып, бала-шағаны асырау мақсатында кәсіпке бел буған. Одан оңды нәтиже шығарып, бүгінде белді кәсіпкерге айналып үлгергені де аз емес. Ал енді келесі бір шоғыры – тіршілігін әу баста кәсіппен байлап, бекемдеп одан береке тапқандар. Бұл айтылған мысалдар жұмысын бас тап, одан нәпақа тауып жеп отырғандар. Дегенмен, жаңадан кәсіп бастау – қаржыны қа жет етеді. Осындайда мемлекеттен қай тарымсыз несие көмекке келуде. Соның бірі – 2018 жылдан бері беріліп келе жатқан Үкі меттің Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының екінші бағытында көзделген қайтарымсыз несие. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын аталған бағдарламаның басты мақсаты – жұмыссыздықты азайту, жаңадан кәсіп ашқысы келетіндерге қаржылай қолдау көрсету. Мұндай мүмкіндіктерге жұмыссыз азаматтармен қоса, кәсібін ашқанына бір жыл тола қоймағандар да ие бола алады. Осы ретте аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Орынбек Мұнарбаев пен жолығып, грант жайында сұраған едік.
– Бағдарлама бойынша былтыр грант же ңімпаздары 555 600 теңге көлемінде қайтарымсыз несиеге ие болды. Қаражат көлемі көп болмағанымен алғашқы кәсіп бастауға жақсы жәрдем бола алады. Грантқа ниет еткендер алдымен бізге, яғни жұмыспен қамту орталығына келіп тіркеледі. Бізден "Атамекен" кәсіпкерлік палатасына жолдама беріледі. Палата арқылы 1 ай көлемде "Бастау Бизнес" оқу курсында оқып, теориялық білімін қорғап шығады. Мұнан соң оған сертификат тапсырылады. Сол сертификатпен арнайы құрылған комиссияның отырысында бизнес жобасын ұсынады. Жоба қолдау тауып, жан-жақты қорғалған жағдайда қайтарымсыз гранттың жеңімпазы болып табылады, – дейді орталық басшысы.
Тегін батпан құйрықтың болмайтынын ескерсек, жоба қорғауға да дайындықсыз келе салуға болмайды. Үміткер сызбасында өзінің ашқалы отырған кәсібінің есеп-жобасын, алатын қажетті құрал-жабдығының құнын нақты біліп, қорғап шығуы тиіс. Оның ішінде кәсібінен қанша пайда табатыны мен шығынын да зерттеп, зерделеп келуі шарт. Себебі қайтарымсыз грант болғанымен, мемлекеттен берілген қаражаттың ертеңгі күні сұрауы міндетті түрде болмақ. Соңынан комиссия жобаны саралап, тиісті шешімін береді. Маманның айтуынша, айтулы бағдарлама 2018 жылдан бастап іске асып келеді. Жыл сайынғы грантқа бөлінетін қаржы көзі де көбеюде. Мысалы, 2019 жылы ол 505 мың теңге болса, былтыр 555 600 теңгеге өскен. Қазір «Бастау Бизнес» оқу курсына тіркеу басталып кеткен. Былтыр 6 топ қашықтан оқытылған. Пандемияға байланысты адам саны шектелді дегеннің өзінде талап қылған 224 адам бітіріп шығып (Байқоңыр қаласы, Төретам кенті, Ақай елді мекенін қоспағанда), оның 208-і сертификат қорғаған. Жалпы былтыр барлығы (Байқоңыр қаласы, Төретам кенті, Ақай ауылын қоспағанда) 185 тұрғын грант иегері атанған. Оның арасында 3-еуінің мүмкіндігі шектеулі болса, өмірден жаңылыс басқан 6 азамат жобаның жеңімпазы болып танылған. Негізі бағдарламаға үміт артушылардың саны жылдан-жылға артып келеді. 2019 жылы 200 адам оқып шығып, соның 175-і қайтарымсыз несие алғанын назарға алсақ, өткен жылғы комиссияға құжат тапсырушылардың санында айтарлықтай айырмашылық бар екенін (пандемияның қиыншылығына қарамастан) көреміз. Грантқа қол жеткізгендер қатарында: атаулы әлеуметтік көмек алатын, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар да бар. Айта кеткен жөн, грантқа қатысуға "Бастау Бизнес" курсынан өткендер мен атаулы әлеуметтік көмек және мемлекеттен жәрдемақы алатындар да құқылы. Тағы бір ескерерлігі, әлеуметтік санаттағы ниеттілерден оқу курсынан өту міндеттелмейді. Тек қана комиссияда бизнес жобасын оңтайлы қорғай білу міндеттеледі.
Қуанарлығы сол, жобада жастарымыз белсенді. Жеңімпаз болып танылған 185-тің 63-і жастар. Демек, бұл жаңадан кәсіп ашуда аудан жастарының кұлшынысы жоғары деген сөз. Араларында жоғары білімділері бола тұрып, болашағын кәсіптен көргілері келетіндері көп. «Жоба қорғауда әуелі ескерілетіні – бизнес жоспардың тиянақты болуы. Осыған сай палатада түрлі кеңестер беріліп, сүйемелденеді. Бұған дейін де жұмыспен қамту орталығында үміткерлермен тығыз байланыста жұмыс жасалады» дейді орталықтағылар.
– Грант бір адамға 1 мәрте беріледі. Ал оқу оқығаны жөніндегі сертификат 3 жылға дейін жарамды. Грантты алғаннан кейін кәсіпкер тиісті есептілігін уақытылы тапсырып отыруы керек. Өйтпегенде және мақсатсыз жұмсалғанда ақша кері қайтарылады. Оның бәрі алдын ала түсіндірілген. Қайтарылмаған жағдайда сотқа жолданады. 2020 жылғы грант нәтижесіне талдау жасайтын болсақ, 57 адам мал шаруашылығымен, 34 адам құс өсіруге тілек білдірген. Өзіңіз білетіндей, азық-түлік өнімдері өңірге көбінекөп сырттан тасымалданады. Құс шаруашылығын дамытсақ, сұранысы жоғары құс еті мен жұмыртқасы біршама пайдасын әкелмек. Сондай-ақ тұшпара, нан өнімі, қоғамдық монша, бал арасын өсіру, жем шығару өндірісіне де өтініш бергендер аз емес. Тіпті балық және саңырауқұлақпен айналысқысы келетіндер де осы ортадан табылды. Алма бақ өсіру мен қауынқұрт жасауға жобалар түсті. Қалалардан тасымалданатын жиһаз бұйымдары енді өзімізден әзірленеді. Бұрын ауданда кездеспеген кәсіптер – тері илеу мен жасанды тас кәсібі де қолға алынуда. Мұның бізге тиімділігі – жаңадан кәсіп ашылғанда жаңа жұмыс орындарына да жол ашылады. Бұлардың дені бұрын да көлеңкелі түрде елге қызмет көрсетіп жүргендер. Грант алғанда қысылып-қымтырылмай ашықтан-ашық еңбек етіп, мемлекетке салығын төлейді. Кәсіпкер болып тіркеледі, – дейді О.Жұмағалиұлы.
Қазақтың ежелден келе жатқан кәсібі – мал шаруашылығы. Төрт түлігін түлеткен қазақ атамыз малдың еті мен сүтін азыққа пайдаланып, жүні мен терісін киім ретінде жаратқан. Табиғи өнімді тұтынған. Қазірдің өзінде «қолдың сүті», «қолдың майы, құрты, жұмыртқасы» деген терминдер пайда болды. Бірақ әлі де мал өнімін толықтай қажетке жарата алмай жатқанымыз рас. Мысалы – тері илеу. Қазақстаннан болмашы тиын-тебенге тері сатып алып, оны өзімізге тон қып 200, 300 есеге дейін қымбат бағада қайта сататын елдер бар. Жүн өнімдері өртеліп, рәсуа болуда. «Көш жүре түзеледі» демекші, бәлки уақыт өте келе тері илеу, тон өндіретін орындар да қолға алынар. Соның сапасы мен технологиясын үйреніп келетіндей жер болса. Сүт өнімдері пакетке ыңғайлы етіп шығарылса, тез өтер еді. Құрттың бағасы 2000-нан жоғары кетті. Қолдың сары майының да бағасы арзан емес. Кезінде мән бермеген едік. Қазір табиғи өнімді халық түсінді. Кәдімгідей пұл болып тұр. Жұмыртқадан жұмыртқа ұнтағы шығарылса. Болашақта бұл да бәлки болатын шығар. Тері илейтін шағын цехтар ашылса, өңірде тері өте көп. «Асыл тұқымды тауықтардың арасында 365 күннің 340 күнінде жұмыртқалайтыны бар. Қаз өсіріп, оның қанатын, сан етін қалталап сатса, одан да үлкен түсім болар» еді дейді маман әңгімесінде. Грантқа ие болғанның бірқатары бүгінде кәсібін дөңгелете түсуде. Былтыр жазда тігін ісі бойынша бизнес жоба қорғап, қайтарымсыз несие алғанның бірі – Күлпаршын Әлікеева. «Тапсырыспен жұмыс істеп жатырмын. Алдыңғы жылы «Бизнес Бастау» курсын бітірдім. Алған қаражатқа тігін машиналарын сатып алдым. Тігін тігумен жас кезімнен айналысамын. Жақында зейнетке шықтым. Тапсырыс сырттан келеді. Әлеуметтік желімен жарнама жүргіземіз. Жастық тыс, көрпе-көрпешеге сұраныс жаман емес. Бағасы сапасына, жұмысына сай, жалпы қолжетімді. Келешекте қасыма көмекші аламын деген жоспарым бар» дейді ол. Қайтарымсыз гранттың игілігін көріп жатқан тағы бір жерлесіміз – Ләззат Асқарқызы. «Грантты асхана кәсібіне алғанбыз. Бұған дейін де кондитерлік өнімдер шығарып, үйден қызмет көрсеткенбіз. Тойдың дастарқанына тапсырыс қабылдадық. Ас мәзірінің түр-түрін білетіндіктен, қолымыздан келетіннің бәрін дамытуға тырыстық. Үй жағдайы кәсіп етуге қолайсыз. Біз жинаған тәжірибеміз арқылы халыққа толыққанды қызмет етуге өзімізді дайын санадық. Қайынсіңілім Динара Нармаханова осы асхананың иесі. Екеуміз кәсіпкерлік палатасынан оқып, жобамызды сәтті қорғадық. Жақында асхана кәсібін бастадық. Грантпен ұтқан ақшаға керекті жабдықтар сатып алынды. Қазір пандемия кезі. Сақтық шарасы сақтала отырып, келген тұтынушыларға қызмет көрсетудеміз» дейді кәсіпкер сенімді сөйлеп. Міне, кәсіп еткеннің жүзі жарқын, сөзі нық. Бір байқағанымыз, кәсіп бастағанның көбі бұрыннан айналысып келе жатқан ісіне ден қойғандар. Мұндайда екіұшты ойда жүріп, өз орныңды таппағаннан гөрі тәуекел еткенде абзалырақ па дейміз?!
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
19 қаңтар 2021 ж. 810 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031