Орнасын мәңгі ғасырлар бойы, аңсаған сәби тыныштық...
«Қазақтың әр тасы – қағбам...»
Әбіш Кекілбаев
Әбіш Кекілбаев
Тәуелсіздік! Талай ұлттың арманы болған қастерлі де қасиетті ұғым. Сан ғасыр теперіш тағдырынан өткен қазақ халқының ең бір бағалы, ең бір құнды қазынасы да осы – Тәуелсіздігі. Сол себептен де қазақстандықтар үшін айтулы мемлекеттік мерекенің орны айрықша. Биыл ел тәуелсіздігіне – 29 жыл. Осы уақыт аралығында Қазақ елінің шекарасы шегенделіп, әлемде алғаш болып ядролық қарудан бас тартқан мемлекет ретінде тарихқа енді. Көміліп, көместене бастаған төл тарихымыз қайта жаңғырып, ғасыр қойнауынан атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-санамыз, әдет-ғұрпымыз ортамызға оралды.
Өткенше сәл шегініс. 1980-1990 жылдары іргесі сөгілместей көрінетін Кеңестер одағының жағдайы қиындай түсті. Аузын айға білеген үлкен державаның саяси-экономикалық ахуалы сыр беріп, құлдырай басты. Оның ақыры 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына әкеп тіреді. Өрімдей жастардың Одақтық билікке қарсылық көрсетіп, жаппай бой көтеруі – әрине, сол кезеңдегі үкімет басында отырғандарға жақпады. Бірақ қазақ мемлекетіне өз ұлтының өкілі басшы болуы керек деген қағиданы мұрат еткен жалынды жастардың бетін қайтару да мүмкін емес еді. Желтоқсан ызғарында Орталық алаңға шыққан халықтың санында шек жоқ болатын. Күштік құрам барын салып, алаңға жиылған елдің бетін қайтарғысы келгенімен онысынан түк өнбеген. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай, тұрмыстың төмендеуі, енді міне, мемлекет басына басқа ұлт өкілінің келуі – халықтың шын мәнісіндегі ашу-ызасы мен наразылығын тудырған еді.
Жоғарғы басшылық бұл Қозғалысты күш қолдану арқылы басқысы келді. Бірақ ол әркеті нәтижесіз болып шықты. Бұл – мемлекеттегі түбегейлі саяси өзгерістерге бастаған жол болды. 1990 жылы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР Президентінің мәртебесін бекітті. Онда көпшілік дауыспен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеңіске жетіп, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Ал 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялады. Міне, содан беріде 30 жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан Республикасы жер бетіндегі зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде өрісін кеңге жайып келеді.
Тәуелсіздік жылдары. Даму мен жетілу. Өсу мен өркендеу. Нарық қатынасы. Экономикалық жаңғырулар. Жаңа Елорда. Абаттанған қалалар. Айшықты архитектуралар. Тек қалада емес, ауылда гүлденіп көркею жолында аянып қалмады. Осындай тарих үшін сындарлы кезеңде егемен еліміз еңсесін тіктеп, туын көкте желбіретті. Татулық пен бірліктің арқасында көптеген игі істерге мұрындық бола білді. Жаңарды, жасарды, жасанды. Оның қатарында Қармақшы ауданын да ерекше атап өтуіміз заңды болмақ. 90 жылдан аса тарихы бар өлкенің Тәуелсіздік жылдарында қосқан үлесі аз емес. От ауыз, орақ тілді шайыр-жыраулардың жырына арқау болған жер кіндігі – «Байқоңыр» ғарыш айлағы құтты мекеннің табанында орналасқан. Дүниені желмаясымен желіп жүріп, шұрайлы жерұйық іздеген Қорқыт абыздың да мәңгілік тыныс тапқан топырағы осы – қоныс. Сонау бір кезде тоқырауға ұшырап, тұралаған экономика нарыққа көшкелі бері кәсіпкерлікке бет бұрды. Өңірде де орта және шағын бизнес кәсібі жылдан-жылға дамып, жұмыс орны көбеюде. Жақсылықты не нәрсенің де бастау бұлағынан іздейтін қазақы қалпымызда бар. Сол айтқандай, «Ғасыр кәсіпкері» атағын алған Шынар Махмутова, Елбасы қолынан «Парыз-2009» сыйлығын алған Үрзада Бекмұрзаева аналарымыз бен дәріхана кәсібін біркісідей дөңгелеткен Серғали Ешниязов, Күлпаш Асарбаева, жеке кәсіпкер Жомарт Жаппасбаев, Бақтияр Ешмұратовтар бүгінде қайсыбір шаруаның ұйытқысы әрі бастамашысы. Ізінен кәсіпке бейімі бар жастарды еріте білген азаматтар. Аты аңызға айналған тұлға, ақ күріштің анасы, Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекова мен Әділбек Хайруллаевтың маңдай тері тамған өлкеде жанданған тірлік жетерлік. Соның бірқатарына тоқталып өтсек.
Ақтөбе ауылындағы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін фабриканың құрылысы аяқталуға жақын. Жосалы кентіндегі газдандыру құрылысы да жаңа жылда қолданысқа беріледі деп күтілуде. Кәсіпкерлік саласы бойынша пластик шығару, тігін, жем, макарон, нан, тұшпара өндіру, жиһаз, ағаш өңдеу және токарьлық қызмет, шеге, темір тор шығару секілді 42 өндірістік шағын жоба іске қосылса, қосымша жобаларға жер телімдері бөлінген. Ауыл шаруашылығы бойынша жыл жемісті болды деуге толық негіз бар. Күзгі жиын-терімде аудан диқандары қамбаны қызылға толтырып, сенімді ақтады. "Алтын дән – 2020" облыстық іс-шарасында зор құрметке ие болып, "Озат аудан" номинациясын қанжығаға байлады. Мемлекет басшысы осы жылды "Еріктілер жылы" деп жариялады. Бұл бағытта да өңірде ауқымжы жұмыстар істеліп, "Бізбіргеміз" акциясы жүзеге асты. Сондай-ақ халықаралық Еріктілер байқауында ауданымыздың "Демеу" еріктілер тобы жеңімпақ танылып, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қолынан алғыс хатқа ие болды.
Жалпы биыл пендемия көп шаруаға кедергі келтіргені аян. Десе де, қыспаққа алған сынаққа сүрінбей, рухани тұрғыда тұрғындарға күш-қуат берген жыл болды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық, әл-Фарабидің 1150 жылдық және Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойлары онлайн режимде аталып өтілуде. Челлендж, онлайн құттықтаулау толассыз жүргізіліп келеді. Өнер, мәдениет, денсаулық, білім салалары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері жаман аурудың алдын алуда насихаттық іс-шараларын әлеуметтік желі арқылы барынша насихаттап таратты. "Бірлік – бәрін жеңбек" дегендей, атқарылған істе аудан халқының ауызбірлігі мен ынтымағы жатыр. Тоғыз жолдың торабында жатқан ауданымыздың келешегі кемелденіп, болашағы түлей түспек. Сөз соңын жергілікті ақын қызымыз Нұршат Наурызбаеваның мынабір өлең жолдарымен қорытындыласақ;
Тәуелсіз елміз, Ақорда – бесік,
Қойнауы толған ырыс-құт.
Бабамнан қалған мәрттік пен ерлік,
Ақадал жүрек туыстық.
Тарихқа мынау куә боп жатқан
Кермиық кербез даламда,
Орнасын мәңгі ғасырлар бойы
Аңсаған сәби тыныштық...
Сәрсенкүл Райымбаева