Азат елдің озат оқушылары
Дүйсенбіде қармақшылық жас жеткіншектердің біліми жетістігі дәріптелді. Өкен іс-шарада Елбасының «Ел Үміті» бастамасы аясында аудан әкімінің «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты «Мың бала» олимпиадасының оқушыларын мараппаттады. Оған аудан әкімінің орынбасары Жарқын Омаров пен білімділер додасында топ жарған оқушылар қатысты.
– Балалар, ертең Тәуелсіздің мерекесі. Бұл күн бізге оңай жолмен келген жоқ. Тарихымызды түгендесек ата-баба салған сара жолмен бейбіт елдің аманатын арқалап келеміз. Сол аманатты ұрпағымыз, ізбасарымыз сіздер қиянат жасамауларыңыз керек. Отан үшін отқа түскен, азаттық жолында қанын да, жанын да берген қазекем елін білекпен қорғады. Сіздерге жарқын болашақ ашты. Ал қазір бәрі басқаша. Уақыт бөлек. Қазіргі ұрпақ Отанын біліммен қорғайды. Сол кезде бабалар айтып кеткен тәмсіліндей «Білектінің заманы өтіп, білімдінің заманы келді». Бұл – бүгінгінің негізгі бағдары болып отыр. Енді міне сондай білімділер бәйгесінде топ жарып, үлкен жетістікке жетіп отырғандарың ауданымыздың да абыройын асқақтатып отыр, – деген аудан әкімінің орынбасары жиынға қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Оқушылармен өткен кездесуге түрткі болған 24 ақпаннан бастап ел бойынша ауыл мектебі оқушыларының арасында өткізілген «Myń bala» Ұлттық олимпиадасы. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының әлеуметтік бастамасымен жүзеге асқан пәндерді оқып үйренуге және одан әрі дамытуға қажетті дағдылар мен бейімділік жөніндегі жарыста жеңімпаздарды ІІ кезең бойынша анықтады. Олимпиадаға аудан мектептерінен де оқушылар қатысып, жарыста шырағы жанды. Айта кетерлігі, қатысушылар толықтай бас ұйымдастырушысы – «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорынан арнайы сыйлық алды. Сондай-ақ бірінші кезеңде І және ІІ тоқсан қорытындысында үлгерім нәтижесі негізінде республика бойынша мың оқушы іріктелген болатын. Сол іріктелген оқушының арасында қармақшылық 9 оқушы топ жарып, Назарбаев Зияткерлік мектебіне жолдама алды. Әсілінде осы мақсатта аудан әкімінің орынбасары Нұрбақыт Сағилатова, Алуа Мажит, Арайлым Сәйпенова, Сырым Мансұр, Нұрдәулет Ізмахан, Ахмет Орынбеков, Дильназ Бақытжан, Жібек Бақытбекқызы, Арай Оңғарқызымен арнайы жүздесіп, диплом және ноутбук табыстады.
Жиын барысында №99 орта мектептің 7 сынып оқушысы Ахмет Орынбеков алғысын айтып, жылы лебізін білдірсе, №29 орта мектептің 7 сынып оқушысы Арай Оңғарқызы сөз сөйледі.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел Үміті» бастамасымен өткен «Мың бала» олимпиадасында жоғары ұпай жинап, Қызылорда қаласындағы «Дарын» лицейіне оқуға жолдама алдым. Алайда өзімнің бойымдағы жыраулық өнерді өз ауылымда, өз мектебімде әрі қарай дамытқым келеді. Сол себепті мен өз мектебімде оқуымды жалғастыруға шешім қабылдадым, – деген жас дарын Тұрмағамбеттің «Тәлім» термесінен шашу шашты.
Айнұр ӘЛИ